« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Айдарлылықтар жолға қатысты ұсыныстарын айтып, «Қызылорда-Айдарлы-Тартоғай» тас жолына жөндеу жұмыстары жүргізілсе деген өтініш білдірді. Ал Жетікөл ауылы тұрғындары ауызсу жүйесі әр үйге тартылса деген өтініш айтса, Аманкелді елді мекенінің тұрғындары электр бағандарын ауыстыру қажеттігін сөз қылды.
– Елдің жағдайы бұрынғыдан көш ілгері. Мектеп, балабақша, мәдениет үйлері, спорт кешендері салынып, түгел жаңартылды. Ал енді ауыл болған соң мәселе туындамай тұрмайды. Ауылдағы электр қондырғылары 1970 жылдардан бері ауыстырылмаған. Соған қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілсе дейміз. Өздеріңізге белгілі, электр жағы болмаса, бүгінгі тіршілік оңға баса қоймасы анық, – дейді Аманкелді ауылының тұрғыны Мырзағали Кенбаев.
Облыстық энергетика басқармасы басшысының орынбасары Е.Жоламановтың жауабына сүйенсек, облыс бойынша 9 мың шақырымдай электр желісі болса, осы Сырдарияда 630 шақырым электр желісі тартылған. Барлық қондырғылар қаржыға қатысты кезең-кезеңімен ауыстырылуда. Былтыр Бесарық елді мекеніндегі электр қондырғылары жаңартылған. Алдағы уақытта аудандық жауапты бөліммен бірлесе отырып, аталған ұсыныс тағы қаралатын болады.
Мұнан соң облыс әкімі Қоғалыкөл, Шіркейлі ауылдарына барып, Бесарық ауылдық округіндегі «Абай Дәулет» ЖШС жүргізіп отырған шаруашылықтың жұмысымен танысты, тұрғындармен кездесті. Қуанышбек Ысқақов ауылда кәсібін жүргізіп қана қоймай, сондағы жергілікті халықты жұмыспен қамтып, ауылды көркейтуге атсалысып отырған шаруашылық иелеріне ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ, Бесарық халқы бітпеген жол мәселесін қозғады. Бұған облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Әбдіқалықов жауап берді.
– Облыстық бюджеттен бөлінген 215 млн теңге қаржыға Бесарық ауылына кіреберіс жолды жөндеу жұмыстары қыркүйек, қазан айларында толығымен аяқталады. Әуежайдан бастап Қоғалыкөл мен Шіркейлі ауылдарына дейінгі жолға республикалық бюджеттен 380 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары басталды. Жауапты мердігер мекеме «Қыран» ЖШС. Ал «Айдарлы-Тартоғай» тас жолын биыл сәуір айында ағымдағы жөндеу жұмыстары арқылы қалпына келтіреміз, – деді Е.Әбдіқалықов.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Н.Ілиясов ауылдық округіндегі «Абзал и К» толық серіктестігінің тұқым зауытының жұмысымен танысты. Айта кетсек, мұндағы «PETKUS» тұқым тазалау зауыты 2012 жылы іске қосылған. Жалпы құны 215 млн теңге болатын зауыт сағатына 5 тоннаға дейін күріш тұқымын өңдей алады.
Облыс әкімі Шаған, Іңкәрдария, Ақжарма, Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов ауылындағы тұрғындармен кездесті. Бұл ауылдардың көбісі егіншілік бағыттағы шаруашылықпен айналысады. Сондай-ақ, бұл елді мекендерде кәсіпкерлік нысандар көптеп салынған. Бір ғана мысал, Ақжарма ауылында соңғы бес жылда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 7 ірі бизнес қолға алынып, жұмыссыздықты болдырмауда көп шара атқарылған. Ақжармаға барған сапарында аймақ басшысы озат механизатор, жас маман Тимур Шайымовтың отбасында болды. «Ақжарма және К» шаруашылығында жұмыс істейтін Тимурға шаруа қожалығының төрағасы Қайрат Нұрсейітов тұрғын үй салып берген. Еңбегінің арқасында жетістікке жеткен Тимур көп жастарға үлгі десек те болатындай.
Жоғарыда айтылған ауыл тұрғындары көтерген басты мәселелер – жаңадан дәрігерлік амбулатория салу, ауылішілік жолдарды жөндеу мен жарықтандыру, ескі су каналдарын тазарту.
– Мектебіміз бар, жаңа емханамыз бар, мәдениет үйі де тұрғызылды. Мұның бәрі – халық ауызбіршілігінің арқасы. Ел басқарған азаматтарға алғысымыз шексіз. Бізден бір ғана тілек бар. Осында отырған жұрт егін егіп, мал бағады. Ауыл маңындағы «Ақтам» каналы сәуір айына дейін қайта тазаланса, осындағы жұрттың еңбек етіп, бақша салуына көп мүмкіндік туар еді, – дейді іңкәрдариялық ақсақал Әбілжаппар Сырлыбаев.
Ал тиісті мамандар аудан қаржысы шешілсе, бір ай көлемінде су жүйесін қайта тазалауға болатынын айтады. Аймақ басшысы айтылған ұсыныстың дер кезінде атқарылуына тапсырма беріп, қалған мәселелер бюджеттік жоспарға сай шешілетінін айтып өтті.
– Мемлекет басшысының талабы – біріншіден, халықтың ауызбіршілігі, елдің ынтымағы, әл-ауқатының артуы. Екіншіден, бүгінгі қала мен ауыл арасындағы көп айырмашылықтың арасын қысқарту, яғни қалада бар мәдени нысандар мен әлеуметтік жұмыспен қамтитын орталықтар ауылда да болуы керек. Сонымен қатар, кәсіпкерлер санын арттырып, жұртты жұмыспен қамтуды үйлестіруді әлі де күшейту маңызды. Осы сапар басталғалы 60-қа жуық елді мекенді араладық. Барған ауылдарға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жайында айтып келеміз. Бағдарлама негізінде әлеуметтік нысандарды, ғимараттарды жаңадан тұрғызуға көп мүмкіндік бар. Үкімет ұсынған барлық бағдарламаларды тиімді пайдалана білсек, одан ұтылмасымыз анық, – деді аймақ басшысы тұрғындармен кездесуінде.
Облыс әкімі осылай ауыл жұртшылығымен пікірлесіп, ел ішіндегі маңызды мәселені жалықпай тыңдады. Халық айтқан өтініш-тілектің барлығы алдағы уақытта қаралатынын, ең алдымен, айтылған мәселелер аудан активімен бірге талқыланып, қорытынды шешім шығатынын ескертті.
Ержан ҚОЖАСОВ.
Қызылорда-Сырдария-Қызылорда.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |