« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Адам баласының өмірі өлшеулі десек те, жан-жағына жақсылық шуағын төгіп, қамқор қолын созып жүретін жандарды бақилық сапарға қимайтының да ақиқат. Мұндайда қолға қалам алу қиын болса да, елге өмірден озған сырбойылық азаматтың, қасиетті Ақмешіт топырағынан биікке самғаған сұңқардың кім екенін, ата-бабаларының кім болғанын жеткізу мақсаты бәрібір осы мақаланың өмірге келуіне себеп болды.
Иә, Сырдан шыққан бір жұлдыз ағып түсті, алайда ол өзге жандар өмірін сақтау үшін өз өмірін құрбан етті. Оған ел үшін ғұмыр кешу ата-баба қанымен, ана сүтімен берілген болатын. Сұм ажал осы жылы 7 наурызда 59 жасқа толғалы отырған сұңқар тектес тұлғаны өз құшағына алды. Мұратбаевтар әулеті орны толмас қазаға душар болды, Марат Ғаниұлы Мұратбаев бақилық сапарға аттанды.
Жыл аяқталуға тақаған сәтте, 27 желтоқсанда апатқа ұшыраған ұшақ туралы хабар елді есеңгіретіп тастады. Ұшақтағы 98 адамның 5-еуі экипаж мүшелері болса, жолаушылар арасында Украина, Қытай, Қырғызстан елдерінің азаматтар да бар болатын. Кейбірі аман қалып, 49 жолаушы түрлі дене жарақатымен ауруханаға түссе, 12 азамат бұл дүниемен қош айтысқан еді. Елде қаралы күн жарияланды, естіген жандардың қабырғасы қайыспағаны кемде-кем.
Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына 27 желтоқсан күні таңғы сағат 07.05-те ұшып шыққан «Bek Air» авиакомпаниясының «Fokker-100» жолаушылар ұшағы (Z92100 рейс) апатқа ұшырады. Қазір апат себептерін арнайы комиссия тексеруде. Біз бұл күндері әлеуметтік желідегі барлық материалдарды бақылап отырдық, онда түрлі жорамалдар айтылуда. Біреулер әуежай маңына үй салғандарды айыптауда. Егер олай ойлайтын болсақ, оларға рұқсат берген адамдар кімдер екен деген сауал туады көкейде. Біреулер ұшу алаңынан десе, біреулер ұшқыштардан болуы мүмкін, енді бірі техникалық ақау деп долбар жасауда. Не болса да комиссия дұрыс қорытынды шығарып, әділ бағасын береді деген ойдамыз. Мұны айтып отырған себебіміз, Ресей журналистерінің сұхбаттарында кінәні өмірден озған адамға аудара салу фактілері кездесетіні айтылады. Алла ондайынан сақтасын, біз бұл оқиғаның ақиқаты елге жетеді деп үміттенеміз.
Осы ұшақта болған Әсел Әбілдаева: «...Ұшу жолағымен жүріп барып, ұшақ көтеріле бастағандай болды, сол кезде жарық өшіп қалды. Түсініксіз селкіл басталды. Бұл турбуленттілік емес, тіпті басқа нәрсе. Селкілден кейін біз оң жаққа қатты қисая бастадық, бірдеңе соққандай болды, бірақ, бәрі дұрыс екен, осылай ұшатын шығармыз деп ойладым. Бұдан соң ұшақ тағы да көтеріле бастады, бірақ тағы бірдеңеге соғылды, алға қарай ұшып кеттік» дейді. Оның берген сұхбатының осыдан кейінгі бөлігін біз сол түпнұсқадағы қалпында, орыс тілінде бергенді мақұл көрдік: «Очень долго ждали. Минут 20 ехали спасатели. Много людей были живы, но потом скончались, оказывается, впоследствии. Потом минут через 40, уже когда посветлело, тогда «скорая» приехала. За это время несколько людей скончались. Мы боялись, что потеряем тех, кто ещё жив». Құтқарушылар 20 минуттан, ал жедел жәрдем 40 минуттан соң келген. «Bek Air» авиакомпаниясы ұшу қызметінің басшысы Эрик Сапаровтың ішкі тексеру қорытындысы бойынша айтқан пікірі апатқа одан 1 минут бұрын ұшқан «Airbus 321 Neo» ұшағы кінәлі сияқты.
Ұшу жолағына ұшақтың құйрық бөлігі екі рет тиіп, оңға қисайғаны туралы сонда болған Аслан Назаралиевтің журналистерге берген сұхбатында да, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Склярдің хабарламасында да көрсетілді.
Осы апатқа ұшыраған ұшақтың командирі, жерлесіміз Марат Ғаниұлы Мұратбаев болатын. Артында аңырап жары, анасы, екі баласы қалды. Енді жерлесіміз туралы тарата айтар болсақ, Мұратбаевтар әулетінің ата қонысы – Қызылорда облысы Сырдария ауданы А.Тоқмағанбетов ауылы. Осы тұста сөз желісін өткен ғасырдан тартамыз.
1904 жылы Перовск уезі Қараөзек болысы 17-ауылында кедей шаруа Божбанов Мұратбайдың отбасында өмірге келген Нұрмағанбет бала күнінен еңбекпен есейеді. Қазан төңкерісі болған кезде 13-тегі жасөспірім өзгерістерді қуана қарсы алып, өз ауылында жастар ұйымын құрады. Бұған Асқар Тоқмағанбетовтің естеліктері толық дәлел болады. Ал, дәл осы кезде он бес жастағы Ғани Мұратбаев Қазалыдағы төңкерістің бел ортасында жүр еді, тағдыр мұраттас екі жасты кездестірді, дос етті. Ғани мен Нұрмағанбеттің достығы кейінгіге үлгі, өнеге қыларлықтай-ақ. Ташкентте басталып, Мәскеуде жалғасқан достық екі сырбойылық азаматтың балаларына ат қоюына ұласты: Ғани баласына Нұрмағанбет деп ат қойса, Нұрмағанбет екінші ұлын Ғани деп атаған болатын. Мұратбаевтардың достығын ажал соққысы үзді, Шығыс жастарының жетекшісі, қазақтың аяулы перзенті Ғани өмірден озды, оның ұлы Нұрмағанбет те бақилық болды. Міне, Ғани Мәскеуде ауырып жатқан тұста қасында болған, аяулы азаматты жер қойнына тапсырып, қабір басында аза жырын оқыған да Нұрмағанбет Мұратбаев болатын.
Мәскеудегі КУТВ-ны бітіріп келген соң көптеген лауазымды қызметтер атқарған, сол тұстағы республикаға белгілі лекторлардың бірі, жорналшы Н.Мұратбаевтың 1938 жылы Қызылорда облысы өз алдына отау тіккенде облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі бола жүріп, облыстық екі басылым қазіргі «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттеріне алты ай редактор ретінде қол қойғанына да тарих куә. Міне, ел аза тұтып отырған сырбойылық ұшқыш Марат Ғаниұлы осы Нұрмағанбет Мұратбаевтың немересі еді. Оның әкесі Ғани Мұратбаев 1957 жылы ішкі істер органдарына қызметке кіріп, мемлекеттік автоинспекцияның паспортисі, жол күзеті инспекторы қызметтерін атқарып, 1961-1971 жылдары Жаңақорған, Қазалы, Сырдария аудандарында мемлекеттік автоинспекцияның аға инспекторы, ал 1971-1986 жылдары автоинспекция басқармасында түрлі басшы қызметтерде болды. Міне, марқұм Маратты біреулердің тереңөзектік, біреулердің қазалылық деп жатқаны осыған байланысты еді.
Марат Ғаниұлы Мұратбаев 1961 жылы 7 наурызда Жаңақорғанда дүниеге келген. Әкесінің қызметіне байланысты 1-2 сыныпты Қазалыда, 3-сыныптан бастап Қызылордадағы №4 мектепте оқыған. Орта мектепті Тасбөгеттегі №176 мектептен тәмамдаған. 1978-1982 жылдары Ақтөбедегі Азаматтық авиация жоғары ұшқыштар училищесінде оқып, жоғары білім алған ол 1982-1990 жылдары Қызылорда авиаотрядында «ЯК-40» ұшағында екінші пилот болды. 1990 жылы «ЯК-40» ұшағының командирі болған ол 1992 жылы «ЯК-40» ұшағы авиаэскадрилиясы командирінің орынбасары қызметін атқарды. 1984-1989 жылдары еңбекшілер депутаттары Қызылорда қалалық Кеңесінің ХІХ және ХХ шақырылымдарына депутат болып сайланып, соңғысында комиссияға төрағалық етті. 1995 жылы Алматы қаласында «ТУ-154» ұшағында екінші пилот болған ол «Air Қазақстан» компаниясында қызмет атқарып, 2000 жылы «А-310» ұшағында екінші пилот болды. 2004 жылы «Air Astana» авиакомпаниясында «Боинг-757» ұшағының екінші пилоты, 2011 жылдан осы әуе кемесінің командирі болып қызмет етті де, кейін «Fokker-100» ұшағына командир болып ауысқан еді. Жалпы ұшу уақыты 20141 сағатты құрайтын аса тәжірибелі ұшқыш туралы әріптесі Рысбай Шәріпов: «Мол тәжірибесі арқасында ұшақ апатында қаншама адамның өмірін сақтап қалды. Ол қас-қағым сәтте жылдам шешім қабылдай білді. Ұшақтың мұндай жағдайда өртеніп кетуі де мүмкін еді. Өз өмірін қиғанына қарамастан Марат оған жол берген жоқ. Ол ақкөңіл, жарқын жүзді жігіт еді» дейді. Ал қазақ қыздарынан шыққан алғашқы жоғары білімді маман-ұшқыш, алып әуе кемелерінің командирі болған Тоты Әмірова: «Ол өз ісінің шебері және жақсы адам. Егер ұшақ көтеріле алмаса – бұл ұшу проблемасы емес, мұзданудан немесе қозғалтқыштан болуы мүмкін немесе мүлде басқа нәрсе болып шығуы ықтимал» деп жазды.
Марқұм әнші Батырхан Шөкеновтің бауыры Бауыржан Шөкенов Марат Мұратбаевпен бірге қалай ұшқанын есіне алып: «Мен бай тәжірибесі бар ұшқыш, біздің қызылордалық Марат Мұратбаевтың әуе кемесінің командирі болғанын естідім. Көптеген жыл бұрын Қызылордадан Алматыға «ЯК-40» ұшағымен ұшқанымыз әлі есімде. Командир Марат болды. Әуеге көтерілген кезде ұшақ кенеттен дірілдей бастады, бұрылып, Қызылорда әуежайына қонуға тура келді. Ешқандай дүрбелең болмады. Шықсам, Марат борттың жанында күлімсіреп тұр екен. «Не болды, Мәке?» деп сұрадым. «Қандай да бір оқыс діріл пайда болды. Тәуекел етпеуге бел будым» деп жауап берді» – деп жазды.
Теледидардан берілген «60 минут» бағдарламасында оқиға орнынан апат туралы мәлімдеген журналист Денис Кривошеев «егер экипаж командирінің тәжірибесі, шеберлігі болмағанда, құрбандар бұдан да көп болар еді» дегені де жерлесіміздің ел үшін құрбан болғанын аңғартады. Біз пікірімізге дәйек ретінде алғандықтан оның сөзінен үзіндіні түпнұсқадағы қалпында, орыс тілінде бермекпіз. «...Я хочу отдать должное пилоту. Если бы он заходил на землю с креном, то зацепился бы крылом и его начало бы вертеть. Тогда бы взорвались баки с горючим, а они были полными». Міне, Сыр сұңқары туралы, марқұм Марат Мұратбаев жайлы осылай дейді халық.
Тексеру де бітер, күндер де өтер, бірақ жерлес ұшқыштың сол сын сәтіндегі шешімі талай өмірді үзіліп кетуден сақтап қалғаны ақиқат. Топтан озған тектінің тұяғы басқаша әрекет ете алмас еді, өйткені ол асылдың сынығы болатын.
Алдажар ӘБІЛОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |