Бүгін «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырын пайдаланушы Қазалы филиалының №1 насос стансасынан Әйтеке би кентіндегі жаңадан тұрғын үйлер салынған 2 квартал аймағына ауыз су берілді.
Әйтеке би кентінің осы аумағынан үй салу үшін 2017 жылы тұрғындарға 56 гектар жер берілген болатын. Қазіргі таңда мұнда 80-ге жуық үй бар. Бұл үйлерге бұдан бұрын жол салынып, электр жарығы мен газ желісі жүргізілген. Шешімін таппаған тек ауыз су ғана болатын. Міне, бүгінде республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, ауыз су сервистік желіге қосылды. Енді тұрғындар ауыз суды үйдің ішінен ала алады. Бұл осыған дейін суды сырттан тасып ішкен тұрғындар үшін жақсы жаңалық.
Осы аумақтың тұрғындарымен кездескен аудан әкімі Мұрат Ергешбаев тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
– Халық үшін сапалы ауыз суға қолжетімділіктің маңызы өте зор. Сондықтан бұл мәселені біз күн тәртібінен түсірген емеспіз. Бүгінде аудан орталығынан шалғай жатқан елді мекендерге дейін су желілерін тартып, тұрғындар сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Енді біртіндеп барлық ауылдарды сервистік желіге қосу үшін жұмыс жатырмыз. Өткен жылы Ү.Түктібаев ауылы мен Жалпақ елді мекені сервистік желіге қосылды. Енді бізде сервистік желі тартылмаған 3 елді мекен қалды. Бұған тиісті құжаттары дайындалып, қаржыландыру үшін бюджеттік өтінім тапсырылған. Қазір қаржыландырылуын күтіп отырмыз, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Мұнан соң аудан басшысы бір топ тұрғындармен бірге Әйтеке би кентіндегі жаңа аймаққа суды салтанатты түрде жіберу үшін құбырлардың қақпағын ашып, халыққа қуаныш сыйлады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырын пайдаланушы Қазалы филиалының қызметкерлері тұрғын үйлерді қалыпты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін кейбір ақаулықтарға жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондықтан, жұмыс бірқалыпқа түсіп кетемін дегенше орын алған кемшіліктерге түсіністікпен қарауға шақырамыз.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі