Аймақ басшысы қала әкіміне облыс орталығының өзекті мәселелерін шешуді тапсырды

Облыс әкімі Қ.Ысқақов  қала әкімінің халыққа есеп беру  кездесуіне қатысты. Аймақ басшысы облыс орталығында жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң баға берді. Мәселен, соңғы жылдары Қызылорда қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші басқа өңірлермен салыстырғанда көш алда.

Қуанышбек Досмайылұлы облыс орталығында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, қолға алынуы тиіс жұмыстарды да айтты. Соңғы жылдары жаңадан шағын аудандар бой көтеріп, 10 мыңға жуық қызылордалық жаңа пәтерге ие болды. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 156 млрд 441 млн теңгені құрап, 110,7 пайызға артқан. Былтырғы жылы атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 53 млрд. 330 млн. теңгеге жеткен. Сол жағалаудан «Болашақ» университетінің  кампусы, 320 орындық балабақша, 700 орындық «Оrda school» жеке бастауыш мектебі ашылған.

 "2019 жылы Қызылорда қаласы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 712,2 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 12,7% төмендеген (87,3%). Өңдеу өнеркәсібі саласына тек облыс бойынша ғана емес, жалпы мемлекеттік деңгейде үлкен көңіл бөлініп, көптеген мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуде. Сондықтан, біз бұл саладан оң көрсеткіштер сипатындағы қайтарымды күтеміз», - деді облыс әкімі.

Ағымдағы жылы Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында көрсетілген Елбасы саясатының сабақтастығы мен заман талабына сай жаңашылдық қағидасын ұстана отырып, елдің қоғамдық-саяси жаңғыруымен жаңа реформа жүргізу қажеттігін айтқан болатын. Бұл мақсатқа жету үшін «мықты Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет» формуласы арқылы тыңдаушы мемлекет концепциясын іске асыруды ұсынды. Осы орайда Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүзеге асыруда халықпен арадағы диалогты нығайту, олардың мұң-мұқтажын тыңдау және көкейдегі мәселелерді шешу әкімдердің басты міндеті.

"Айта кету қажет, қазіргі таңда веб-портал арқылы келіп түсетін, әлеуметтік желілерде көтерілетін ұсыныс-пікірлер, проблемалық мәселелер аз емес. Олардың ішінде көп кездесетіні - қоғамдық көлік мәселесі. Тұрғындардың өтініш- тілектері әрдайым назарда. Қоғамдық көлік қатынасын дамыту, тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында «Қызылорда Автобус Паркі» серіктестігіне орта сыйымдылықтағы қосымша жаңа автобустар алуға облыстық бюджеттен 209 млн теңге бөлінді " деді,- облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов.

Сондай-ақ, қоғамдық көліктердегі тазалық пен сапалы қызмет көрсету және жаңа шағын аудандарда қоғамдық көліктерді бағыттау мәселесі кезек күттірмей  шешуді қажет етеді.

 Қаладағы ең өзекті мәселелердің бірі – шалғай аудандардағы  көшелерге жол  салу. Аймақ басшысы қала әкіміне тұрғындардың ұсыныстарын тыңдап, оларды тез арада шешу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Сонымен қатар, аймақ басшысы қаланы көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 95 пайызға жеткендігін айтты. Былтырғы жылы қала маңындағы Қарауылтөбе ауылы газға қосылды.  Бұған дейін қалаға қарасты Тасбөгет, Бөлкөл кенті, Қызылжарма, Талсуат ауылдық округтері көгілдір отынмен қамтамасыз етілген.  Енді биылғы жылы Ақсуат ауылдық округін көгілдір отынға қосу жоспарлануда.

Дәстүр бойынша халыққа есеп беру кездесуінде Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй құрылысы және облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуының басқа да бағыттары туралы баяндады, қала тұрғындарының ұсыныстары мен сұрақтарына жауап берді.

Кездесу қорытындысы бойынша зиялы қауым өкілдері оң бағаларын беріп тарасты.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 ақпан 2020 г. 586 0