Бірде оқытушымыздың қойған сұрағы студенттердің бәрін ойландырды. – Өмірде дұрыс таңдау жасауыңа, парасатты болуыңа көмектесетін кітап бар. Айтыңдаршы, ол қандай кітап болуы мүмкін?! – деді ол.
Бұл сауалды қиын деп кім ойлаған?! Білгенімізді айтып, көп сөйлегеніміз болмаса, дөп түскеніміз жоқ.
Сәлден кейін ғана оқытушымыз:
– Иә, бұл рас. Бірақ ол үшін 100-ден астам кітапты оқу керек, – деді.
Бүгінде кітап оқу трендте емес. Әсіресе, қазіргі буын осыған келгенде ынта да, уақыт та таппай қалатыны рас. Есесіне, оңайға ұмтылып, әлеуметтік желіде танымал адамдарға «Сізді өзгерткен кітап қандай, қайсысын оқуға ұсынасыз?» деп таңдап-талғап, біреуін ғана оқи салғысы келетіндердің қатары көбейді. Бұл туралы жиһанкез Динара Болат «Бақытты, табысты болуға зор еңбек керек. Сол себепті, мені өзгерткен бір кітапты атай алмаймын. Мені өзгерткен үш кино, бір жағдай туралы жаза алмаймын. Біреу, үшеумен шектелетін оңай жол жоқ. Мәнді, әдемі өмірге қол жеткізгіңіз келе ме, қиындыққа, қызыққа толы өмір жолына дайын болыңыз» деген еді.
Қазір шетелде жастардың осы сұранысына орай саммари кітаптар жасалуда. Айталық, бұл 300 беттік кітаптың түйінді тұстары, негізгі бөлігі ғана іріктелген, әбден сығымдалған 50 беттік екінші нұсқасы. Бірақ, бұл мәселенің шешімі емес. Сондықтан кез келген жағдайды ойша сараптай алатын, сөзі жүйелі, бастағанын соңына жеткізетін, бір мінезді жастар артуы үшін ауқымды ұйым қажет. Бір қуаныштысы, мұндай ұйым Қызылордада бар екен. Атауы да тосын естіледі, есесіне ерекше.
«Кітап құрттары» ұйымын ашу осыдан үш жыл бұрын бірнеше достың кітап және киноны талқылайтын WhatsApp желісіндегі ортақ чатынан бастау алыпты. Уақыт өте келе чатта адам саны көбейіп, кітапқұмарлар арта түседі. Сондықтан өткен жылы облыстық жастар ресурстық орталығында арнайы ұйым құрылды. Жетекшісі, қаладағы көшбасшы жастардың бірі – Талғат Меңдібаев.
– Алғашында әлеуметтік желідегі чатта орыс тілді кітапқұмарлар жиылып, кейінірек қазақша сөйлейтіндер қосылды. Ал ұйымның атауы «книжные червы» сөзінің қазақша тікелей аудармасы. Ерекше естілетін болғандықтан, осылай қалдыруды жөн санадық. Құрт та алманың тәттісіне түседі емес пе? Бір жағынан, көне түрік тілінде құрт – қасқырдың бір атауы. Бүгінде чаттағы адам саны 100-ден асады. Әр аптаның сенбі күні жиылып, ортақ бір кітапты не киноны, спектакльді, тіпті әлемде болып жатқан маңызды мәселелерді талқыға саламыз. Қазір адам саны көбеюіне байланысты «Достық үйінде», Жастар орталығында, коворкингтерде бас қосатын болдық, – деді ол.
Жуырда кітапқұмарлар Ә.Тәжібаев атындағы кітапханада облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамовпен бірге Юваль Ной Хараридің «ХХІ ғасырға – 21 сабақ» кітабы туралы ой бөлісті. Жастар жылының жабылу салтанатында осы кітапты оқуға кеңес берген Наурызбай Сейітқалиұлына олар туындыны бірге талқылау туралы ұсыныс білдіріпті. Одан кейін Н.Бекежанов атындағы академиялық қазақ музыкалық-драма тетарының көркемдік жетекшісі Хұсейін Әмір-Темір бастаған өнер иелерімен бірге «Абай» спектаклінде туындаған ойларын сарапқа салды. Бұл осы айда ресми түрде бір жылдығын тойлаған ұйымның бізге белгілі басқосу жиындары. Ал, арнайылап іздесеңіз, әлеуметтік желідегі парақшаларынан кітапқұмарлардың апта сайын міндетті түрде кездесетінін байқауға болады.
Олардың бірнешеуімен біз де сөйлесіп көрдік. Айталық, Раушан Кажданбек өзіне Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» кітабы қатты әсер еткенін, үлкенге, атаға деген келіннің құрметі, отбасындағы өнеге ой салғанын, қазір Карлос Руис Сафонның «Тень ветра» атты шығармасын оқып жүргенін айтты. Айтпақшы, кітапқұмарларда апта сайын бір-бірімен кітап алмасатын жақсы дәстүр де бар.
Ойлары ортақ жастардың ақылына ақы сұрамайтын кітап сынды құнды қазына үшін біріккені қандай жақсы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл ортаға сіз де қосыла аласыз!
Айдана ЖҰМАДИНОВА.