« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жалынды жас Әли Ибрагимнің жеткен жетістігі орасан. Ол бокспен шұғылданады, ұлттық спорт түрлеріне, соның ішінде садақ ату өнеріне әуес. Жуырда бұл қызығушылығын кәсіп көзіне айналдырып үлгерді. Қызылорда қаласынан дәстүрлі «Алтын жебе» орталығын ашқан жас кәсіпкер ер жігіттің бес қаруының бірі көпшілікке таңсық болмауын қалайды.
– Спортқа жақынмын. Мектеп жасымнан Жалаңтас баһадүр атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының бокс үйірмесіне қатыстым. Сабырды шыңдайтын садақ ату өнеріне де қатты қызығатынмын. Сондықтан түрлі курстарға қатыстым. Айтарлықтай нәтиже болды. Түркияда өткен мергендердің халықаралық сайысында бақ сынадым. Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған «Этнофест», Алматыда өткен «Ұлы дала көшпенділер әлемі» фестивалінде өнер көрсеттім. Уақыт өте жақындарым кәсіпкерлікке икемім барын, осы қызығушылығымды табыс көзіне айналдыруға болатынын айтты. Дереу іске кірістім. Қазір соның жемісін көріп отырмын, – дейді кейіпкеріміз.
19 жастағы Әли Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да денешынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алуда. Өзі айтқандай, бір ғана іспен шектеліп, қол қусырып отырған жоқ. Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Жас кәсіпкер» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқыған. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы негізінде қайтарымсыз грант жеңіп, өзі ашқан орталықта жаттықтырушы қызметін атқарып жүр.
– Ұлттық спортты дамытуға қатысты үйірмелер аз. Сондықтан мен осы іске үлесімді қосқым келді. Мемлекеттің демеуіне ризамын. Бізге кәсіпкер атану үшін психологиялық әзірліктен бастап, бизнес-идеяны жетілдіру оңайға түспес еді. Садақ ату жігерді шыңдап, мергендікті, ой ұшқырлығын арттыра түсетіндіктен, замандастарыма оны әлі де қолжетімді етудің жолын қарастырудамын, – дейді Әли.
Жас кәсіпкер бұл спорт түрінің бірқатар артықшылығына да тоқталды. Айтуынша, ерте кезде садақ ату мен мергендік өнер баға жетпес құндылық саналған. Сондықтан да, көшпенді халқымыз ер баланы жастайынан осы спорт түріне баулып, ел қорғауға тәрбиелеген. Екіншіден, садақ атуда халқымыздың тарихи жадысы мен тектілігі жатыр. Бұл ретте садақ атудың түрлерін тарқатып айтуды да жөн көрдік. Ол – әлемдік деңгейде жақсы дамыған олимпиадалық спорт түрі. Жыл сайын құрлықтық чемпионаттар мен үлкен турнирлер өтеді. Ал, біздің сөз етіп отырғанымыз – байырғы этникалық садақ ату. Аталған түр қазір Венгрия, Жапония, Корея, Моңғолия сияқты елдерде даму үстінде. Моңғолиялық садақшылар тік тұрып нысана көздеуден сайысатын болса, мажар бауырларымыз ат үстінен садақ тартуға машықтанған екен.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |