« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Апта соңында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов жұмыс сапарымен Қармақшы ауданында болды. Барлық ауылдық округтерді аралап, Төретам кенті мен Ақай елді мекенінің жағдайымен танысты.
Алдымен Т.Көмекбаев ауылдық округіндегі №185 орта мектепте өткен кездесуде ауыл тұрғындары клуб үйін жаңарту және аурухана ғимаратын күрделі жөндеу туралы өтініштерін жеткізді. Аймақ басшысы бұл мәселе бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жеке инвестор табуға мүмкіндік барын айтып, аудан басшысы Мұса Қалдарбеков пен ауылдық округ әкімі Ғалымжан Ақжігітовке нақты тапсырмалар жүктеді.
– Мұндай құрылыстарды бюджет есебінен салатын болсақ, көп уақыт кететіні анық. Жоба-сметалық құжаттарын дайындаудан бөлек, тендер өткізу жұмыстары және т.б. шаруалар созылып кетеді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасының тиімділігі дәлелденген. Ауыл әкімдері инвестор тауып, мүмкіндіктерді қарастырғаны дұрыс, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі осы ауылдағы мектеп оқушыларымен кездесті. Бітіруші түлектерге мамандық таңдауға қатысты ақыл-кеңесін айтты.
Мұнан соң аймақ басшысы Қуаңдария ауылында болды. Т.Көмекбаев ауылы да, Қуаңдария елді мекені тұрғындары да күріш екпейді. Сондықтан ауыл халқы мемлекет ұсынған бағдарламалар негізінде мал шаруашылығымен айналысуға ден қойған.
– Біз Өзбекстанмен шекаралық аймақтамыз. Бүгінде аудан орталығынан бері қарай жол жақсарды. Мал өсіріп, атакәсіпті жаңғыртып жатырмыз. Ауыл жастары белсенді. Әсіресе, Наурыз мейрамына жыл сайын елдің әр қиырында еңбек етіп жүрген ұл-қыздарымыз жиналып, туған жерді көркейтуге үлес қосады. Ауызсу да, аяқсу да келіп тұр. Келешектің жақсы болатынына сенім мол, – дейді Қуаңдария ауылының тұрғыны Ешпан Дүйсебаев.
Мұнан соң аймақ басшысы Алдашбай ахун, Тұрмағамбет, Ақжар, Ақтөбе, ІІІ Интернационал, Жаңажол, Иіркөл, Төребай би ауылдарында болып, тұрғындар өтінішін тыңдады.
Алдашбай ахун ауылдық округінде өткен кездесуде жергілікті халық бірнеше мәселе көтерді. Солардың бірі – ауыл маңындағы «Шәймерден» су каналын тазалауға қаржы бөлу. Егіншілікпен айналысатын тұрғындар «ауыл маңындағы осы арық тазаланып, су тартылса» деген өтініш білдірді.
Аймақ басшысы айтылған ұсыныстардың барлығы аяқсыз қалмайтынын жеткізді. Жауапты басқарма басшыларына тапсырма жүктеп, жұртшылық ұсынысына қатысты жұмыс істеуге нұсқау берді.
– 2012 жылы Алдашбай ахун ауылындағы ұзындығы 4,5 шақырым болатын «Шәймерден» каналы 8,1 млн теңге қаржыға тазаланған. Біз бұған электрлі немесе дизельді моторды биылдан қалдырмай орнатуды жоспарлап отырмыз, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Оспанов.
Аяқсу мәселесі Төребай би ауылында да қозғалды. Су айдайтын электрлі насос қондырғысы биыл сатып алынбақ. Құны 8,1 млн болатын жобаны қаржыландыруға бюджеттік өтінім берілген.
Ал Иіркөл елді мекенінің халқы ұялы байланыс пен ішкі көшелерді жөндеуге көмек сұрайды. Аталған мәселелерді шешуді аудан әкімі М.Қалдарбеков өз жауапкершілігіне алып, ұсыныс-өтініштердің орындалуын жеделдететінін жеткізді.
– Мемлекет басшысының талабы – біріншіден, халықтың ауызбірлігі. Екіншіден, қала мен ауыл арасындағы айырмашылықтың арасын қысқарту. Ауылдардың әлеуетін көтеру бірінші орында тұруы тиіс. Бұл сапарымыздың мақсаты – ел-елді аралап, сіздердің жағдайларыңызды көзбен көру. Көріп қана қоймай, кемшілік пен жетіспеушіліктің себебін анықтап, айтылған мәселелер бойынша жұмыс жүргізу, – деді аймақ басшысы аудан тұрғындарымен кездесуде.
Сонымен қатар облыс әкімі Ақай ауылы, Төретам кенті, Қармақшы ауылдық округтерінде болып, тұрғындар көтерген мәселелерді мұқият тыңдады, жауапты тұлғаларға тапсырма берді. Ақайлықтар газға қосылу мәселесін қозғады. Бүгінде Байқоңыр қаласы “көгілдір отын” тұтынып отыр. Іргесіндегі Ақай мен Төретам елді мекендерін газдандыру үшін тиісті жұмыстар атқарылуда.
Аймақта күріш өсіруде алдыңғы орында келе жатқан Жаңажол, Тұрмағанбет, ІІІ Интернационал, Ақжар сияқты ауылдардағы шаруашылықтар жетістігін өзге ауылдарға үлгі етіп, ризашылығын жеткізді. Айта кету керек, бұған дейін облыстағы тіректі елді мекендер байқауында Қармақшы ауданының ІІІ Интернационал ауылы жеңімпаз атанып, 10 млн теңге сыйақы алған болатын. Ал биыл 90 жылдығын тойлағалы отырған «Жаңажол» ЖШС күріш өнімділігін арттыруда үздіктер сапында.
– 1930 жылы майда колхоздардың бірігуімен жасақталған шаруашылықтың құрылғанына биыл 90 жыл толды. Сонау 1990 жылы сол кездегі төраға Болатбек Сүлейменовтің ұйытқы болуымен 60 жылдығын атап өткенбіз. Ірі шаралар ұйымдастырылып, шаруашылық үздіктері марапатталған. Осы ауылдың алға басуына, көп жұрттан көш ілгері болуына бірден-бір үлес қосып отырған «Жаңажол» серіктестігі. Диқандар егіс көлемін арттырып, жылдағы дәстүрмен қырманды толтырмақ, – дейді Дүр Оңғар ауылының ақсақалы Серікбай Айманов.
Киелі Қорқыт ата жеріндегі ауылдарды аралап, ауданда мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын назарға алып, халықтың ахуалымен жақын танысқан Қуанышбек Ысқақов тұрғындар көтерген барлық мәселе жіті бақылауда болатынын жеткізді.
Ержан ҚОЖАСОВ.
Қызылорда-Қармақшы-Қызылорда.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |