Есепті кездесу – ертеңге бағдар

Облыс бойынша түрлі деңгейдегі әкімдердің өткен жылды қорытындылап, халық алдында есеп беру жиындары әлі де жалғасуда. Осы кезге дейін әкімдердің бірқатар елді мекенде тұрғындармен кездескені, былтыр атқарылған жұмыстар және ауқымды мәселелердің түйіні тарқағаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Есепті кездесуді Белкөл кентінен бастаған Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қосшыңырау, Қа­рауыл­төбе, Ақжарма ауылдық окру­гін­дегі  халықпен де жүздесті. Қалаға іргелес орналасқан үш ауылда әлеуметтік мәселелерге басымдық бері­ліп, инфрақұрылым бойынша бірқатар жұмыс жүргізілген. Айталық, үш мыңнан астам халқы бар Қосшыңырау ауылдық округіндегі Досан елді мекенінде табиғи газды ауылға кіргізу үшін «КазЭнергоПроектСтрой» ЖШС-мен келісім жасалып, бүгінде 51 отбасы орталықтандырылған ілеспе газдың игілігін көріп отыр. Кәсіпкерлік саласында да батыл бастамасымен бизнесін жолға қойғандар жетерлік. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында жалпы құны 6,4 млн теңгені құрайтын 13 жоба қолдау тапқан. «Агробизнес» бағдарламасы шеңберінде де бірнеше жоба іске асырылып, Жастар жылы аясында 3 жас кәсіпкер 8,5 млн теңге көлемінде қаражат алып, кәсіп бастаған.

Ал, қарауылтөбеліктер үшін өткен жылдағы басты жаңалық – көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізуі. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында Қарауылтөбе елді мекеніндегі 12,8 шақырымды құрайтын ауыз су жүйелеріне 236 млн қаржы қаралып, ауылдық округ толығымен ауыз сумен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, осы жоба аясында А.Құнанбаев тұйығына жарық бағаналары қойылған.

Бұған дейінгі есеп беру жиындарында жаңа Мәдениет үйі керегін мәселе етіп көтерген Ақжарманың халқына былтыр жаңа нысан пайдалануға берілді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген ғимарат – ел тілегі ескерілгенінің айқын дәлелі. Қайтарымын күтпестен жақсылық жасайтын жанашыр жандар Ақжармада аз емес. Иә, өткен жылы демеушілер көмегімен ауылдағы 7 отбасы баспанаға қол жеткізген. Жалпы, былтыр 125 отбасына «Жүрек жылуы» акциясы аясында 11 млн 425 мың теңге көлемінде көмек көрсетілген.

Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев Жіңішкеқұм, Мергенсай, Атанши ауылдық округінде және Жақсылықыш кентінде өткен есеп беру жиынына қатысты. Аудан әкімі елмен кездесуде атқарылған жұмыстарға шолу жасап, алда тұрған негізгі міндеттерге тоқталды. Шалғай орналасқан ауылдарда кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салалары бойынша тындырымды жұмыс атқарылып, бүгінгі заманның басты жетістігі – интернет желісі қосылған. Иә,  Тоқабай ауылында жоғары жылдамдықты интернетке қосу мақсатында биіктігі 40 метр мұнара орнатылып, дәрігерлік амбулатория және ветеринариялық пунктке интернет желісі қосылған. Округ бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің саны 43-ке жетіп, негізінен мал шаруашылығымен айналысатын ауыл биыл «Өтебәлі» және «Балтық» шаруа қожалықтарымен толыққан.

Бес жүзге жуық халқы бар Атанши ауыл­дық окру­гі­нің негізгі кәсібі – мал шаруа­­шылығы. Осыған орай ірі қара, жылқы малдарын көбейту мақса­тында несие алып, кәсібін кеңейткендер саны артқан. Мергенсайда да тұтас еліміз бойынша кәсіпкерлерді қолдау жұмыстарының игілі­гін көргендердің қатары басым. «Нәти­желі жұмыспен қам­туды және жаппай кәсіп­­керлікті дамы­тудың 2017-2021 жыл­дарға арнал­ған» Еңбек мемлекеттік бағдар­ламасына сәйкес «Бас­тау Бизнес» курсы бойынша 8 адам сертификат алса, 1 адам «Жас кәсіпкер» курсын оқып бітірген. Сондай-ақ, былтыр Жалаңаш ауылының бір көшесіне толықтай түнгі жарық шамдары орнатылған. Ауылдық округ халқы негізінен балық және мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінде «Аста» ЖШС өз қаржысына Жалаңаш ауылынан балық өңдеу цехын салуда. Айта кету керек, ауқымды істердің атқарылғанына алғыс­тарын білдірген  ауыл тұрғындары ауылдық округ­тегі медициналық бекетке жедел-жәрдем автокөлігін бөлу, Жалаңаш елді мекенінде электр энергиясының бірқа­лыпты берілуін ретке келтіру, ұялы байланыс орнату сынды бірқатар мәселелерді көтерді.

Өткен жыл тұзшылар ме­кені – Жақсықылыш кенті үшін де табысты болды. Мұндағы ірі өндіріс орны «Аралтұз» АҚ-да былтыр 438 845 тонна тұз қа­зылған. Бүгінде мал шаруа­шылығы бағытында 29 шаруа қожалығы және 7 жеке кәсіпкер жұмыс жасау­да. Ал, кәсіпкерлік саласы бо­йынша 122 жеке кәсіпкер тіркелген. Сондай-ақ, кент тұр­ғындарының сұранысына сәйкес көше бойындағы 211 бағана жарықтандырылған. Ең бастысы, биыл кентішілік газ құбыры тартылып, жер­гілікті халық көгілдір отын игілігін көрмек. Жиын барысында тындырымды тір­лікке ризашылық білдірген тұрғындар ұсыныстарын да жеткізді. Енді №19 мектепке 100 орындық қосымша құ­рылыс, дене шынықтыру және сауықтыру кешенін салу мен кентішілік автомобиль жол­дарын орта жөндеуден өт­кізу жұмыстарын жүргізу қажет.

Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев Майдакөл, Ақжона, Алға ауылдық окру­гінің тұрғындарымен кез­десіп, халық алдында есеп беруде. Бүгінде Майдакөл округі бойынша 110 кәсіп­керлік субъектісі тір­келген. Салаға деген үлкен қолдаудың нәтижесінде ауылдарда бұрын-соңды болмаған қыз­мет көрсету орындары ашыла бастады. Айталық, Бекарыс­тан би ауылында 10 азық-түлік дүкені, тігін цехы, май құю бекеті, асаба, шаштараз, кондитерлік өнімдер шығару, сұлулық салоны, пластик есік және терезе жасау цехы жұмыс істеп тұр. Бизнес-идея­сы мығым жастарға қолдау да мол. Бекарыстанбиліктер  аудан басшысымен кездесуде ауылға жаңадан КТПН трансформатор қондырғысы алынса, кең жолақты интернет жүйесі тартылып, ветери­нарға көмекші берілсе деген ұсыныс-пікір­лерін білдірді. Жалпы, Қазалы ауданы бойынша ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Ақжона ауылдық окру­гіне қарасты Жалпақ елді мекенінде ауызсу сервистік желіге қосылған. Сондай-ақ, осы округке қарасты Майда­көл ауылында «Жас­тар алаңы» салынбақ. Ал, Ү.Түктібаев атындағы ауылда  ауызсу сервистік желіге қосылды. Оған қоса 7 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, Алға ауылдық округі әкімдігі аппаратының өзін-өзі басқару есепшотынан А.Жұбатырова, «Жаңа жол» көшелерінің бойына аялдама салынған. Орталық көшелерге қоқыс жәшіктері орнатылып, А.Ай­мағамбетов көшесіне түнгі жарықшамдар қойылған.

Халық алдындағы есеп беру кездесуі Жаңақорған ау­да­нында да өтуде. Аудан әкімі Сұлтан Махашов Жаңарық, Қыркеңсе, Өзгент, М.Нәлібаев, Қожакент ауыл­дық округінде болып, өткен жылдың қорытындысын жасады.

Екі мыңға жуық халқы бар Қыркеңседе өткен жылы 22 жаңа кәсіпкерлік нысаны ашылып, округ бойынша 47 кәсіпкерлік нысандары жұмыс жасауда. Кездесуде белгілі болғандай, ауыл жастары үшін мемлекеттік-жекеменшік әріп­­тестік аясында спорт кешені пайдалануға берілмек. Ал, Жаңарық ауылдық округіндеде мұндай нысан биыл ашылады. Сондай-ақ, МЖӘ аясында амбу­латориялық емхана және 300 орындық мектеп құрылысы бас­талады.

Өзгент ауыл­дық округінде мем­ле­кет­тік-жекеменшік әріп­­­тес­­тік арқылы былтыр дә­рігерлік-амбулатория пайда­лануға берілсе, осы жоба шеңберінде ауыл­­дық клуб үйі са­лын­бақ. Тіректі ауыл­­­дың бірі М.Нәлібаев ауылында өт­кен жы­лы фельд­шерлік-аку­­шерлік бекет пайда­­­лануға беріл­ген. Биыл бала­бақ­шаға күрделі жөн­деу жүргізіледі. Егін және мал шаруа­шы­лығымен айналысатын қожакенттіктер арасында бизнес бастауға тәуекел еткен­дердің қатары қалың. Мұнда да әлеуметтік нысандар кезең кезеңімен ел игілігіне бе­рілуде. Мемлекеттік-жеке­мен­­шік әріптестік аясында спорт кешені ашылған, ал ал­да­ғы жылы «Анаға тағзым» аллеясы тұрғызылатын болады.

Сырдария ауданының әкімі Руслан Рүстемов Шіркейлі, Н.Ілиясов, Шаған, Ақжарма ауылдық округтерінде және Іңкәрдария ауылында болды. Есеп беру жиынында өткен жылы аудан бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасалды. Жүзеге асырылған жұмыстар туралы кеңінен айтып өткен аудан басшысы алда тұрған мақсат-міндеттерге тоқталып, жос­парлы жұмыстарды бірлесе атқару қажеттігін атап өтті. Өткен жылы республикалық және жергілікті бюджеттен барлығы 713 млн теңге қаржы бөлініп, 11,6 шақырым аудандық маңыздағы және елді мекендердің ішкі көше­лері жөнделіп, 1 жаңа көше салынған. Ауданда денсаулық сақтау саласында соңғы 5 жылда 6 медициналық нысан жаңартылған.

Әзірлеген

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қаңтар 2020 г. 488 0