« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
...Қиян шеттегі ауыл. Есік алдындағы бес түп жүзімнің жапырағы түсіп, сидаланған. Қоңыр күзде тамырын тереңге тарта бастаған жүзімнің жапырағы түсіп, мезгілі жеткен соң ұйқыға бет алған.
Мен бұл жүзімдерді көшет кезінде, тұқымы жақсы болған соң, кейін алармын деп Оңталапқа берген едім. Салалы сабағына қарап, күтімі жақсы, құнарлы топыраққа тамыр байлағанын байқайсың. Сол маңдағы ауыл жігіттеріне жүзімдердің тамырын зақымдамай алып беруін өтіндім. Олар әп-сәтте біреуін дайын етті. Бес түп жүзімнің біреуін ғана алып кетуге шамам келетінін білдім. Оны көтеріп үйден ұзай бергенімде ауылдың арғы шетінен
– Секе, ау Секе! Жүзімдерге тиіспе! – деген әлдекімнің даусы естілді. Мен естімеген сыңай танытып кете бердім. «Танымайтын біреудің менде несі бар, алсам өз жүзімім емес пе?»
– Әй, Серік, жүзімдерді қалдырып, тыныштықпен жөніңе кет! – деген өктем дауыстан дауыс иесінің менімен жағаласудан тайынбайтын сыңайын байқадым.
«Бұл неғылған адам, мен жүзімді берсем Оңталапқа бердім, ренжісе соныкі жөн болар еді. Айдаладағы ауыл адамының несі күйді?» – деп менің де терім тарылып, жүйкем сыр бере бастады. Сонда да өзімді-өзім сабырға шақырып, сабама түсе бастадым.
– Әй Серік! – деген дауыстан оянып кеттім. Өңімдегідей айқын көріп жатқан түсті таңғы шайға шақырған Жәмиланың дауысы үзіп жіберді.
Әншейінде көрген түске мән бермей, артынша ұмытылып қалатын. Мына түске ой бөліп, өзімше жорып көдім. Жаман емес, тіпті, жақсы түс сияқты.
Оңталап Нұрмаханов 1996 жылы Аралдан Қызылордаға көшіп келіп, мәдениет саласындағы мекемелерде қызмет етті. Өзінің құдай берген қабілетінің арқасында аудан аясынан асып, облыс көлеміне танылып қалған талант иесі. Халық театрларында актер, режиссер, айтыс ақыны болып талай сайысқа түскен. Мерекелік шара, концерттердің сценариін жазу, оны сахналау сияқты мәдени іс-шаралардың басы-қасында жүреді.
Даталық қойылымдар, науқандық жұмыстар – уақытша іс.
Оңталап кәсіби өнермен айналыспақ болып Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрына режиссер болып келді. Біздің қарым-қатынасымыз осы кезден басталды. Ол режиссер, мен суретші болып бір қойылымның өмірге келеуіне ой қозғадық. Ол – жас, қиял жетегіндегі албырт шағы, мен орта жасқа жетіп ой тоқтатқан, тәжірибелі театр маманымын. Екеуара шығармашылық бірлестікте туған өнер туындылары көрерменнің көңілінен шығып, театр сыншыларының оң бағасын алып, Оңталап кәсіби маманға айналды. Театр өнеріне деген құмарлығы артып, оны өз өнерінің негізгі өзегіне айналдырды.
Арасында театрдан кетіп, еркін шығармашылықпен айналыспақ болғанда да театрдан қол үзбеуге тырысты. Ол жаңа өлеңдерін маған оқып, кейбір пікірлеріме мән беріп, өлеңдерінің безендіру жұмысын тапсыратын. 2015 жылы алғашқы жыр жинағы «Қорқыт-Қобыз» кітабын шығарарда ақылдасты. Мен шын ықыласыммен безендіріп бердім.
Оңталаптың шығармашылық өміріне менің ықпалым болғаны рас. Фамилиямыздың Пірмахан мен Нұрмаханның ұқсастығына қарап, өзгелерге немере туыспыз деп таныстырады. Осы уақытқа дейін ол інілік, мен ағалық жолымыздан жаңылған емеспіз.
Енді көрген түсті өзімше жорығанда төмендегідей ой түйдім:
«Оңталапқа берген көшетім – менің азды-көпті шығармашылық тұрғыдан оған жасаған көмегім. Ол алған көшетті елге барып ексе – оның еңбегінің елге танылғаны. Ел адамының оған жаны ауырып, өз игілігіне балап жатса Оңаталаптың еңбегі ел игілігіне айналады екен» – деген тұжырымға келдім.
Иә, өнер адамына еткен еңбегі ел игілігіне жарағаннан артық бақыт бар ма?!
Серік ПІРМАХАНОВ,
ҚР еңбегі сіңген қайраткері, Суретшілер Одағының мүшесі,
Н. Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрының бас суретшісі
Авторлық анықтама: «Телефоным шыр етті», – деп бастады Оңталап ағам әңгімесін түстің тарихын сұрағанымда. – Секең екен.
– Оңталап, сен туралы түс көрдім. Соны қағазға түсіріп қойдым. Келсең өзіңе оқып берер ем, – деді. Мен бара алмадым. Бұл әңгіме оның дүниеден озарынан тура 3 күн бұрын болды. Теледидардан Генадий Головкиннің кезекті жекпе-жегін көріп отырып шайқас аяқталғанда:
– Гена жеңді ма, жеңсе неге қолын көтермей жатыр? – деп сұрапты ұлынан. Бұл оның ақырғы сөзі екен. Сонан соң жүріп кете беріпті. «Марқұм жүректен кетті ғой», – дегенді қосты.
Кейін Жәмила жеңгемнен: «Секеңнің қағаздарының арасында түс туралы жазбасы жоқ па?» сұрадым. Табылыпты. Сол кеше қолыма тиді, – деген ағам Секеңнің жазбасын ұсынды.
Бұл оның ақырғы түсі болған шығар.
Зырғып жатқан уақыт-ай! 2017 жылдың қыркүйек айында Сыр халқы талантты ұлын ақтық сапарға шығарып салған еді...
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
«Сыр бойы» газеті.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |