Қазалының даму қарқыны жоғары

Әр жылдың өзіндік ерекшелігі, жаңалығы болатыны белгілі. Өткен жыл Қазалы жұртшылығының да есінде елеулі оқиғалармен қалды. Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев былтыр атқарылған жұмыстар жөнінде халық алдында есеп берді. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Мұрат Имандосов, басқарма басшылары, аудан тұрғындары қатысты.
Аудан тұрғындары үшін «Әлсейіт» көпірінің ел игілігіне берілуі ұзақ жылдар бойы өткел бейнетін тартқан сергелдеңнен құтқарды. Қалқымалы көпір көктемгі-күзгі сең жүру, су тасқыны кезінде уақытша алынып тасталатын. Мұндайда жолаушылар аудан орталығына жету үшін дария бойын жағалап бір бүйірдегі Басықара елді мекені арқылы айналып жүруге мәжбүр болушы еді. Енді бұл мәселенің түйіні шешілді.
Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуде де ілгері­леу­шілік бар. «Нұрлы жер» бағ­дарламасы аясында са­лынған көпқабатты тұрғын үйлердің пайдалануға берілуі сөзіміздің дәлелі. Бұл үйлер негізінен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, әлеуметтік осал топтар және көпбалалы отбасыларға берілді.
Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығынан меке­мелер үйінің зәулім ғимараты бой көтерді. Бұл ғимаратта ау­дан әкімдігі, аудандық мәс­ли­хатқа қоса 9 бөлім орна­лас­қан. Бүгінгі таңда аудан әкімдігінде «Ашық әкімдік» жобасы жүзеге асырылуда. «Open Space» жобасы ая­сында әртүрлі мекемелердің қызметкерлері халыққа бір жерден қызмет көрсетіп жатыр. Құжат тапсыратын тұр­­ғындар бір жерден кеңес алып, жұмыстары жеңілдеді. Аудан­дық маңыздағы жолдарды жөндеудегі ілкімді істер бар.
Бозкөл мен Кәукей ауылдары аралығындағы жолға күрделі жөндеу жүргізілуде. Осы жұ­мыстарды жалғастыру үшін биылға қосымша қаржы қара­лып отыр. Толық аяқтау үшін әлі де қаржы қажет. Сонымен қатар, 2018 жылы Қазалы қаласынан «Қарлаңға» және «Қарлаңнан» Қожабақы ауылына дейін, Қожабақы ауы­лынан Ү.Түктібаев ауы­лына дейінгі жолдарға орта­ша жөндеу жұмыстары бастал­ған болатын. Биыл осы жұмыс­тарды толық аяқтауға облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.
– Дәл осындай жұмыстар Басы­қара ауылынан Абай ауылына дейінгі жолға да жүргізілген еді. Осы жолды аяқтау үшін біршама қаржы қажет. Сондықтан, жыл аяғына дейін «Кәукейдің» және Абай ауылының жолдарын аяқтауға жұмыс жасаймыз, – деді аудан әкімі.
Биыл аудан орталығынан ауысымына 250 адам қабыл­дай­тын аудандық емхана Әйтеке би кенті мен Қазалы қала­сының аралығындағы 4 жо­лақты жол құрылысы басталады.
Есепті кездесуде облыс әкі­мінің орынбасары Мұрат Иман­досов Қазалы ауданы бар­лық көрсеткіш бойынша аймақтағы үздіктердің қа­тары­­нан көрінгенін, оған бар­ша  тұрғындардың қос­қан үлесі зор екенін атап өтті. Облыс бо­йынша педагог қыз­мет­кер­лер­дің біліктілігін арт­тыру инс­ти­тутының кафедра мең­герушісі, философия ғылым­дары­­ның докторы, облыстық қо­­ғам­­дық кеңес мүшесі Баймырза Қожамберлиев аудан­да ат­қа­рыл­ған ауқымды жұмыс­тарға ризашылық білдірді.
Кездесуге қатысушылар қойған сауалдарға жауап беріліп, аудан тұрғындары әкімнің есебін, өткен жылы атқарылған жұмыстарды оң бағалады.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 ақпан 2020 г. 889 0