Жетістікті еселеуде ауқымды міндеттер тұр

Облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақовтың облыс активінде сөйлеген сөзі

Кеше облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен облыс активі өтіп, онда Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерілген мәселелер сөз болды.

Еске салсақ, Президент қатысқан 24 қаңтар күнгі жиында Үкімет 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін қорытындылаған еді. Сондай-ақ, ел дамуының негізгі бағыттары бойынша жүктелген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды.

Актив жиынында аймақ басшысы Президент берген тапсырмалардан туындайтын міндеттер туралы хабарлама жасады. «Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарлама мен Қазақстан халқына арналған Жолдауды жүзеге асыру барысында Үкімет пен Парламент бірлесіп ауқымды жұмыс атқарғанын, маңызды бағдарламалар қабылданып, макроэкономикалық көрсеткіш бойынша жоспарланған нәтижеге қол жеткізілгенін атап өтті» деді облыс басшысы.

Облыс әкімі осы орайда өңір жұртшылығы үшін жағымды жаңалықпен бөлісті. Атап айтқанда, Премьер-министр Асқар Мамин Үкімет жиынында экономикалық дамудың 7 көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы үздік

8 облыстың қатарында екеніне тоқталды. «Бұл – біздің бірлесе атқарған жұмысымыздың нәтижесі. Дегенмен, мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Өйткені алдымызда Президент жүктеген ауқымды міндеттер тұр» деген аймақ басшысы өзінің орынбасарлары мен жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.


Құрметті актив жиналысына қатысушылар!


Өздеріңізге белгілі, 2020 жылы 24 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Пре­зиденті  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев­тың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы  өтті.

Кеңейтілген отырысқа Премьер-Министр Асқар Ұзақбайұлы Мамин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Жақанұлы Қошанов, Үкімет мү­шелері, Нұр-Сұлтан, Ал­ма­ты, Шымкент қалалары мен облыс­тардың әкімдері, орталық мем­ле­­кеттік органдардың және Ұлт­тық компаниялардың басшылары қа­тысты.

Ал бүгінгі облыстық актив отырысына облыстық мәслихат депутаттары, азаматтық қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сондай-ақ, өңір активі қатысып отыр.    

Құрметті жерлестер!

Енді Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының берген тапсырмаларынан туындайтын   міндеттер туралы хабарлама жасауға рұқсат етіңіздер!

Құрметті актив отырысына қатысушылар!

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жиын барысында Сайлауалды бағдарлама мен Қазақстан халқына арналған Жолдауды жүзеге асыру барысында Үкімет пен Парламент бірлесіп үлкен жұмыс атқарғанын және маңызды бағдарламалар қабыл­­данып, макроэкономикалық көрсеткіш бойынша жоспарланған нәтижеге қол жеткізілгенін атап өтті.

Біздің өңір үшін қуанышты хабар, Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Ми­нистрі Асқар Ұзақбайұлы эконо­ми­калық дамудың 7 көрсеткіші бо­йынша Қызылорда облысы үздік 8 облыстың қатарында екендігіне тоқталды.

Бұл – біздің бірлесіп жасаған жұмысымыздың нәтижесі. Дегенмен, қол жеткізген жетістіктерге және көр­сеткіштерге тоқмейілсуге болмайды.

Өйткені біздің алдымызда Президентпен жүктелген ауқымды міндеттер тұр. Бұл бізге әлі де болса, жұмыс қарқынымызды бұдан да күшейтуді талап етеді.

Негізінен, аймағымызда 2019 жылы өнеркәсіп өндірісін қоспағанда өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сипаттайтын барлық негізгі көрсеткіштері бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілді.

Атап айтқанда, экономикаға инвестиция көлемі (117,4%), құрылыс көлемі (154,3%), үй беру (108,8%) бойынша өсім қамтамасыз етілді.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі (101,3%), ауыл шаруашы­лы­ғында 104,3% өсті. Шағын және орта бизнес даму үстінде. Тек соңғы жылдың ішінде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 9,3 пайызға артты (жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектісінің саны 46267-ге жетті).

  Өкінішке қарай, 2012 жылдан бастап, қолданыстағы кен орын­дарының сарқылуына байланысты мұнай өндіру көлемі (2019 жылы 830 мың тоннаға – 13 %) қысқарып келеді.

Бұл жағдай өнеркәсіп өніміндегі көрсеткішке (2018 жылға қарағанда 89,3%) кері септігін тигізуде.

Алайда, статистика мәліметі бо­йынша, мұнай өндірудің жыл сайынғы төмендеуіне қарамастан, 2019 жыл­дың 9 айында (соңғы мәліметтер) 2018 жылдың осы кезеңіне қарағанда облысымыздағы  жалпыөңірлік өнім 102,4%-ды құрады.

Мұнай өндірудегі шығын салдарын жою мақсатында шикізаттық емес секторды дамытуға, әсіресе, экспортқа бағытталған өндірістерді дамытуға күш салудамыз.

Жалпы, жүйелі шаралардың нәтижесінде, соңғы 4 жылда өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігі 2,8%-ға, жалпы қосылған құн – 15%-ға, ал, шикізаттық емес экспорт көлемі – 19%-ға артты (уран шала тотығы, метаванадат амоний, күріш, балық, тұз, бутан, пропан техникалық қоспалары және тағы басқалар).

Осыған байланысты облыс әкі­мінің орынбасары Бахыт Дүй­сен­ұлы (Жаханов), облыстық эконо­мика және бюджеттік жоспарлау басқармасы (Нұрғали Рахымшаұлы Қор­дабай) облыстық бағдарлама әкім­шілерімен бірлесіп, Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің бекітетін іс-қимыл жоспарына сәйкес, 2020 жыл­ға арналған бірінші кезектегі облыс­тың іс-қимыл жоспарын 10 жұмыс күн ішінде әзірлеуді тапсырамын.   

Сонымен қатар, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында облыс әкімінің қала, аудан әкімдіктерімен бірлескен меморандумға отыру рәсімін дайындауды жүктеймін.

Мәжіліс барысында Президент атап өткен келесі бір маңызды мәселе – ел экономикасына инвестициялардың жаңа толқынын тарту.

Бұл міндетті орындау үшін инвестицияның жыл сайынғы өсімін 15 пайызға арттырып, 2024 жылға қарай еліміздің жалпы ішкі өніміндегі инвестицияның үлесін 30 пайызға дейін жеткізуіміз қажет.

Осыған орай, былтырғы жылы ҚР Премьер-Министрі мен облыс әкімдері арасында инвестиция тарту бойынша Меморандумға қол қойылды. 2020 жылға бүкіл республика бойынша инвестиция көрсеткіші жоғары межемен бекітілгенін атап өтемін. Біздің облыс биылғы жылы – 481 млрд теңге инвестиция тартуы қажет.

Атап өту қажет, өткен жылы инвестиция көрсеткішінің өсу ди­на­микасы бойынша Қызыл­орда облысы аймақтар қатарында алғашқы төрттікке енді. Нәтижесінде облысқа    400 млрд теңге инвестиция тар­тылып, 2018 жылмен салыстырғанда көрсеткіш  17,4 пайызға өсті.

Инвестициялардың өсуі негізінен инфрақұрылымдық (64,4 млрд. теңге), индустриялық (67,7 млрд. теңге) жобаларға және мұнай компаниялары (72,2 млрд. теңге) мен басқа да салаларға тартылған инвестиция есебінен қамтамасыз етілді.

Биылғы жылы бекітілген межені игеруге бірігіп жұмыс жасауымыз қажет. Сондықтан инвестиция тарту барлық салаға қатысты, бұл жалғыз индустриялық-инновациялық даму басқармасының жұмысы емес.

Осыған орай, ауыл шаруа­шы­лығы, кәсіпкерлік және туризм, құрылыс, энергетика және тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылығы, бі­лім, денсаулық, жолаушы­лар көлігі және автомобиль жолдары, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды рет­теу басқармалары, қала және аудан әкімдіктері биыл игеретін инвестиция көле­мінің болжамын тиісті сала­лық басқармаға (облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасына) үстіміздегі жылдың 31 қаңтарына дейін ұсынуды тапсырамын.  Инвестиция тарту  жөніндегі іс-шаралар жоспарында әр басқармалардың, қала, аудандардың жеке-жеке жүктемелері нақты көрсетілуі тиіс.

Сонымен қатар, қала және аудан әкімдері құрылған ин­дустриялық аймақтарды жаңа жобалармен толықтыру жұ­мыс­тарын жоғары қарқынмен жүргізулері қажет.

Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Самұратұлына (Имандосов) және ин­дустрия­лық-инновациялық даму бас­қармасына (Ринат Сұлтан­гереев), тиісті салалар бойынша тартылуы қажет инвестиция көлемін жинақтап, 2020 жылғы    7 ақпанға дейін облыс әкіміне бекітуге ұсынуды тапсырамын.

Сонымен қатар, инвестиция тартуда индустрияландыру бағдарламасы «магнит» болуы қажет. Биыл индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығына аяқ бастық.

Осыған орай, облыс әкімі­нің орынбасары Мұрат Самұра­тұлына (Имандосов) және индустриялық-инновациялық даму басқармасына (Ринат Сұлтангереев), жоба бастамашысы «Орда гласс» ЖШС-мен бірлесіп, өңіріміздегі ірі жобалардың бірі – шыны зауы­тының биылғы жылы екін­ші жартыжылдықта іске қосылуына тиісті жұмыстарды үйлестіріп, жүзеге асыруды тапсырамын.

Мемлекет басшысы кәсіп­кер­лерді қорғайтын және дамытатын, өткізу нарығына жол ашатын, өнімділікті ұлғайтып, қазақстандық өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыратын тиімді өнеркәсіп саясатын, сонымен қатар, ашық әрі прагматикалық салықтық-бюджеттік саясат қалыптастыру керектігіне назар аударды.

Өздеріңіз білесіздер, біз биыл Жаппай кәсіпкерлікті да­мытудың үшжылдығының соңғы жылына қадам бастық.

Өткен жылы кәсіпкерлікті дамытуда әртүрлі қаржы көз­дерінен 44 млрд. теңге қаражат жұмылдырып, 3 мыңнан аса жұмыссыз азаматқа қайта­рымсыз гранттар, 1,5 мыңға жуық азаматқа шағын несиелер бердік. Оған қоса, екінші деңгейлі банктер арқылы тұрақты бизнеске 26,8 млрд. теңге, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясында 5,6 млрд. теңге қаражат бағыттадық.

Биылғы жылы да кәсіпкерлік саласын дамытуға әртүрлі көздерден бастапқы кезде 38 млрд. теңгеге жуық қаражат тарту көзделуде. Бұл қаржы жыл соңына дейін ұлғаяды.

Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Самұратұлы (Имандос­ов) ендігі өнімділікті ұлғайту, қазақстандық өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыратын тиімді өнеркәсіп саясатын қалыптастыру мақса­тында қаражаттың басым бөлігін жаңа өндіріс көздерін ашуға бағыттауды тапсырамын.

Биылдан бастап микро және шағын бизнес салықтан және арнайы тексерулерден босатылып отыр. Бұл – өңір кәсіпкерлері үшін үлкен мүмкіндік.

Бар мүмкіндікті пайдалана отырып, шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қам­тылғандардың санын 95 мың адамға, өнім шығарылым көлемін 400 млрд. теңгеге жеткізу керек.

Осыған орай, облыс әкі­мінің орынбасарлары және Қызыл­орда қаласы мен аудан, кент және ауылдық округ әкімдеріне жұмыссыздық деңгейін 4,6 пайызға дейін түсіріп, тиісті жұмыстарды жандандыруды тапсырамын.

Барлық деңгейдегі әкім­дер­дің жұмысы бюджеттен бөлін­ген қаржыны игеру емес, жаңа жұмыс орындарын ашу, инвес­тиция тарту бойынша тоқсан сайын сараланып, бағаланатын болады.

Президент берілген тапсырмаларды тиісті деңгейде орындамағандарға сөгіс жарияламады. «Жалпы алғанда, сөгіс беру жақсы нәтижеге жетудің аса тиімді жолы емес. Бұл менің нақты ұстанымым. Сондықтан үкімет мүшелері мен әкімдерге кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік беріп отырмын», – деді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы өздеріне жүктелген мін­деттерді тиісті деңгейде атқара алмағандарды бірін­ші тоқсанның қорытын­ды­сы­мен қызметінен босату жөнінде нақты шешім қабыл­дайтындығын ескертті.

Біз де, осындай қатаң шешімдерді қабылдайтын боламыз. Сондықтан, облыс әкімі аппаратының басшысы Ғалым Махмұтбайұлы (Әміреев) тоқ­сан сайын барлық деңгейдегі әкімдердің, тиісті сала басшы­ларының осы бағытта атқарған жұмыстары туралы қорытынды, талдамалы ақпарат ұсынып отыруды тапсырамын.

Айта кету қажет, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға қарай елімізде шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі (ввп) үлесін ұлғайту міндеті тұр. Облысымызда соңғы 5 жылдың ішінде шағын және орта кәсіпкерліктің өңірлік өнімдегі үлесі (врп) 12 пайыздан 17 пайызға өсті.

Бұл көрсеткішті облыс­та 2025 жылға дейін рес­пуб­ликалық 35 пайыздық көрсеткішке дейін жеткізуді облыс әкімінің орынбасары Мұрат Самұратұлы (Имандос­ов) мен облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына (Қожабергенов Фердоуси) тапсырамын.

Мемлекет басшысы елдің агроөнеркәсіп кешенін дамы­туға жыл сайын бөлінетін қа­ра­жат көлемінің артуына қарамастан, жалпы ішкі өнім­дегі ауыл шаруашылығы үлесінің әлі де төмен (4,5%-дан аспайды) екенін атап өтті.

Облыстың агроөнеркәсіп кешеніне көрсетіліп жатқан мем­лекеттік қолдаудың және са­ланы дамытудың мемле­кеттік бағдарламасына сәй­­кес қабылданған шара­лар нә­тижесінде ауыл шаруа­­­шылығы саласында тұ­рақ­­ты даму үрдісі байқалады. 

Атап айтатын болсақ, облыста өндірілетін жалпы ішкі өнімде ауыл шаруашылығының үлесі 2,5-тен 4,0 пайызға артты. Аграрлық секторды қол­дауға 2019 жылы 14,3 млрд теңге бөлініп, 2018 жылмен са­лыстырғанда 35%-ға артып, салада былтырмен салыс­тырғанда айтарлықтай өсім қалыптасты.

Анықтама ретінде:

2019 жылдың қорытын­ды­сымен 119,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жыл­дың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда өсім 104,4%-ға артты (жоспар 102,6%). ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция көлемі 7,1 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 122,0 %-ға орындалды (жоспар – 115,0%).

Осыған байланысты, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Біләлұлына (Намаев) және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына (Қамбарбек  Мүбараков) агроөнеркәсіп ке­ше­нін дамытуда қалыптасқан қар­қынды төмендетпей, облыс­тың жалпы ішкі өніміндегі ауыл шаруашылығы үлесін одан әрі арттыру бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын.

Сондай-ақ, Президент ауыл шаруашылығына қатысты, экспорт әлеуетін арттыру және азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі де толық шешіл­мегендігін атап өтті.

Бұл бағытта да біздің өңірде пәрменді шаралар қолға алынуы тиіс.

Облыста 2019 жылдың 10 айында 25,6 млн. долларды құрайтын 64,2 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды. Оның ішінде өңделген өнім үлесі – 60,1 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,1%-ға артты.

Алайда, бұл көрсеткіш қанағаттанарлық деп айтуға болмайды. Себебі, экспорт көлемін одан әрі арттыруға аймақтың әлеуеті жеткілікті.

Сондықтан, Бақытжан Біләлұлы (Намаев), облыста іске асырылған және жоспарланған серпінді инвестициялық жобалар арқылы жергілікті өнімдердің үлесін арттыру және экспортқа бағытталған өнімдердің көлемін ұлғайту бойынша қажетті шараларды үйлестіру керек.

Сондай-ақ, қабылданған ша­ра­лардың нәтижесінде әлеу­­мет­тік маңызы бар азық-түлік бағасының индексі (109,1%) былтырғы жылдың қоры­тындысымен республика бойынша ең төменгі (110,4%) көрсеткішті құрады. Сондықтан, Бақытжан Біләлұлына (Намаев) азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік тауарлардың бағасын тұрақ­тандыру бойынша 2020 жылғы 31 наурызға дейін тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын.

Облыс әкімі аппаратының басшысы Ғалым Махмұтбайұлы (Әміреев), берілген тап­сыр­малардың мерзімінде орындалуын бақылауға алыңыз.

Жалпы, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерден бөлек күнделікті тұтынатын заттар мен тағамдардың бағасын негізсіз өсірмеуге тиісті шаралар қабылдауды облыс әкімінің орынбасары Мұрат Самұратұлы (Имандосов) мен облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына (Қожабергенов Фердоуси) тапсырамын.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп ке­ше­ніндегі субсидия беру ере­же­лерінің жиі өзгеру салда­рынан мем­лекеттік қолдау шара­лары­ның тиімсіздігін тілге тиек етті.

Бұл ретте, агроөнеркәсіп саласында мемлекеттік қолдаудың негізгі бағыттары мен қолдау тетіктерін Ауыл шаруашылығы министрлігі айқындайды.

Сондықтан, Бақытжан Біл­әлұлы, аймақтың ауыл шаруа­шылығы саласының ерек­шелігі мен басымдықтарын ескеріп, бөлінетін тиісті қаражаттың уақытылы алынуын бақылауға алыңыз!

Өңірде қалыптасқан құры­лыс қарқынын төмендетпеу – біз­дің жұмысымыздың негізгі бағыт­тарының бірі. Бұл тұрғын­дарды баспанамен және жұ­мыспен қамтуда аса маңызды.

Мемлекет басшысы бүгінгі күні құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасын әзір­­леуде де проблема бар екен­дігіне тоқталды.

Негізінен жоба құжаттамасы барлық талаптарға сай болуы тиіс. Осы ретте, облыс әкімінің орынбасары Марат Нұрсайынұлы (Делмұханов), облыстық құрылыс және қала­құрылысы басқармасына (Әл­се­ріков Мұхамедиса)  нор­мативтік құжаттарға сәйкес, құрылыс жобаларын әзірлеуде барынша тиімді шешімдер қа­былдауды және типтік үлгідегі жо­ба­ларды қолдануды тапсырамын.

Өңірде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын, әсіресе аз қамтылған отбасыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында біршама жұмыстар атқарылды. Бүгінгі күні барлығы 734, оның ішінде жеке шаруашылық және кәсіпорындар есебінен 30 отбасын, «Болат Өтемұратов қоры» есебінен 100 отбасын, «Орда» жол картасы аясында 6 отбасын, республикалық бюджет есебінен 433 отбасын және «Бақытты отбасы» әлеуметтік бағдарламасы арқылы 165 аз қамтылған отбасын тұрғын үймен қамтамасыз еттік.

Сондай-ақ, «7-20-25» тұрғын үйді кредиттеу бағдарламасы аясында 2 млрд. 286 млн. теңгеге 268 өтінім қабылданып, 1 млрд. 032 млн. теңгеге 120 азаматқа тұрғын үй заемы беріліп, баспаналы болды.

Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табуы тиіс.

Облыс әкімінің орынбасары Марат Нұрсайынұлы (Делмұханов), облыстық құры­лыс, сәулет және қала ­құрылысы басқармасы (Мұхамедиса Әл­серіков), қала және аудан әкім­дерімен бірлесіп, тұрғын үй құ­рылысы саласын дамыту бойынша тиісті шараларды қабылдасын.

Білім беруді дамыту бойынша.

Өздеріңізге белгілі, биылғы жылы білім саласында маңызды құжаттар: «Педагог мәртебесі» туралы Заң, Білім және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.

Енді, осы құжаттардың аймағымызда сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуіміз қажет.

Осы жаңа бастамалар аясында облыста 30 мыңнан аса педагогтің жалақысы 25%-ға көтерілді. Бұдан бөлек,  функционалдық міндеттеріне және санаттарына қарай қосым­ша  30-50%  үстемақы төленуде.

Білім саласы бойынша облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Сейітқалиұлына (Байқадамов), облыстық білім басқармасына (Майра Мелдебек­ова), Қы­зыл­орда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп мем­лекеттік бағдарламадағы жер­гілікті атқарушы органдарға бекітілген индикаторлар мен көрсеткіштерді жүзеге асы­рудың өңірлік іс-шара жоспарын қабылдауды тапсырамын.

Мемлекет басшысы балалар мен жасөспірімдер арасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өз-өзіне қол жұмсаудың және зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы шараларды күшейту жөнінде тапсырма берді.

Бұл бағыттағы жұмыстар аймағымызда жоспарлы түрде жүргізілуде.

2015 жылдан Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар (ЮНИСЕФ) қорымен бірлесіп, балалар арасындағы суицидтің алдын алу бағытында арнайы жоба жүзеге асырылуда.

Биылғы жылы жобаға облыстық бюджеттен 70 млн.тг қаржы бөлінді. Біз үшін балалардың өмір қауіпсіздігі аса маңызды.

Ендігі біздің алдымызда тұрған міндет – балаларға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру.

Бүгінгі күні облыстағы жүзден аса мектептің әжет­ханасы ғимарат сыртында орналасқан. Бұл – кезек күттірмей шешуді қажет ететін мәселе. Осы өзекті проблемаға орай Қызылорда қаласы және аудан әкімдері мектеп ғимараты сыртында орналасқан (106 әжетхана) әжетханаларды 2020 жылдың 1 тамызына дейін ғимарат ішіне көшіруі тиіс.

Келесі мәселе – балабақ­ша­лар мен мектептерді бейне­бақылаумен қамтамасыз ету.

Облыстағы балабақ­шалар­дың 60%-ы, мектептердің 88%-ы бейнебақылаумен қам­тамасыз етілген.

Биылғы жылы бейне­ба­қылаумен қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен  250,0 млн  теңге қаржы бөлінді.

Облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Сейітқалиұлы (Байқадамов), облыстық білім басқармасы (Майра Мелдебекова), Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, 2020 жылғы бірінші тамызға дейін балабақшалар мен мектептерді бейнебақылаумен қамтуды толықтай аяқтаңыздар!

Қасым-Жомарт Кемелұлы мін­детті әлеуметтік меди­цина­лық сақтандыру жүйесін тү­сіндіру және енгізу бойынша жұ­мыстардың өз деңгейінде жүр­гізілмей жатқанына сын білдірді.

Елдің дамуында адамның ден­саулығы маңызды екені белгілі. Мемлекет тарапынан денсаулық саласына басым көңіл бөлініп отыр.

Біз әлеуметтік салаға қаржы бөлу бойынша елімізде алдыңғы қатардамыз, жыл сайын өңірде медицина сапасын арттыру және оларды материалдық-тех­никалық қамтамасыз ету бо­йын­ша барлық жағдай жасалуда.

Ендігі міндет – мемлекет басшысымен айтылған сақтандыру жүйесін түсіндіру және енгізу бойынша жұмыстар өз деңгейінде жүргізілу тиіс. Яғни, кең көлемде ақпараттандыру жұмысын жүргізумен қатар, облыстық денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы (Талғат Дүйсебаев), Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктері әлеуметтік санаттары анықталмаған азаматтарды өзектендіруі қажет.

Бұл жұмыстың нәтижесі көніл көншітпейді.  Сондықтан, өзектендіру жұмыстарын 1 сәуірге аяқтауды тапсырамын. Осы жұмыстарды үйлестіруді, бақылауды облыс әкімінің орынбасары Бахыт Дүйсенұлы Жахановқа міндеттеймін!

Мемлекет басшысы Үкіметті әлеуметтік және экономикалық қатерлерге жол бермеу үшін өз бастамаларын мұқият әзірлеуге шақырды.

Президенттің айтуынша, мемлекеттік органдардың ше­шімдері азаматтар тарапынан жиі сыналады, кей жағдайларда, тіпті, халықтың ашу-ызасын да тудырады.

Мәселен, бүгінде Қазақ­станға Еуразиялық экономи­ка­лық одаққа мүше елдерден әкелінген автомобильдерге қа­тысты қоғамда проблема туындауда.

Қасым-Жомарт Кемелұлы аталған проблеманы шешу үшін Қазақстанға Еуразиялық эко­номикалық одаққа мүше елдерден 2020 жылдың 1 ақ­па­нына дейін әкелінген авто­мо­бильдерді бір айдың ішін­де бір реттік тәртіппен уа­қыт­ша тіркеуді тапсырды. Бұл автокөліктерді тіркеу                         2021 жыл­дың  1 наурызына дейін жал­ғасатындығын айта кетейік.

Бұл ретте азаматтар тіркеу алымдары мен мемлекеттік баж салығын төлеуі тиіс. Уақытша тіркеу автомобильдердің меншік құқығынан шығарылмай, басқа тұлғаның пайдалануына немесе басқаруына берілмей жүзеге асырылады.

Яғни, автокөлік иелері 2021 жылдың 1 наурызына дейін кедендік баж салығын және автомобильді тұрақты тіркеуге қою немесе елімізден шығару, сондай-ақ, заңнама жүзінде тыйым салынбаған басқа да іс-қимылдарды жүзеге асыру кезінде салынатын утилизация алымын төлейді.

Осыған байланысты, Мемлекет басшысы алдағы кезеңде Үкіметке бұдан былай ел заңнамасын бұза отырып шетелден автокөліктердің әкелінуіне, пайдаланылуына шектеу қоюды жүктеді.

Өздеріңізге белгілі, бүгінгі күні Қызылорда облысы бо­йынша да қазақстандық тіркеуге өтпеген шетелдік көліктер бар.

Сондықтан, Қызылорда облысы бойынша кірістер де­партаменті (Ғалымжан Қал­дыкөзұлы Орынов) және по­лиция департаменті (Сұлтан Бектөре Жеңісбайұлы) 2020 жылдың 1 ақпанына дейін облысқа әкелінген ав­томобильдерді бір айдың ішінде бір реттік тәртіппен уақытша тіркесін және осы автокөліктер иелеріне түсіндірме жұмыс­тарын кең көлемде жүргізсін.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қымбат көліктер мен жиһаздарды сатып алуға, түрлі форум, семинар, конференциялар өткізуге жұмсалатын шығындарға  ұзақмерзімді мораторий жариялауға тоқталып, «ысырапшылдыққа жол бермеу керек. Шығыстар орынды болуы қажет. Бөлінген қаражат елдің мүддесіне қызмет етуі тиіс» деді.

Бұл ретте, мемлекеттік сатып алу үшін бөлінген қаржыны оңтайлы және тиімді жұмсау мақсатында облыс әкімінің орынбасары Бахыт Дүйсенұлы Жаханов, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы (Нұрғали Қордабай) сатып алуларға қатысты бюд­жеттік өтінімдерді жария­ланатын мораторийге сәйкес қайта қарауды тапсырамын.

Сонымен бірге, об­лыс­тық мемлекеттік сатып алу басқармасы тапсырыс беру­шілердің мемлекеттік сатып алуды өткізуге қатысты өтінімдерін қарастыру кезінде осы тапсырманы басшылыққа алуы тиіс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2020 жылды «Волонтерлар жылы» деп жариялады.

Еріктілер жылында жастарымызды, аймақ еріктілерін қоғамда қолдауды қажет ететін ел тұрғындарына барынша қолғабыс етуін үйлестіру керекпіз.

Сондықтан, Наурызбай Сейіт­қалиұлы Байқадамов, тиіс­ті салалық құрылымдармен бірлесіп, Еріктілер жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жос­парын аймақта жүзеге асыру бойынша жобасын жасақтап, 1 ақпанға дейінгі мерзімде бекітуге ұсыныңыздар.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жыл қорытындысымен осы жыл аясында белсенділік танытқан еріктілерді мемле­кеттік наградаға дейін ұсынуды тапсырды.

Өздеріңізге белгілі, биыл­ғы жылы Әбу Насыр әл Фа­рабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы және Алтын Орданың 750 жылдығы аталып өтіледі. Бұл ретте жыл көлемінде облыста ұйымдастырылатын шараларды ғылыми-ағартушылық ша­раларға бағыттап, жоғары дең­гейде ұйымдастыру маңыз­ды.

Сондықтан облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Сейіт­қалиұлы Байқадамов және облыстық мәдениет, ішкі саясат, білім, жастар басқармалары шараның жалпыхалықтық сипат алуына басымдық беруі қажет.

Рухани жаңғыру аясында ұлы бабалардың мерейтойлары жас ұрпақтың ұлттық жадын қалыптастырып, рухани түлеуіне қызмет етеді деп санаймын. 

Сондықтан қала, аудан әкімдері және мәдени-та­ным­дық шараларға жауап­тылар мерейтойларды ұранға айналдырмай, ысырапшылдыққа жол бермеу қажеттігін басты назарда ұстауы керек.

Наурызбай Сейітқалиұлы, шараның идеологиялық маз­мұнына жауаптысыз.


Құрметті әріптестер!

Актив жиынына қатысушылар!


Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төр­аға­лығымен 2020 жылы 24 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларына сәйкес мә­селелерге тоқталып, сала басшыларына атқарылатын жұмыстар жөнінде  нақты тапсырмаларды бердім. 

 Атқарылған, сонымен қатар, биылғы жылы атқарылатын жұмыстар жөнінде қоғамдық кеңес мүшелерінің және ағым­дағы жылдың 19 ақ­панында халық алдындағы дәстүрлі есебімде жан-жақты тоқталатын боламын.  

Өздеріңізге белгілі, есеп беру алдында және алдағы жұмыстарды жоспарлау мақ­сатында барлық елді мекендерді аралап, тұр­ғындармен кездесулер өткізіп, мәселелерді өз көзіммен көріп, танысудамын.

Мәселен, Арал ауданындағы 49 елді мекеннің 25-ін, Қа­залыдағы 43 елді мекеннің 22-сін, Қармақшы ауданындағы 13 елді мекеннің 13-ін, Жалағаш ауданындағы 14 елді мекеннің 14-ін, Сырдария ауданындағы 13 елді мекеннің 13-ін түгелдей аралап шықтым. Яғни, осы аудандардағы барлығы – 132 елді мекеннің 87-сін араладым.

Ендігі кезекте Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Қы­зылорда қаласының елді ме­кен­деріне барамын. Ха­лық­пен кез­десулерде түскен барлық ұсы­ныс-пікірлер ескерусіз қал­майды.  

Облыстық мәслихат депу­таттарының сауалдарын да сараптаудан өткізудеміз. Осыдан кейін биылға арналған  облыс әкімінің іс-қимыл жоспары дайындалады. Мақсатымыз айқын, мүддеміз бір.

Барлық жоспарларымыздың нәтижелі болуы өзара бірлігіміз бен қолдауымызға байланыс­ты. Ынтымағы жарасқан елдің болашағы зор екенін білесіздер. Ендеше ынтымағымызды нығайтып, бірлігімізді күшейтіп жұмыс жасауға шақырамын.

Еліміз, Елбасымыз, Прези­ден­тіміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 қаңтар 2020 г. 641 0