« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |
Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті.
– Үкіметтің ағымдағы жылғы басты міндеттері айқындалып, шешімдер қабылданды. Бұл – биылғы Жолдауда айтылған 2050-ге дейінгі бағдарлама. Біз осы бағытта отыз өркендеген елдің қатарынан көрінуіміз керек. Барлық өңірлерді менің тапсырмаммен Үкімет басшысы аралап шықты, әкімдермен кездесті. Бағдарламалар бекітілді, индустриялық жоспарлар бар. Дүниеде болып жатқан алмағайып заманда, оның ішінде ТМД елдерінде орын алған оқиғалар аясында біз де барлық мәселелерді сараптан өткізіп тұруға тиіспіз. Қазақстанға осындай оқиғалардың қиындығы тиеді, ол қай бағытта тиеді, оның алдын алу үшін не істеу керек? Ең негізгі мәселе экономиканы өркендетуді жолға қоюымыз керек. Бүгін негізгі әңгіме осы жайында болады, - деді жиынды ашқан Мемлекет басшысы.
Жиын барысында Қазақстан Президенті әлемдік экономиканың бүгінгі жағдайы мен ТМД кеңістігіндегі жағдайларға тоқтала келе, олардың өңірлік қана емес, жаһандық сипатта екенін, оған Қазақстан да мұқият назар аудару керектігіне тоқталды.
– Әрбір басшысы, мейлі ол жергілікті жерде болсын, мейлі орталық органда болсын, енді не істеу керектігін мұқият білуі керек. Ал алдағы уақытта Үкіметтің экономикалық саясаты бүгінгі тап болған тәуекелдерді шешуге негізделуі тиіс. Сондықтан да, біз бүгін ең алдымен ағымдағы экономикалық саясатты саралап, жаңа жағдайларды ескере келе, жаңа шараларды қабылдауға тиіспіз, - деді ол.
Ұлттық қордан бөлінген 100 млрд. теңге кәсіпкерлер қолына тиюде. Бұл туралы отырыста ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.
Оның атап өтуінше, ағымдағы жылы Үкімет қызметіне негізінен «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыруға бағытталды. Қазақстанның әлемнің дамыған отыз елінің қатарына қосылуын көздейтін ұзақмерзімді стратегиясын ескере отырып, Үкімет стратегиялық бағдарламалық құжаттарды түзетіп, бірқатар жаңа мемлекеттік және салалық бағдарламаларды қабылдады.
– Әлемдік экономиканың баяулауы және геосаяси тәуекелдердің тереңдеуі аясында 2014 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық саясаттың бірінші кезекті шараларының жол картасы қабылданды. Онда негізгі басымдық экономикалық өсімге жағдай жасауға бағытталды, - деді ол.
Экономикалық өсімге Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен Ұлттық қордан бөлінген 1 трлн. теңге тың серпін берді.
– Бүгінгі таңда экономиканың басты салаларындағы инвестициялық жобалар айқындалды. Олардың алдын ала сомасы 5,5 млрд. долларды құрайды. Шағын және орта бизнесті қолдау үшін Ұлттық қордан бөлінген бірінші жүз млрд. теңге қазіргі уақытта кәсіпкерлердің қолына тиюде. Банктермен жалпы сомасы 70 млрд. теңгені құрайтын 327 жоба мақұлданды, - деді Б.Сағынтаев.
Индустрияландыру бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорындар өздерінің толық өндірістік қуатына шығуы тиіс. Елбасы өз сөзінде индустрияландырудың бірінші бесжылдығы аясында жеті жүзден астам кәсіпорынның іске қосылғандығын атап өтті.
– Барлық әкімдер біз салған осы кәсіпорындар өз қуаттарын игеруін жіті бақылауға алулары керек. Әр жерден шағын және орта бизнестен экономикаға пайдасын тигізетіндей жағдай жасалуы тиіс, - деді Н.Назарбаев.
ҚР Президенті өз сөзінде әлемдік экономикада тұрақсыздық орын алып отырғанын әрі біраз уақыт оның сақталуы мүмкін екендігін де баса атап өтті.
– Сондықтан әрбір мекеме, шағын бизнес, жақында іске қосылған зауыт пен фабрика жұмыс істеулері қажет. Кейбіреулері елу пайызға, отыз пайызға дейінгі өзінің қуатына жеткен жоқ. Солардың әрқайсысы, әр облыста резервте тұруы керек, - деді Мемлекет басшысы.
Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жекешелендіру үдерісінің жариялылығы үшін арнайы вебпортал құрылғанын, сол арқылы ашықтық толығымен қамтамасыз етілетінін жеткізді.
– Қателіктерге бой алдырмаңдар. Жекешелендірудің бірінші кезеңі қалай өткені белгілі, кімде билік болса, сол өзі таратып, өзі иеленіп кете берген. Қазір соның салдарынан заңсыз берілген жерді де, мүлікті де қайтарып алуға дейін барып жатырмыз. Бұл жағдай енді қайталанбауы керек. Бұл ретте біріншіден, мемлекет бизнестен кетеді, екіншіден, бұл нысандардың барлығы нарықтық ортаға өтіп, іскерлік ортаның белсенділігін арттырады. Жекешелендіру тиімді жүргізіліп, нысандар жақсы қолға өтсе, экономика да жеңілдеп, бюджетке де қаражат құйылады. Бұл – аса маңызды шара, - деді Н.Назарбаев.
Тоқтала кететін жайт, жекешелендірудің екінші толқынын жүзеге асырудың кешенді жоспарына сәйкес, сегіз жүз елу үш нысан жеке секторға өтеді. «Олардың ішінде биыл екі жүз тоқсан бесі сатылады. Қазірдің өзінде он төрт нысан төрт жүз отыз жеті миллион теңгеге сатылды», - дейді Қаржы министрі Б.Сұлтанов.
«Самұрық-Қазына» қорына кіретін топтың капитал құны 2010 жылғы 36 млрд. доллардан қазіргі күні 48,7 млрд. долларға немесе 26 пайызға артты.
– Қорға қатысты республикалық бюджеттен қаржыландыру көрсеткіші жыл сайын төмендеп келеді. Егер 2010 жылы бұл 106 миллиард теңге болса, қазір 73 миллиард теңгені құрап отыр. Сонымен қатар аталған қаражат негізінен Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, тек экономиканың басым салаларына, сондай-ақ әлеуметтік бағдарланған жобаларға бағытталады, - деді қордың Басқарма төрағасы Ө.Шөкеев. Оның айтуынша, Қорға тиесілі сыртқы қарыз шамасы да біраз төмендеген.
Мемлекет басшысы Үкіметке жыл соңына дейін Қызмет көрсету саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі кешенді бағдарламасын қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, Елбасы Экономикамыздың жаңа интеграциялық жағдайда дамуын қамтамасыз етуді жалғастыра беру қажет екендігін айтты.
Үкімет ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге субсидия беру тетіктерін өзгертуі қажет.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, жыл сайын мемлекеттен ауыл шаруашылығы саласына бөлінетін субсидия көлемі артып келеді. Мәселен, соңғы бес жылдың ішінде ғана субсидия көлемі екі есеге артқан.
– Ал нәтижесі қандай? Алдыңғы қатарлы технологиялар енгізіп, сұраысқа ие ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін тауар өндірушілер ғана субсидия алатындығын бірнеше мәрте айттым. Сондықтан тағы бір мәрте Үкіметке ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге субсидия беру тетіктерін өзгертуді тапсырамын, - деді Елбасы.
Президент Н.Назарбаев Қазақстан экономикасының жаңа интеграциялық жағдайда жұмыс істеу шараларын тереңдетуі керектігін айтты.
«Келесі жылдың бірінші қаңтарынан Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енеді. Біз Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына енетін қорытынды кезеңінде тұрмыз. Ағымдағы жылдың желтоқсанына дейін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен ынтымақтастықтың мемлекетаралық бағдарламасы қабылданады. Сондықтан да біздің экономикамыздың жаңа интеграциялық жағдайда жұмыс істеуіне қатысты шараларды тереңдетуге тиіспіз», деп атап өтті Елбасы.
Бұдан бөлек, Н. Назарбаев ресейлік және беларусьтік өңірлермен белсенді жұмыс істейтін уақыттың келгенін атап өтті. Бұл ретте Президент мәселені қарастырып, елдер арасындағы сауда-саттық өкілдіктерін ашудың маңыздылығына да тоқталды.
Қазіргі заман талабы – тиімді мемлекеттік басқару жүйесі мен шағын Үкімет құру.
– Тек соңғы жылдарда ғана министрліктер арасындағы құжат айналымы 3-4 есе өскен. Мемлекеттік қызметкерлердің саны 2003 жылдан бері 8,5 мыңға жуық адамға өсіп, қазір 90 мыңды құрап отыр. Сондықтан кез келген басшы өз аппаратын қалай жетілдіру керектігін ойлауы қажет. Ал қызметкерлер штатын көбейте берудің не қажеті бар? - деді Мемлекет басшысы.
«Шынымен де қазір бізге шағын ғана Үкімет құрып, шешім қабылдау орталығын министрліктер деңгейіне ауыстыру қажет. Мен мынадай шешім қабылдадым: Үкіметтің жаңа құрамы 12 министрлік пен 30 комитеттен құрылатын болады», - деді Елбасы.
***
Қазір мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін жасау қажет, – деді Президент. – Қаптаған шенеуніктің бізге қажеті шамалы. Үкімет апта сайын мәжіліс өткізеді. Әр жиналыс сайын 50-60 қаулы қабылдайды. Үкіметтің жаңа құрамын бекіту туралы шешім қабылдадым. 17 министрлік, 9 агенттік, 272 департаменттің орнына 12 министрлік, 30 комитет қана болады. Айырма бар ма? Жаңадан бес министрлік құрылады. Ұлттық экономика министрлігіне Экономика және бюджеттік жоспарлау, Өңірлік даму министрлігі, Статистика жөніндегі агенттік, табиғи монополияларды реттеу агенттігі, бәсекелестік жөніндегі агенттік, тұтынушылардың құқығын қорғау агенттігі қосылады. Ерболат Досаев министр болады.
Денсаулық сақтау министрлігі мен Әлеуметтік қорғау министрлігі біріктіріледі, бұл Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі деп аталады. Бұған Тамара Дүйсенова министр болады, Қайырбекова ештеңені бүлдірген жоқ, келіссеңіз бірінші орынбасар боласыз, өзіңіздің салаңыз бойынша жұмыс істей бересіз. Қысқартылған министрлердің бәрі де кінәлі емес. Менің тапсырмам бойынша Үкімет оларды жұмысқа орналастырады. Олар өздерінің саласы бойынша орынбасар болып істей береді. Жәмішевті, сен егер дайын болсаң, Қазақстанның даму банкіне басқаруға жібереміз. Жұмыссыз қалмайсың, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |