Су – береке, сақтық та қаперде

 Сырдария өзені Орта Азиядағы бірнеше мемлекеттің жерін басып өтеді. Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан аумағында қаншама диқан қауымының тіршілік көзі осы – өзен. Айта кетерлігі, ұзын-ырғасы екі мың шақырымнан асатын өзеннің тең жарымына жуығы қазақ даласында созылып жатыр. Оның басым бөлігі Қызылорда облысының еншісінде. 

Қырғызстандағы «Тоқта­ғұл» су қоймасы электр энер­гия­сын өндірумен айналысады. Онда жазда суға сұраныс артса, қыс мезгілінде суды төменгі ағысқа босатады. Өткен ғасыр­дың алпысыншы жылдарын­да салынған «Арнасай» ойпа­тындағы су тоспасының су қа­был­дау қабілеті 2200 текше метрге дейін жететін. Дегенмен, соңғы жылдарда өзбекстандық мамандар оның деңгейін төмен­детіп тастады. Қазір бар-жоғы секундына 600 текше метрге дейін су қабылдай алады. 

Тоқсаныншы жылдардың басына дейін дария бойында қаншама алып құрылыстар бой көтерді. Олардың кейбірі су жинап алатын орындар болса, кей­бірі оны реттеуге бағыт­талған. Бұл беріде бірқатар проблемалардың пайда болуы­на алып келді. Әріге бармай-ақ, Қызылорда облысындағы ахуалды ой таразысына салып   көрелік. Әдетте, жылма-жыл біз­дің өңірде су тасқынына қарсы шаралар жүргізіледі. Өйт­кені, дарияның жоғары бө­лігін­дегі мемлекеттерде қыс мез­гілінде су ресурстарына ай­тарлықтай сұраныс жоқ. Амал­сыздан мол суды төменгі бөлікке босатуға мәжбүр. Айналып келгенде, ол дарияның аяқ бөлігінде орналасқан Қа­зақстан үшін бірқатар проблема туын­датады. Жергілікті маман­дар мол суды шығынсыз Арал теңізіне дейін өткізу жолдарын әркез жүзеге асырып отыр.

– Биылғы жағдай алаңда­тар­лық емес. Нарын-Сырдария каскадында орналасқан су то­раптарында жинақталған су был­тырғыдан біршама аз. «Тоқтағұл» қоймасында қа­зір 13,5 млрд текше метр су бар. Ол былтыр дәл осы кезеңде 15 млрд текше метр­ден асатын. Дарияның одан бер­гі бөліктеріндегі тос­па­ларда да су деңгейі қа­лып­ты. Қазіргі таңда «Шардарада» 3,6 млрд текше метр су жи­налған. Ақпан айының ішін­де ол тағы да кө­бейеді. Одан бергі бөліктегі «Көксарай» су реттегішіне секундына 300 текше метр су құйылып жатыр. Сондықтан бізге алаңдарлық негіз жоқ, – дейді Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бас­сейндік инспекциясының басшысы Әділхан Қарлыханов.

Оның айтуынша, былтыр қазан айында Алматы қаласын­да өткен мемлекетаралық су ша­руашылығы комиссиясының отырысында Сырдария өзенін­дегі биылғы су деңгейі мәселесі жан-жақты таразыланған. Көр­шілес елдерден келген маман­дар қазақстандық әріптес­тері­мен бірге бір шешімге келген-ді. Осының нәтижесінде тосын жағдайға жол берілген жоқ. Ен­дігі кезекте алдағы егіс нау­қанына қажетті су ресурстарын жинап алу міндеті тұр.

– 2018 жылы Қазалы ауда­нындағы кейбір шаруашы­лық­тарда су жетпей, күріш ал­қаптары құрғап қалғанын жақсы білеміз. Оған басты себеп дарияның жоғары бөлігінде су тапшылығы көрініс берді. Былтыр ондай жағдай қайталанған жоқ. Біз өз деңгейінде сумен қамтамасыз еттік. Қазір осы бағытта тиісті іс-шаралар қолға алынып отыр. «Шардара» мен «Көксарайда» су жоспарлы мөлшерде жинақталған. Рас, биыл Сырдария өзені бойында орналасқан мемлекеттерде жауын-шашын, ылғал мөлшері өте төмен болды. Десе де, мамандар егін науқанына қажетті суды жинауға барынша көңіл бөлуде, – деп толықтырды Ә.Қар­лыханов.

Ауа райын болжаушылар алдағы күндерде күн қабағы қату болмайтынын айтып отыр. Қысқасы, дария бойында мұз қату жағдайы бола қоймайды. Қазіргі таңда дарияда ұсақ сең жүрісі Жалағаш, Қармақшы ауданы аумағында байқалады. Мамандар жағдайды тұрақты бақылауға алған.

– Негізінде тәулік бойына 15 градус суық болған жағдайда су қатады. Біздің қолымызда бар ауа райы мәліметіне сүйенсек, алдағы уақытта ондай жағдай кездеспейді. Ендігі міндет  – дариядағы суды Арал теңізіне дейін ешбір шығынсыз жеткізу. Әрбір уақытта сақтық шаралары маңызды. Жоғарыдан келетін су біршама төмен. Ол дария деңгейінің төмен түсуіне жол ашып, мұз кептелісі болмау­ына әсер етеді, – деді инспекция басшысы нақты жағдайға қатысты.

Сонымен, биыл дария бо­йында сең қозғалысын қауіпсіз өткізуге негіз бар. Бірақ, бұл қамсыздыққа жол беру деген сөз емес. Су жүрген жер – береке. Ал береке ертеңгі біздің Жер-Анадан теретін ырзық-несібеміз.



Әділжан ҮМБЕТ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 ақпан 2020 г. 288 0