« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Ел қамбасын еселеу жөнінен қызылордалық күрішшілер былтыр да алда болды. Гектарынан 60,3 центнерден өнім жинап, 530 мың тоннадан астам Сыр салысын қамбаға құйған олар осылайша рекорд жаңартты. Бүгінде республика бойынша егілген 100 мың гектарға жуық алқаптың 88 мың 700 гектары Қызылорда облысының үлесінде.
Су тапшылығына байланысты мәселе шешімін тауып, күріш тұқымын сауықтыру және вегетациясы қысқа, бәсекеге қабілетті отандық сорттардың үлесін арттыру бағытында жобалар іске асырылды. Сырбойылық ғалымдар өндіріске қосқан «Сыр сұлуы», «Ай-Керім» секілді жергілікті сорттарды бірнеше шаруашылық егіп, сынап көрді. Мамандар бұл екеуі де мол өнім беруімен ерекшеленетінін, ресейлік сорттардан еш кем түспейтінін айтып отыр. Біздің басты дақыл бұл күндері таяу шет елдерден бөлек, Моңғолия, Түркия, Ауғанстан нарықтарына жол тартып жүр.
Күріш суды көп қажет ететін болғандықтан, егіс алқабының көлемін қысқарту, оның орнына суды мейлінше аз қажет ететін дақылдарды егу немесе егістікті әртараптандыру әлі күнге маңызды. Былтыр 183,1 мың гектар жерге әртүрлі, оның ішінде 9,6 мың гектар жерге күріштен өзге, 7,9 мың гектар аумаққа майлы, 60,2 мың гектар жерге малазықтық дақылдар, 17,4 мың гектарға картоп, көкөнiс, бақша өнімдері егілді. Егіс көлемі осылайша 2018 жылмен салыстырғанда 5,8 мың гектарға артты.
Агроөнеркәсіптік сектордың дамуына байланысты өткен жылы азық-түлік тауарлары бойынша бағаның негізсіз өсуіне жол берілген жоқ. Осыған байланысты тұтыну бағасының, оның ішінде азық-түлік тауарының индексі орташа республикалық көрсеткіштен төмен болды. Жыл қорытындысымен экономикалық дамудың 7 көрсеткішіне сәйкес Қызылорда облысының үздік 8 аймақ қатарынан көрінуіне аталған факторлар да ықпал етті. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті негізсіз қымбаттатпау бағытындағы шаралар оң нәтижеге жеткізді. Оның ішінде жаз-күз мезгілдерінде ауыл шаруашылығы өнімі жәрмеңкелерінің тұрақты өткізілуі халық үшін тиімділігін дәлелдеді.
Агросектордың дамуын сипаттайтын басқа да көрсеткіштер атап өтуге тұрарлық. Былтыр асыраушы саладағы жалпы өнім көлемі 4,3 процентке артты. Бұл бірінші кезекте салаға тартылған инвестиция көлемінің көбеюімен, техникалық қайта жарақтандыру және жаңа технологияларды қолданысқа енгізумен байланысты. Есепті кезеңде машина-трактор паркін жаңарту бағытындағы жұмыс жалғасын тапты. Ауыл шаруашылығы құрылымдары жалпы құны 6,9 млрд теңгені құрайтын 236 техника, оның ішінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 174, өз қаржысына 62 техника сатып алды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында аталған саланы дамытуға баса мән беру және агроөнеркәсіп өнімін экспорттауға байланысты шараларды күшейту туралы тапсырма берген еді. Осы орайда 2016 жылдан бастап бақша дақылдары, 2017 жылы көкөніс, мал экспорты жанданып, 2018 жылы Қытайға алғаш рет мақсары майы жіберілді. Ал өткен жылы осы елге жүн экспортталды. Аграршылардың алдына, сонымен қатар, шикізат өңдеуді қамтамасыз ету, сыртқы нарыққа жоғары сапалы дайын өніммен шығу міндеті қойылған.
Қазіргі күні өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, ет өнімі экспортын арттыруға ықпал ететін бірегей жоба – ет өңдеу комбинатының құрылысы жүріп жатыр. Ол Қызылорда қаласы маңындағы Талсуат елді мекенінде орналасқан. Кәсіпорын вакуумдық қаптамада жылына 5 мың тонна терең өңделген ет өндіруге, сондай-ақ 25 адамды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру жайылымдық жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына қосуға, ауыл тұрғындары үшін тұрақты жұмыс орындарының ашылуына өз септігін тигізеді.
Сапа саласындағы жетістігі үшін Президенттің «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарын иеленген кәсіпорындар қатарында күріш өсіріп, оны өңдеумен айналысатын «Мағжан және К», «Абзал және К» компанияларының болуы саладағы ерен еңбектің еленгені десек, артық айтқандық емес. Отандық өнімді экспорттаушылар арасында «Абай-Дәулет» ЖШС «Ұлы дала елі» брендін иеленді. Бұл сыйлық тауар өндіруші немесе қызмет көрсетушіге аталған брендті 5 жыл бойы жарнамалық мақсатта қолдану құқығын береді.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |