Облыстық балалар ауруханасында 60 орындық оңалту бөлімшесі ашылды. Ол неврологиялық, ортопедиялық, нейрохирургиялық және кардиологиялық аурулармен ауыратын балаларды оңалтуға арналған.
Облыста жыл сайын церебральды сал ауруымен ауыратын балалар санының өсуі арнайы бөлімше ашу қажеттілігін тудыруда. Қазір 984 бала есепте тұр. Қалпына келтіру емшаралары неврологиялық, БЦП, сондай-ақ, цереброваскулярлық аурулармен ауыратын балаларға тиесілі. Науқастар оңалту курсынан өтеді. Мамандардың алдында тұрған басты міндет – баланың зияткерлік және эмоциялық дамуы үшін қажетті жағдайлар жасау. Оңалту сауықтыру іс-шаралар кешеніне массаж, ЕДШ, емдік ванналар, физио процедуралар, магнитотерапия, ингаляция жатады. Бұдан бөлек емделушілер магнитотерапия, лазеротерапия, электрофорез, УВЧ, амплипульс, биоптрон алады. Сонымен бірге бассейн жұмыс істейді. Бөлімшедегі "Амплипульс" аппараты жүйке жүйесінің ауруларын, ауырсынуды, вегетативті немесе қозғалудың бұзылуын, перифериялық қан айналымының бұзылуын, бұлшықет-байланыстырғыш аппараттың әртүрлі жарақаттық зақымдануы, соғылуы, асқынған және созылмалы гинекологиялық аурулар мен несепағардан тастардың кетуін ынталандыру үшін қолданылады. "Биоптронмен" емшаралар курсы ағзаның жалпы нығаюына ықпал етеді, сондай-ақ аурудан, отадан немесе жарақаттан кейін қалпына келтіруге көмектеседі.
Бөлімшеде реабилитолог, невропатолог, физиотерапевт, ортопед, нейрохирург, кардиолог жұмыс істейді. Мұнда гимнастика сияқты емдік дене шынықтырудың кең таралған түрі де қолданылады.
Айнұр БАТТАЛОВА.