« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жуырда шалғайдағы Ақбасты ауылында екі бірдей балық өңдеу цехы қолданысқа берілді. Оның бірі балық қабылдап, сақтауды жүзеге асырса, екіншісі балықтан бұқтырылған консервіні тұтынушыға ұсынады.
Аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдың тіршілігі жұртшылыққа бұрыннан таныс. Мал өсіріп, шаруасын дөңгелентіп, табысқа жетіп отырған жандар аз емес. Сонымен қатар, атакәсіпті қолға алып, шаруасын ширатып алғандар да бар. Бұл ауылда кеңестік заманда балық өңдейтін кәсіпорын болған. Ауыл ақсақалы Сәуелхан Смағұлов сол өндірісте ұзақ жылдар бойы еңбек етіпті.
– Теңіз тартылған соң бұрынғы өндіріс орны жабылды. Сол кезде ауылдың болашағына сенім азая бастаған. Тіпті осыдан бірнеше жыл бұрын ауылда кәсіпкер де жоқ еді. Міне, мемлекет қолдауына сүйеніп, балықты консервілейтін цех пен мұздататын кәсіпорын ашылып отыр. Бұл – шағын бизнестің өркендей бастағанының белгісі. Шалғайдағы ауылда мұндай өндіріс орнын ашу – үлкен ерлік, – дейді ол.
Ауыл тұрғыны Ернар Құлжанов өз бастамасын жүзеге асыру үшін қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Кәсіп иесі балық консервілеу цехында бірқатар ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Әзірге тәулігіне 40 дана консерві шығарады. Алайда, ол тың жобаның болашағы зор екеніне сенімді.
Ал теңізден «су маржанын» сүзген ақбастылық балықшылар енді несібесін бұрынғыдай көтерме бағамен арзанға өткізбейді. Өйткені, ауыл тұрғыны Жандос Құлмановтың мұздату цехы бар.
Ақбастылықтардың қуанышына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев та ортақтасты.
– Ауданда балық шаруашылығы өркендеп келеді. Міне, бүгін Ақбасты ауылында балық мұздататын және консервілейтін екі бірдей цех пайдалануға беріліп отыр. Осындай ел игілігі үшін қызмет жасауды мойнына алып, бастама көтерген кәсіпкерлерге алғыс айтамыз, – деді аудан басшысы.
Өз кезегінде кәсіпкер Ж.Құлманов мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға ризашылығын білдірді.
– Атакәсіпті қолға алып, өркендету көптен бергі мақсатымыз еді. Тиімділігі балық мұздатқышта қатырылып, қапталады. Одан кейін 100 тонналық қоймада сақталады. Бұл «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға бағдарлама» аясында іске асып отыр. Мұның бәрі сәтімен жүзеге асырылған «САРАТС-1» жобасының ықпалы дер едім, – дейді ол.
Бұл нысан әуелі кәсіпкердің өз қаражаты есебінен ірге көтерген болатын. Алдағы уақытта 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді деп күтілуде.
Айта кетейік, ауданда жұмыс жасап тұрған 8 балық өңдеу зауытының екеуі «Еврокод» белгісіне ие. Яғни, өңделген балықты Еуропа нарығына жөнелте алады. Тағы төрт зауыт балықты тереңінен өңдесе, өзгелері балықты қатыру, мұздату және ыстау сияқты өңдеу жұмыстарымен айналысуда. Мәселен, осы зауыттарда өткен жылдың 11 айында 3 мың тоннаға жуық балық өнімдері экспортқа шығарылған. Оның ішінде Ресей, Польша, Украина, Қытай, Нидерланд, Грузия, Әзербайжан, Қырғызстан және Германияға дейін жеткізілуде.
Дәуіржан Елубаев.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |