Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі қызметіне тағайындалды

ҚР Президентінің Жарлығымен Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі қызметіне тағайындалды. Ол Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары қызметінен босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтемемен.

Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев 1953 жылы 9 ақпанда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Бесарық ауылында дүниеге келді.

1977 жылы Алматы Халық шаруашылығы институтын «Экономика және материалдық-техникалық жабдықтау» мамандығы бойынша бітірді. Экономика ғылымдарының докторы, профессор.

Еңбек жолын Қызылорда облысының Задарьинский совхозының жұмысшысынан бастады (1969-1971 жылдары); әскери қызметін өткерді (1971-1973 жылдары). Институтты бітірісімен Республикалық мемлекеттік еңбек жинақтау кассалары (гострудсберкассы) басқармасында экономист (1977); ҚазКСР Қаржыминінде экономист, аға экономист, жетекші, бас экономист, бөлім бастығының орынбасары (1977-1988 жылдары); жоспарлау-қаржы басқармасының бастығы, Бас экономика басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Білім министрінің орынбасары (1988-1993 жылдары); Президент Аппараты бөлімі мен Қазақстан Республикасы Министрлері кабинеті меңгерушісінің орынбасары (1993); Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің Істер басқармасының Қаржы, еңбек және әлеуметтік қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары және меңгерушісі (1994-1995 жылдары) болды.

Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті Аппаратының басшысы (1995); Қызылорда облысының әкімі (1995-1999 жылдары); Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі (1999-2002 жылдары) қызметтерін атқарды;

Қазақстан Республикасы Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі - Кедендік бақылау комитетінің төрағасы (2002-2006); Премьер-Министр Кеңсесі басшысының орынбасары - Қазақстан Республикасы Парламентіндегі Үкіметтің Өкілі (2006-2007); Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі (2007 жылы ақпан - 27 тамыз). 2007 жылдың тамызынан Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі. 2009-2014 жылдары - Шығыс Қазақстан облысының әкімі. 2014-2015 жылдары – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары.2015-2019 жылдары – Ақтөбе облысының әкімі. 2019 жылдың ақпан-тамыз айларында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болды.

2019 жылдың тамыз айынан бастап ҚР Премьер-Министрдің орынбасары қызметін атқарды.

«Құрмет» (1999), «Парасат» (2007) ордендерімен, «Астана» (1998), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» (2005) медальдарымен марапатталған.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 ақпан 2020 г. 1 318 0