Атадан дарыған өнер

 Бірер  жыл бұрын қызылордалық зергер Бекзат Жақыповтың үйінде болдық. Он саусақтан туған туындылар көздің жауын алады. Бекеңнің қолынан шыққан батырдың сауыт-сайманы мен бес қаруы құйқаңды шымырлатып, бабалардың асқақ рухын паш етіп тұрғандай. Одан өзге ат әбзелдері мен сәндік әшекей бұйымдардың да орны бөлек. Біршама дүниесі мұражайда сақтаулы. 

Универсам аумағындағы ша­­ғын дүңгіршекте зергерлік бұ­йымдарды жөндейтін ше­бер­дің осынша мол дүниесі барын бір көргеннен байқай алмайсыз. Бойындағы ұсталық да­рыны арғы атасынан қонған деседі. Өмірге келе сала «ұста бала» атанған оның ерекшелігі де осында.

– Мен дүние есігін ашпай жатып әкем «Бұл менің емес, Өтеуілдің баласы» деп ұста бала атаған. Осылайша қолыма сайманды ерте кезден ұстадым. Әкемді аға деп өстім, ол кісі мен не жасасам да мақтап, қолдау көрсететін. Содан менің ұсталық өнерге бейімдігім артты. Бастауыш сыныпта сурет салуға қабілетім ерекше болды. Мектеп бітірген соң арман қуып Алматыға аттанып, суретші-зергер мамандығында білім алдым, – дейді Бекзат Әнесұлы.

Үлкен атасы атақты ұста болған. Үш жүздің пірі – Марал бабаның ұрпағы. Ал арғы атасы Кеңесарының қасында жаумен айқасқан.

– Сондықтан батырдың бес қаруын жасамасам, өзіме сын болар еді... Бес қаруды «Шабыт» фестиваліне апардым. Оны жасауға төрт ай уақытымды жұмсадым. Одан бұрын «Көшпенділер» фильміне бірге оқыған жігіттің өтінішімен ер-тоқым, дулығаларды жасап берген едім. Содан кейін өзіме бес қару жасауды алдыма мақсат қылғандағым ғой. Қы­лышты «КамАЗ»-дың рессорынан жасадым. Анау-мынау ағашты шауып түседі, нағыз соғыс қаруы. Одан кейін 20-30 қылыш жасағанмын, бірде-біреуі сол қылыштай болмады. Өйткені, материалы бөлек болатын, – дейді Бекзат шебер.

Бұл күнде Бекең жасаған бес қарудың түр-түрі Ақтөбе облысындағы, Қармақшы, Сыр­дария аудандары мен облыс орталығындағы мұражайда ке­лушілердің көзінің жауын алып тұр. Ал Өтеуілден бері ұрпақтан-ұрпаққа тараған бір дорба сайманнан қазір көрік қана қалды. Көненің көзі Бекеңнің шеберханасында.

1993 жылдан бері талай фестивальға қатысып келеді. Топ жарған сәттері де аз емес. «Жігер» фестивалінде де болды. Сан мәрте халықаралық байқаулардың бас бәйгесін қанжығасына байлады. Түптеп келгенде, ұлттық иіс аңқып тұратын туындылары қазақтың ұлылығын танытып, үлгі болып тұрды. Қазір ағаштан бұйым жасайды, темірден түйін түйеді, тері илеп, оны да бұйымға қолданады.

– Тері илеу – өте қиын. Тех­нологиясы ауыр. Мен оны 6-7 жыл зерттедім, – дейді шебер және бір сөзінде. Қобыз жасағанда қолдандым теріні. Негізі ұста үшін балғаның салмағы қолға келу керек. Балға – ұста қолының жалғасы. Соққанда сезіп отыруың керек. Отыз жылдан бері үйреншікті әдетім болған соң металды сезетін болдым. Сезініп істеген ісіңнен ләззат аласың, әйтпегенде мықты маман болуың неғайбыл.

Үшінші ұлымның зер­гер­лік өнерге бейімі өте жоғары. Қазір он бір жаста. Күмістен алқа жасайды. Алдыңғы екеуіне мамандық таңдауға мүмкіндік бергенмін. Үшінші ұлым жо­лымды қуады деп отырмын.

Атадан балаға мирас боп қалған ұлттық құндылық ұлылығымызды асқақ­татып тұр. Әрбір жасаған бұ­йы­мынан бір ерекшелік бай­қайсыз. Шебер Бекзат­тың өз ісіне деген зор махаббатына разы болып тарқастық. Әне, ол тапсырыспен тағы бір жүзік жасауға кірісіп кетті. Пәлі-ай...

Дәулет ҚЫРДАН.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 қаңтар 2020 г. 934 0