« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Шағын және микробизнестерге тексеруді азайту мақсатында жасалған үш жылдық мораторий жыл басталысымен күшіне енді. Ендігі жерде мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлікті тексеруді және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізе алмайды. Бұл – елімізде шағын кәсіпкерліктің дамуына жол ашуда. Сондай-ақ, бизнесті оңтайлы жүргізуге және бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік беретін болады.
– Арнаулы салық режимдерін қолданатын және микрокәсіпкерлік немесе шағын кәсіпкерлік субъектілері болып танылатын тұлғалар, оның ішінде бірыңғай жер салығын төлеушілер үш жыл мерзімге кірістен салық төлеуден босатылады. Салық Кодексінің 686, 687, 695, 700-баптарына сәйкес есептелген корпоративтік (жеке) табыс салығының сомасын (төлем көзінен ұсталатыннан басқа), 687-бапқа сәйкес есептелген әлеуметтік салық сомасын, сондай-ақ, 704-бапта есептелген бірыңғай жер салығының сомасын 100 процентке азайтады. Президенттің бұл Жарлығы ел экономикасының дамуында микро және шағын бизнес субъектілерінің үлес салмағының едәуір ұлғаюына жасалынып отырған шара деп ойлаймын, – дейді облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Гүлнар Исаева.
Айта кету керек, мораторий жарияланғанымен, егер кәсіпкерлік субъектілері тарапынан халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға және қоғамдық тәртіпке немесе ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін бұзушылықтар орын алса, сондай-ақ, еліміздің заңнамасында белгіленген талаптарды бұзу фактілерінің себебін анықтау мақсатында нақты кәсіпкерлік субъектісіне қатысты бір жоспардан тыс тексеру жеткіліксіз болған жағдайда тексерулер орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органның бірінші басшысының шешімі негізінде жүргізілетін болады.
– Бұл жерде ең алдымен микрокәсіпкер мен шағын кәсіпкердің кім екенін анықтап алған жөн. Мәселен, микрокәсіпкер дегеніміз – жұмыскерлерінің жылдық орташа саны он бес адамнан аспайтын немесе жылдық орташа кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 30000 еселенген мөлшерінен, яғни, 79,5 млн теңгеден аспайтын, жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын шағын кәсіпкерлік субъектілері. Ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне заңды тұлға құрмаған жеке кәсіпкерлер және жұмыскерлерінің жылдық орташа саны 100 адамнан аспайтын, жылдық орташа кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген әрі тиісті қаржы жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 300000 еселенген мөлшерінен, яғни 795 млн теңгеден аспайтын, кәсіпкерлікті жүзеге асыратын заңды тұлғалар жатады. Осы тұлғалар ғана мораторийге қатыса алады, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер бойынша орынбасары Салават Құлмахан.
Жалпы Жарлық бойынша өз қызметіне қатысты кәсіпкерлік субъектілерінің өтініштері негізінде, оның ішінде «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы заңға сәйкес рұқсат алуға арналған өтініш бойынша тексерулер және профилактикалық бақылауды жүргізу өз күшінде қалды. Сонымен қатар, 2014 жылғы 4 шілдедегі Қылмыстық-процестік кодексте көзделген негіздер бойынша тексерулер, Президенттің және Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша прокуратура органдарының тексерулері, кедендік, қарсы салықтық тексерулер, салық төлеуші мен оның дебиторлары арасындағы өзара есеп айырысуды айқындау, салық органдарында тіркеу есебіне қою, касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы салық органы шығарған өкімдерді орындау мәселелері бойынша тақырыптық салықтық тексерулер, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында өнім қауіпсіздігінің мониторингін жүзеге асыру үшін өнімді іріктеу және оған санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жасау мақсатындағы профилактикалық қадағалау жасауға мораторий қолданылмайды.
Қалай десек те, бұл мораторий кәсіпкерліктің нығаюына өз әсерін тигізу керек. Кәсіпкерлерде шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруден үш жылға босатуының өзі бизнеске үлкен көмек екенін айтады.
– Өткен жылы қайтарымсыз грантқа қол жеткізу арқылы Байқоңыр қаласынан қазақ тілді балабақша аштым. Көп ізденіп, үлкен еңбекпен жеттім. ұзамай Президенттің мораторий жариялау туралы шешімі шықты. Шағын кәсіпкерлікті енді ғана қолға алған біз секілді кәсіпкерлер үшін бұл жақсы мүмкіндік болып тұр. Үш жылдың ішінде аяққа тұрып, мамандарым да тәжірибе жинақтап алады деген ойдамын, – дейді жеке кәсіпкер Индира Төлебекова.
Бүгінде шағын және орта кәсіп иелерін салықтан толықтай босатқан жаңа салық кодексіне сәйкес кәсіп иелеріне бір ғана талап қойылып отыр. Олар онлайн кассалық аппаратты қолдануы керек. Бұл көлеңкелі бизнестің алдын алу үшін қажет дейді мамандар.
– Микро және шағын бизнес субъектілері мораторий кезінде мемлекеттік кірістер органдарына тапсырылатын салық есептіліктерінде салық сомасы көрсетілмегенмен, табыстарын көрсетуі қажет, – дейді Гүлнар Исаева ендігі кезекте.
Сонымен қатар, сатып алушыға чек бермеу, табысын жасыру, т.б заңнама талаптарын орындамаған жағдайда камералдық бақылау, салықтық тексерулер жүргізілетіндігін де ескеру қажет.
Облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кіріс көздерін толтыру, көлеңкелі экономикамен күресу және мемлекетіміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бизнес субъектілерінің мүдделерін қорғай отырып, салық төлеушілерге заңдылықтарды түсіндіру, кәсіпкерлік субъектілерінің салықтық мәдениетін қалыптастыру бағытында жұмыстар атқаруда.
Жалпы елімізде бизнеске бағытталған мораторий бұған дейін үш рет жарияланған. Ең алғашқы мароторий 2003 жылы қабылданған болатын. Арада 5 жыл өткенде, яғни 2008 жылы, одан кейін 2014 жылы жарияланды. Төртінші мораторийдің ерекшелігі – 3 жылға қабылданғандығында. Аз уақыт емес, десе де, бәсекеге сай, нарықтан тұрақты орын алуға жеткілікті мерзім. Сондықтан кәсіпкерлер бұл уақытты барынша тиімді пайдаланып, мүмкіндікті жіберіп алмауы қажет.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |