« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Дүйім дүниені дүрліктіріп, дүрбелеңге салып, үрей туғызып тұрған соңғы кездердегі оқиға – «Коронавирус». Коронавирус сөзі «табиғат апаты», «қаржы дағдарысы», «терроризм», «зілзала», «цунами» және т.б. қорқынышты сөздерден де қатерлі болып әлемдік деңгейдегі ең өзекті мәселеге айналып барады. «Бақсақ, бақа екен» дегендей, мәселенің байыбына барып, зерттей бастағандағы білгеніміз мынау. Ауру қоздырғышы – вирус. Табиғатта ауру тудыратын микроорганизмдер өте көп: бактериялар, коккалар, бациллалар, рикетсиялар, хламидиялар, саңырауқұлақтар, микоплазмалар, вирустар деп тізбектеліп кете береді. Бұлардың ішіндегі ең күрделілерінің біріне вирустар жатады. Вирустар басқа микробтарға қарағанда ең ұсақтары, егер басқа микробтарды микроскоппен ғана көретін болсақ, ал вирустардың ұсақтығы соншалықты оларды тек электронды микроскоппен ғана көруге болады.
Вирустардың басқа микроорганизмдерден ерекшілігі сол, олар бактериялар өтпейтін арнаулы сүзгілерден өтіп кетеді, зертханаларда қолдан жасалған жасанды қоректік орталарда өсіп-дамымайды, тек тірі торшаларда ғана тіршілік етеді, тірі немесе структурасы алдын ала бұзылып, ұнтақталған ұлпаларда, тауық жұмыртқасының эмбрионында ғана өсіп-өне алды. Вирустарды 1842 жылы Д.Ивановский ашқан болатын. Алғашқыда оларды вирустар, яғни «у» деп атады. Қазір олардың түрі 200-ден асып кетті.
Вирустарды зерттейтін ғылымды вирусология деп атайды. Құрамындағы қышқыл түріне байланысты Рибонуклеинді (РНҚ) және дезаксириболнуклеинді (ДНҚ) деп екі топқа бөледі. Вирустарда өз кезегінде ортапоксвирус, герпесвирустар, аденовирустар, парвовирустар, реовирустар, парамиксовирустар, ортомиксовирустар, коронавирустар және т.б. болып бөлініп кете береді.
Вирустар микроорганизмдердің басқа түрлеріне қарағанда өте күрделілігімен, зардаптылығымен және тез жұққыштығымен ерекшеленеді. Адамзат тарихындағы жүздеген, мыңдаған емес, тіпті миллиондаған адамды өлімге ұшыратқан эпидемиялық, пандемиялық жағдайлар осы вирустардың әсерінен болған. Егер ауру бір елдің едәуір бөлігін қамтыса, оны «эпидемия» дейді де, егер бұл құбылыс бірнеше елді қамтитын континенттік деңгейге дейін жетсе – «пандемия» деп аталады. Жануарлар арасындағы мұндай жағдайды сәйкесінше «эпизоотия» немесе «панзоотия» дейді.
Әріге бармай-ақ, соңғы жүз жылдан бергі ғылыми деректерде вирустар миллиондаған адамдардың көзін жойғандығын көрсетеді. Өткен ғасырдың 18-19 жылдарында болған «Испанка» пандемиясының негізгі себебі тұмау ауруының (H1N1) штаммы болып, соның салдарынан ауруға шалдыққан 550 миллион адамның 50 миллионы өлімге ұшырады. Кейбір деректерде 100 миллион деп айтылады. Ауру Еуропа, Азия асып, тіпті Америкаға дейін жетті. 1957-1958 жылдардағы Азия тұмауынан (H2N5) – 70 мың, 1968-1969 жылдардағы Гонконг тұмауынан (H3N2) – 37 мың, 2003-2009 жылдардағы құс тұмауынан (H5N1) – 360 адам, 2009-2010 жылдардағы шошқа тұмауынан (H1 N1) 2600 адам өмірімен қош айтысты.
Дәл қазіргі дүниені дүрліктіріп жүрген коронавирустар өте аз зерттелген вирустарға жатады. Ашылғанына да көп бола қойған жоқ, 1968 жылы ғана жеке топ ретінде бөлінді. Коронавирус дейтін себебі ауру қоздырғышын электронды микроскоппен қарағанда вирустың антигендік құрылымы (нуклеокапсид) ортасы дөңгелектеніп келіп шет жақтарынан жан-жаққа қарай бұтақ тәрізді өсінділер тарайтындықтан, оны коронаға (қазақша тәжге) ұқсатып коронавирустар деп атап кеткен.
Коронавируспен адамдар, ірі қара, түйе, шошқа, ит, мысық және т.б. жануарлар ауырады. Негізінен тыныс алу, ас қорыту, жүйке жүйесін көп зақымдайды. Ауру көп жағдайда жеңіл өткенімен, олардың кейбір штаммдарынан күрделі асқынулар пайда болады. Мутацияға өте бейім келеді, бір түрден екінші бір түрге жылдам өзгеріп, алғашқыда жануарларда, соңынан адамдарда, белгілі бір уақыттан кейін қайтадан жануарларда ауру тудырады.
«2019-nCoV Ухань коронавирусы» деп аталатын жаңа коронавирус алғаш рет 2019 жылы бөлінді. Бірінші рет онымен балық базарына барған адамдар ауырды, адамдар ауруды жануарлардан жұқтырды деген болжам бар. Бірақ қандай жануар екені айтылмады. Ақпарат құралдарының деректері бойынша айтылған базарда теңіз сүтқоректілерінен басқа, жарқанат, тауық, қоян, жылан және т.б. жануарлардың басқа да түрлері сатылған. Осы жануарлардың бірі ауру ошағы болуы мүмкін, вирус зооноз ретінде жануарлар мен адамдар арасындағы байланыстан немесе көптеген микробтар тәрізді ауалы-тамшылы жолдар арқылы тараған. 2020 жылы дәрігерлер вирустың адамнан адамға жұғатынын дәлелдеді.
Негізгі жұғу жолы ауалы-тамшылы, яғни адам жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде жұғады. Сирек жағдайларда болса да жұғудың контактілі түрі де кездеседі. Тыныс алу, ас қорыту және жүйке жүйесінің ішіндегі ең көп зақымдалатыны – тыныс алу жүйесі.
Аурудың белгілері өкпе қабынуының және жедел респираторлық синдромның ауыр түрінің белгілеріне ұқсас келеді. Ауырған адамда құрғақ жөтел пайда болады мұрыннан су ағады, тамағы жыбырлайды, температура 380С және одан да жоғары болады. Тыныс алу қиындап, ауа жетпей қалады, адамның көкірек тұсы қатты ауырады, басы ауырады, еттерде ауырсыну белгілері пайда болады (миалгия), әлсіздік белең алып, өкпе ұлпаларының прогрессивті бұзылуы салдарынан адам естен танып, өліп кетуі де мүмкін.
Коронавирустар тұқымдасы 40 түрлі вирустан тұрады. Өткен ғасырда тіркелген коронавирустар жедел респираторлық-вирустық инфекциялардың қоздырғышы ғана болып, аса қауіп тудыра қоймаған. 2003 жылы коронавирустың ТОРС-СоV деген түрі әлемнің 33 елінде пневмонияның (өкпе қабынуының), кәдімгі пневмонияға тән емес түрін таратып, одан 623 адам көз жұмды. Ғалымдар Уханьдағы 2019-nCoV коронавирусы мен өкпе қабынуының өте ауыр түрін қоздыратын ТОРС-СоV коронавирусының бір-біріне 70 процент ұқсас екендігін анықтап отыр. Коронавирустар тарататын пневмония бактериялар тарататын пневмонияға қарағанда өте күрделі әрі жылдам өтеді. Мұндай жағдай ауруға жылдам диагноз қойып, емдік шаралар жүргізуді қиындатады.
Коронавирустың МЕРС- СоV деген түрі 2012 жылы Сауд Арабиясында індеттің өте ауыр респираторлы синдромын тудырып, одан 416 адам өлімге душар болды. Бұл көрсеткіш ауруға шалдыққан адамдардың 35 проценті болатын. Адамдар ауруды түйеден жұқтырған. Қазіргі жаңа коронавирусты ғалымдар 2002 жылы Қытайда өкпе қабынуының өте ауыр, кәдімгі өкпе қабынуына ұқсамайтын түрінен эпидемия тудырған SARS коронавирусына ұқсатып отыр. 2020 жылдың 9 ақпанындағы мәлімет бойынша Қытайда 40171 адам коронавирусқа шалдығып, одан өлгендердің саны 908 адамға жеткен. Сонымен бірге аталған індет Қытайдан басқа Гонконг, Макао, Тайвань, Австралия, Вьетнам, Канада, Малайзия, Непал, Сингапур, АҚШ, Тайланд, Оңтүстік Корея, Жапония, Шри-Ланка, Алмания, Франция және басқа да елдерге тарап үлгерді.
Аурудың біліне қоймайтын инкубация кезеңі өте қысқа 6-14 күн аралығында, ал ауру адамнан адамға жұғатын болса, тіптен қысқа болып, 5-6 күннен әрі аспайды. Мұндай қысқа мерзімде аурудың белгілері толық пайда болып үлгермейтіндіктен, аталған індетті балау (диагноз қою) өте көп қиындықтар тудырады. Балау уақытылы қойылмағандықтан, емдеу шаралары кеш басталып, көп жағдайда нәтижесіз аяқталады. Коронавирусты індеттің клиникалық белгілері жедел респираторлық-вирусты аурулардың белгілеріне өте ұқсас келетіндіктен дұрыс балау қоюға мүмкіндік бере бермейді.
Иммунодиагностикалық зерттеу әдістері арқылы нәтижелі балауды ауруды жұқтырғаннан кейін 21 күннен соң ғана қоюға болады. Иммуноферментті талдау (ИФА) арқылы балауды ауру пайда болғаннан кейінгі 10 күннің ішінде қоюға мүмкіншілік туады. Ең нәтижелі әрі жылдам қойылатын балау әдісіне молекулярлық-генетикалық құбылысқа негізделген полимеразды тізбекті реакцияны (ПЦР) жатқызамыз. Оған сынама ретінде қанды, сілекейді және басқа да физиологиялық сұйықтықтарды қолданады. Бұл әдіс арқылы балау қорытындысын 4-5 сағат, әрі кеткенде 1 күннің ішінде алады. Аталған әдіс ДНК фрагменттерінің ең аз мөлшерінің өзін көбейтуге мүмкіншілік туғызады. Бірақ, бұл әдіс арқылы балау қою қымбатқа түседі.
Емдеу әдістеріне келетін болсақ, жаңа коронавирусқа тікелей қарсы әсер ететін препарат әлі алынған жоқ. Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау ұйымының (ВОЗ) протоколы бойынша науқас толық оқшауланады да, аурудың ауыр-жеңілдігіне, індетті құбылыстың өту ерекшелігіне байланысты жалпы вирусқа қарсы емдік шаралары жүргізіледі. Кейбір мәліметтерге қарағанда вирусқа қарсы әсер ететін «Рибавирин», «Интерферон», «Интерферонның» индукторларын береді. Аурудың симптомдарын жою үшін симптоматикалық емдеу әдістері қолданылады.
Індеттен қорғанудың қарапайым әдістеріне мыналар жатады: қолды сабындап жуу, соңынан спиртпен сүрту, жөтелгенде немесе түшкіргенде ауыз бен мұрынды орамалмен жауып тұру, тұмау және суық тию белгісі бар адамдармен көп араласа бермеу жолдарын қарастыру, жұмыртқа және ет өнімдерін қайнатқаннан кейін қолдану, үй жануарлары мен жабайы аңдарға көп жақындамау.
Қазіргі таңда коронавирус індетінің алдын алу үшін қолданылатын вакцина жоқ. Қытай ғалымдары вакцина алу жолдарын қарастырып жатқан көрінеді. Олар індет қоздырғышын бөліп алғанмен, вакцина жасауға қажетті штаммды әлі толық анықтай алмай отыр. Бұл өте ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Алған күннің өзінде жаңа препаратты клиникалық сынақтан өткізуге кем дегенде 2-3 жыл кетуі мүмкін.
Ендігі бір деректерде Қытай ғалымдары вакцина әзірлеп қойғанын және оны сынақтан өткізуді 16 аптадан кейін бастайтыны айтылады. Сан саққа бір жүгіртіп, шынайы ақпарат беруден жалтара беретін сияқты. Дегенмен, Қытай билігі мәселенің өзекті екенін ескере отырып, коронавируспен күресуге Хубэй провинциясының өзіне 144 млн доллар бөлген. Кейін белгілі болғандай, аталған індеттің жаңа штаммының таралып кетуін болдырмау мақсатында тағы да қосымша 60,33 млрд юань немесе 8,74 млрд АҚШ долларын бөлген. Сонымен қатар эпидемияның эпицентрі Ухань қаласында мың орындық емхана құрылысын бастап, оны небәрі 10 күн ішінде бітіруді қолға алып отыр.
Бірқатар ақпарат таратушылар аталған жағдайдың саяси, экономикалық, әлеуметтік, коммерциялық, тіптен биотеррористік астары барын тілге тиек етеді. Кейбіреулері бұл эпидемияны Ухань вирусологиялық ғылыми-зерттеу институты «биологиялық қару» ретінде әдейі қолдан жасаған десе, енді біреулері институт қызметкерлерінің тәжірибесіздігінен абайсызда сыртқа тарап кеткен дейді. Институт зертханасының биологиялық қауіпсіздігі өте жоғары – 4 деңгейлі, (мұндай деңгейдегі зертханалар әлемде өте аз) Қытайда осы біреу ғана. Ашылғанына небәрі екі-ақ жыл болған бұл институт «Эбола вирусы» сияқты зардабы өте жоғары вирустармен тәжірибе жүргізуге жылан, жарқанат және т.б. жануарлар пайдаланған.
Ақпарат таратушылардың ендігі бір тобы Қытайдағы ірі компаниялар акциясының қомақты бөлігі еуропалықтар мен америкалықтардың қолында екендігін, елдегі коронавирус эпидемиясына байланысты олар өз акциясын өте төменгі бағаға сатып кетіп жатқандығын, соның салдарынан Қытай экономикасына санаулы бірнеше күннің ішінде кем дегенде 20 млрд АҚШ доллары мөлшерінде қомақты қаражат құйылғанын айтады.
Қытаймен көршілес, шекаралас болғандықтан біздің елімізде де алдын алу шараларын жүргізуге тура келеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиісті министрліктер мен ведомстволарға коронавирустың Қазақстанға өтіп кетпеуі жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Үкімет басшысы А.Мамин тұрғындарды аталған індеттен қорғау жөнінде кеңес өткізді. Онда еліміздің Қытаймен шекаралас шекара бекеттерінде, сонымен бірге автомобиль, теміржол және әуе жолдары объектілерінде санитарлық-эпидемиологиялық және миграциялық бақылауды күшейту, Қытайдан келген жолаушыларға медициналық бақылау орнату, эпидемия бола қалған жағдайда медициналық мекемелердің дайындығын қамтамасыз ету, елімізден Қытай Халық Республикасына іссапарға шығушыларға шектеу қою, екі ел арасындағы 72 сағаттық визасыз рәсімді уақытша тоқтату, шекара бекеттеріндегі жұмыстарды уақытша шектеу, қажет бола қалған жағдайда Қытайдағы отандастарымызды эвакуациялау жұмыстарын қамтамасыз ету, екі ел арасында ведомствоаралық комиссия құрып онда коронавирустың Қазақстанға таралып кетпеуіне арналған жоспар әзірлеу және осы жағдайға байланысты басқа да маңызды мәселелер қаралды. Айтылған шараларды орындауға 1,5 млрд теңге қаржы қарастырылды.
Жаңа вирустың адамнан, әртүрлі жануарлардан, құстардан, жыландардан және олардың өнімдерінен адамға жұғатынын ескеріп, коронавирустың елімізге өтіп, таралып кетпеуіне бағытталған барлық шаралар медицина және ветеринария мамандарының кешенді түрдегі бірлестігінің негізінде атқарылуы тиіс. Жоғарыда айтылғандардың көпшілігі коронавирустың елімізге еніп кетпеуіне, ене қойған жағдайда жаппай таралып кетпеуіне ғана бағытталған шаралар.
Негізінде жұғымталдылығы өте жоғары коронавирус тәрізді індетті аурулармен күресудегі ең негізгі шара – аурудың алдын алу үшін организмді вакциналық препараттардың көмегімен иммундау. Қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекер айтпаған ғой.
Аурудың ерекшелігі, қалай дамиды, қалай таралады, диагноз қою, емдеу, аурудың алдын алу үшін вакцина әзірлеу жолдарын қарастыру тыңғылықты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Мұндай жұмыстар шетелдерде басталып кеткенімен, нәтижелілігі жоғары вакцина әлі алына қойған жоқ.
Зардабы өте жоғары, әлі толық зерттеле қоймаған, біздің елімізде бұрын-соңды тіркелмеген коронавирус тәрізді экзотикалық аурулар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын биологиялық қауіпсіздік деңгейі жоғары болатын зертханалық орталықтар мен институттар ғана жүргізе алады. Мұндай мүмкіншілігі бар кәсіпорын Қазақстанда екеу-ақ. Бірі – Отардағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары бойынша ғылыми-зерттеу институты және екіншісі – Алматыдағы орталық референттік зертхана.
Орталық референттік зертхана осындай мүмкіншіліктерге ие. Қазақстан Үкіметі мен Америка Құрама Штаттары арасындағы үкіметаралық келісіммен салынып, пайдалануға берілген аталған зертханада ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарайтын М.Айқымбаев атындағы «Аса қауіпті, індетті аурулар бойынша ұлттық орталығы» ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарайтын «Ұлттық биотехнология орталығының» Алматы филиалы және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығының» Алматы филиалы орналасқан.
