Жеңіл өнеркәсіп: алыс жол – алғашқы қадамнан

Жергілікті тұрғындардың, әсіресе, әйелдер арасындағы жұмыссыздықты жоюдың бір­ден-бір тиімді жолы – жеңіл өнер­кәсіпті дамыту. Бұл сала­ның өнімдеріне сұраныс азық-түлік тауарларынан кейінгі екінші орында тұр. Сондықтан, қара­пайым жұрттың қамын ойлаған ел экономикалық даму стратегиясында бірінші кезекте жеңіл өнеркәсіпті дамытуға айрықша басымдық береді.

Әлеуметтік-экономикалық маңызы зор саланы  дамытуға әлемнің көптеген елдері әлде­қашан түбегейлі бетбұрыс жа­саған. Мәселен, жеңіл өнер­кәсіптің үлесі АҚШ, Италия, Германия, Қытай, Португалия, Түркия сияқты дамыған елдерде 12-20 процентті құрайды. Қытай, Үндістан, Түркия, тіпті іргедегі Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттері табы­сы­ның қомақты бөлігін жеңіл өнеркәсіп тауарларының экс­пор­тынан түсіруде.

Елімізде осы саланы дамы­туға арналған кешенді жос­пар бекітіліп, бәсекелестік қабі­летін көтеру тетіктері бел­гіленді. Тұралаған жеңіл өнеркәсіптің бо­йына қан жүгіртіп, аяғына тұрғызу үшін жағдай жасалуда.

Өңірде бұл бағытта жа­салып жатқан игі істер бар. Мәселен, өткен жылдың күзінде «Dalatex» тігін фабри­ка­сының бастамасымен «Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының халықтық қауымдастығы» құ­рылып, оған 19 тігін цехы бар кәсіпкер мүше болды. Аталған саланы дамытудағы алғашқы қадам оң нәтижесін де көрсетті. Оның дәлелі ретінде 2019-2020 оқу жылында өзіміздің отандық өнімді тұтынуға мүмкіндік туға­нын атап өткен жөн. Нақ­тырақ айтсақ, «Dalatex» ті­гін фабрикасы «Qobyz» деген атпен бірыңғай мектеп фор­масының үлгісін ұсынды. Қазір жаңа киім үлгісін 1-сы­нып оқушыларынан кө­руге болады.

– Бүгінде жергілікті нарық­тың 80 проценті – импорт та­уар­лар. Киім-кешектің ба­­­сым бөлігі Түркия, Қытай, Қыр­­ғызстан, Өзбекстаннан тасы­­мал­данады. Отандық же­ңіл өнеркәсіптің қадамына кедергі болып тұрған да осы – шетелдік тауарларға тә­уел­ділік. Сондықтан жергілікті жеңіл өнеркәсіптің әлеуетін арттыру керек. Халық тұты­натын тауарлардан кейінгі екінші орында тұрған сала – жеңіл өнеркәсіп. Рас, одан көп салық түсе қоймауы мүм­кін. Артықшылығы, көп жұ­мыс қолын талап етеді. Бұл дегеніміз – жаңа жұмыс орын­дарын ашудың таптырмас жолы, – дейді облыстық жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары ха­лықтық қауымдастығының төр­ағасы Ділмұхамед Абызов.

Бұған дейін «Dalatex» ком­­пания­сын құрған кәсіп­кер ең ал­дымен ашық бәсе­ке­­лестікте және нарықта жұ­мыс жасауды мақсат тұт­қанын айтады. Себебі, ба­зар­дағы әр кәсіпкермен бай­ланыс орнатып, шетелдік тауарлардан қалыс қалмайтын өнім ұсыну қа­жет. Ал «Бастауыш сынып оқу­шыларына арналған мектеп формалары» жобасының өмір­ге келуіне сала­ның жер­гілікті тауармен қам­тыл­мауы себеп болған.

– Өңірде бастауыш сыныпта 50-60 мың бала оқиды. Оларды оқу формасымен қамтуға кем дегенде 500 млн теңге жұм­салады. Осынша қаржы сыртқа, нақтырақ айтқанда, Өзбекстан мен Қырғызстанға, өзге де елдерге кетіп жатыр. Осы өңірде тұрғандықтан, қар­жы­ның ең болмағанда 30 проценті өзімізде қалса, эко­номикаға пайдасы тисе, әлеу­меттік жағ­дайды жақ­сар­туға жұмыс жасаса деген ой келді. Жобаға 20-ға жуық тігін шеберханасы қа­тысып, 100-ден астам адам жұ­мыс­пен қамтылды, – дейді қауым­дас­тық төрағасы.

Облыс кәсіпкерлері бұл жоба­мен тоқтап қалмай, өнім­дерді «Qobyz» сауда белгісімен өзге елдерге де шығаруды жоспарлауда.


Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 ақпан 2020 г. 396 0