Қызылордаға үкі қайдан келді?

Қызылорда облыстық психиатриялық денсаулық орталығының кіші аяжаны Бақыткүл Қарғабаева жұмыс орнының ауласынан Қызыл кітапқа енген дала үкісін көріп, сирек кездесетін құсты жылы жерге әкеліп, дереу тиісті орындарға хабарлаған. 

Аталған мекен-жайға құстың қауіпсіздігін көріп, бақылап, арнайы орынға жеткізу үшін Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары және ветеринариялық мекеме мамандары келіп, құстың жағдайын зерделеп, тексерді. Тексеру барысында дене жарақаты мен ауру белгілері анықталған жоқ. Құс уақытша Қызылорда орман шаруашылығы және жануарларды қорғау мемлекеттік мекемесінің мамандарына тапсырылды.

Үкі – жапалақтардың ішіндегі ең ірісі. Негізінен орманды мекендеп, жемін көбіне түнде аулайтын жыртқыш құс. Ұшқанда дыбыссыз қанат қағады. Ол бізде тундрадан басқа жердің барлығында кездеседі. Ұяларын жерге, жартастарға, кейде ағаштарға салады. Жер жағдайына және жыл маусымына қарай қоректерінің түрлері өгеріп тұрады. Жаз кезінде қояндармен, қосаяқтармен және кірпілермен қоректенсе, қыс мезгілдерінде майда құстармен азықтанады. Қазіргі таңда Қызыл кітапқа енген, сирек кездесетін құстардың санатында.

«Табиғат қорларының азайып кетпеуіне сіз болып біз болып ат салысып қорғап қалуымызға болады. Осы тұста тиісті шараларды дер кезінде қабылдап, жанашырлық танытқаны үшін аяжан Бақыткүл ханымға алғысымызды жеткіземіз. Табиғатты аялайық, қастерлеп келешек ұрпаққа мұра етіп қалдырайық!»,– дейді мамандар.

Айнұр Батталова, 

"Сыр бойы"
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қаңтар 2020 г. 881 0