Геннадий Шиповских: Бірлігімізге сызат түсірмейік

Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских Қордайда болған оқиғаға байланысты елді бірлікке шақырды.
– Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жайт өзекті өртейді. Сол келеңсіздікте қаза болған жандардың отбасына қайғырып көңіл айтамын. Мен барлық қазақстандықты сабырға шақырғым келеді. Мемлекет басшысының мәлімдеме жасағанын білесіздер. Бұл оқиғаға қатысты кінәлі тұлғалар анықталып, заңға байланысты өз жазаларын алады. Арнайы комиссия құрылып, бұл жайсыздықты толық бақылауда ұстап, өз шешімдерін шығармақ. Еліміздің басты байлығы – ұлттар бірлігі екенін ұмытпайық, Елбасының бейбітшілік пен татулықты ту еткен саясатының арқасында осындай бейбіт күнді кешіп келеміз емес пе?! Ел бірлігінің сақталуына, дәріптелуіне Қазақстан халқы Ассамблеясының да қосып жатқан үлесі бар. Осы секілді оқиғаларды тудыратын арандатушыларға жол бермеуіміз керек, – дейді Геннадий Шиповских.
Мәжілісмен бірлігіміз бен бейбітшілігімізді бұзушылардың пиғылына кесе көлденең тұру керектігін айтып өтті.
– Тәуелсіз Қазақстан шаңырағының астында қазақ, өзбек, орыс – бәрі де баянды ғұмыр кешіп келеді. Ол біздің бірлігіміздің, ынтымағымыздың арқасы! Сол себепті арандатуға ермей, барынша сабырлы бола білейік! Бірлігімізге сызат салмайық, – деді ол.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 ақпан 2020 г. 885 0