Орталық референттік зертхана биологиялық қауіпсіздігі II-III деңгейге сай келетін заманауи қондырғыларымен жабдықталғандықтан, патогенділігі II-IV топқа жататын аса қауіпті індетті аурулардың қоздырғыштарымен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізе алады. Зертхана ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 08.09.2017 жылғы №684 санитарлық ережелері мен нормалары бойынша бұйрығының және Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық деңгейдегі талаптарына сай келеді. Сонымен қатар, Орталық Референттік зертхана ИСО 9001 стандарты бойынша халықаралық деңгейдегі акредитациядан өткен және иммуноферметті талдау, полимеразды тізбекті реакция, атомды-абсорбционды спектрометр және басқа да заманауи қондырғылармен қамтамасыз етілген. Келтірілгендердің барлығы аталған орталықты тек Қазақстанда ғана емес, Орта Азия мемлекеттеріне оқу-әдістемелік, ақпараттық-талдау, экспресс-диагностикалық, референттік ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша консультативтік мекеме ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ал күрделі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге орталық референттік зертхананың мүмкіншілігі мол. Бір ғимаратта 3 министрліктің ғалымдары жұмыс жасайтындықтан, ғылыми-зерттеу проблемаларын бірлесе, кешенді түрде шешуге толық негіз бар. Әкелінген сынамалар жан-жаққа тасымалданбай, бір ғимарат ішінде жүргізілетіндіктен, олардың сыртқы ортаға таралып кетуіне жол бермейді.
Көптеген жұқпалы аурулар адам мен жануарларға ортақ, мысалы – коронавирус. Мұндай жағдайда оның медицинаға қатысты жағын Денсаулық сақтау министрлігіне қарайтын кәсіпорын мамандары, ветеринарияға қатысты жағын Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын кәсіпорын мамандары, ал молекулярлы-генетикалық және басқа да күрделілігі жоғары ғылыми жақтарын Білім және ғылым министрлігіне қарайтын мамандар жүргізуге болады. Сонымен бірге көп жылдарға созылатын, аса өзекті ғылыми жобаларды 3 министрлік ғалымдары интеграцияланып, бірлесе шешуге жол ашады.
Бір айта кететін жайт – «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығы» Алматы филиалының Жарғыда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылдануға болады деген пункттің жоқтығы. Бұл мәселені шешу аса қиын емес, әрі кеткенде 10-15 күннің ішінде орындалатын шаруа. Сонымен бірге орталықты ғылыми дәрежесі мен атағы бар кадрлармен толықтыру қажет. Елімізде аудандық, облыстық, республикалық деңгейлерін қоса есептегенде 200-ге жуық ветеринариялық зертхана бар. Аталған орталық осы зертханаларға өзінің референттік (қазылық) қызметін өз дәрежесіне сәйкес атқаруы үшін ғылым мен білімнің соңғы жетістіктерін зерттеп, оны өз қызметіне пайдалана алатын ғылыми-практикалық әлеуеті жоғары орталық болуы тиіс. Мұндай орталықтағы ғылыми жұмыс тек коронавирус ғана емес, басқа да экзотикалық аурулардың таралуын алдын ала болжау (мониторинг), жедел диагноз қою, иммундау үшін қолданылатын вакциналық препараттарды жетілдіру және емдеу үшін қолданылатын дәрілік препараттарды жетілдіру бағытында болуы керек.
Коронавируспен күресуде оқу-ағарту, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу, плакаттар, брошюрлар шығару, радио-теледидар, газет-журналдар арқылы аталған індет туралы танымдық-тағылымдық мақалалар жариялау, медицина және ветеринария саласы мамандары бірлестікте аурудың таралып кету қауіптілігі жоғары шекаралас аудандарда дәрістер оқып, презентациялар көрсетіп, онда індет туралы толыққанды мағлұматтар берілуі тиіс.
Қорыта айтқанда, коронавирус және басқа да экзотикалық және эмерджентті аурулармен күресу кешенді, жедел және жан-жақты, ең бастысы, ғылыми-зерттеу жұмыстарына негізделген болса, ауру тез ауыздықталып, еліміздің биологиялық және осыған негізделген басқа да қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілетіндігі сөзсіз.
Батырбек АЙТЖАНОВ,
ҚазҰАУ профессоры, ветеринария ғылымдарының докторы, ҚР ҰЖҒА академигі.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |