Жаңақорған ауданындағы «МАИ бекеті» деп аталған ықшам аудан маңында біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдыққа жататын 18 обаның бар екені осыдан 45 жыл бұрын ғарыштық түсірілімдер негізінде анықталған, деп хабарлайды
«Хабар 24».Археологиялық қазба барысында алтын бұйымдар табылған тарихи орынның өз деңгейінде қорғалмауына жергілікті жанашыр тұрғындар алаңдаушылық білдіріп отыр. Еліміздің бірнеше аймағынан «алтын адам» табылды. Жаңақорған кентінің маңындағы бұл жерден де алтын бұйымдардың қалдығы шыққаны рас. Сондықтан бұл қорымның тарихи маңызы жоғары дейді жергілікті тұрғын Ерубай Қалдыбек.
Ерубай Қалдыбек, Жаңақорған ауданының тұрғыны:
– Отырарды археологиялық зерттеу мекемесі бар. Осы мекеме 2015 жылы алтын жіп, белдік, алтын қылыштың сынықтары табылды. Яғни бұл жерде «алтын адам» болды ма деген болжам туады. 18 обаның қазір 6-7 орны қалған жоқ. Жер комитеті, аудандық архитектура, аудандық мәдениет бөлімі дер кезінде бақылау жасамаған, соның нәтижесінде бұл жерге көшелер түскен.
Бүгінде бұл маңда жеке тұрғын үй мен кәсіпкерлік нысандар бой көтеруде. Электр, газ желілері тартылған кезде обалардың бірнешеуі бұзылып кетіпті. Бірақ жер қатынастары бөлімінің мамандары барлығын заң шеңберінде атқардық деп сендірді.
Серік Төлендиев, Жаңақорған аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы:
– Археологияның шарты бар. Ол жерде обалар табылмай, тоналған деген анықтама берді. Содан кейін қазіргі даму сызбамызға байланысты кәсіпкерлік мақсатындағы жер беру басталды. Ойын алаңқайы, яғни футбол спорт кешенін салып жатыр.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәліметі бойынша бүгінге дейін жеке үйлердің арасында қалған 6 обаның ғана орны аршылып, зерттелген. Дегенмен тағы бірнешеуі жаңадан салынған жол мен үйлердің астында қалып кеткенін жасырмады.
Ажар Ахметова, Жаңақорған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы:
– Арасында 2 оба бар, бірақ ол жердің үстінен жол түсіп, сосын үй салынып кеткен. Ол жерлерді аштыру қиындау болып тұр. Алтауын аштырып тұрмыз, 12 обамыз бар әлі аштыратын. Жұмыс жасаймыз, қаржы сұраймыз, қаржы берген жағдайда зерттету жоспарымызда бар.
Алдағы уақытта көне қорымның қалған бөлігі де құрылыс нысандарының астында қалуы мүмкін. Сондықтан аудан басшылығы ескерткішті мемлекеттік тіркеуге алып, археологиялық зерттеулерді кешеуілдетпей, қаржы мәселесін шешуге ықпал етсе дейді тарихи құндылықтарға жанашырлық танытып жүрген еліміздің мәдениет қаураткері Ерубай Қалдыбек.