«Қайсар»: меже – айқын, мақсат – үлкен

  Қызылорданың «Қайсары» Түркияның Анталия қаласында жаңа маусымға дайындығын өткізіп жатыр. Оқу-жаттығу 23 қаңтарға дейін жалғасады.

Сырдың бас командасының бұл сапарында қандай жоспары бар? Биыл «Қайсар» үшін ерекше жыл болады. Команда өз тарихында тұңғыш рет Еуропа лигасында сынға түседі. Мұндай мүмкіндікке былтыр Қазақстан кубогына ие болуы арқасында қол жеткізген еді. Бұл – олар үшін үлкен жауапкершілік.

Әзірге команда басшылығы қай ойыншылармен  келісім-шарт мерзімі біткенін және кімдердің келіп жатқаны жөнінде ресми мәлімет таратқан жоқ. Десе де былтыр «Қайсардың» намысын қорғаған бірқатар футболшылардың өзге  клубтарға  кететіні жөнінде әңгімелер айтылып қалды. Соңғы екі жылда Қызылордада ойын көрсеткен қорғаушы Александр Марочкин биыл Қостанайдың «Тобыл» клубына ауысуға шешім қабылдады. Ол – әзірге ресми түрде бізге белгілі болып отырған жаңалық. Сондай-ақ, былтыр «Қайсардың» көптеген жеңісіне үлкен үлес қосқан армениялық жартылай қорғаушы Тигран Барсегян биыл елордалық «Астана» клубының намысын қорғайды деген әңгіме бар. Конго Демократиялық Республикасынан келген шабуылшы Куле Мвомбо да Алжирдің «МК Алжир» клубына ауысуы мүмкін. Былтыр екінші айналымда «Қайсар» сапына қосылған конголық жартылай қорғаушы Андре Букиа жалға алу мерзімінің аяқталуына байланысты өзінің бұрынғы клубы – Португалияның «Арока» командасына қайта оралды.

Олардың орнын кімдер басуы мүмкін? «Қайсар» командасының баспасөз қызметі алғашқы оқу-жаттығу жиынына бірқатар жаңа ойын­шылар шақыру алғанын хабарлады. Еліміздің өзге клубтарынан келгендер қатарында алматылық «Қайраттың» қорғаушысы Елдос Ахметовтің есімі елге белгілі. «Тараз» клубының түлегі бұған дейін «Астана», «Ертіс» клубтарының да намысын қорғап үлгерді. Ол 2012 жылдан бері ұлттық құрама сапында бірнеше мәрте жасыл алаңға шықты. Сондай-ақ, «Ақтөбе» сапынан қорғаушы Бағдат Қайыров, «Атыраудан» Қуаныш Қалмұратов қызылордалық клубтың алғашқы оқу-жаттығу жиы­нына шақырту алды. Ал Ресейдің «Томь» командасынан  қорғаушы Алексей Шумских сынаққа келді.

Футболдан ел біріншілігі жылдағыдай наурыз айының бастапқы күндерінде жалауын көтереді деп жоспарланып отыр. Одан бұрын суперкубок ойыны өтеді. Бұл кездесуде елордалық «Астана» мен біздің «Қайсар» өзара шеберлік байқасады.

Әділет ТАЛАПТАН.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қаңтар 2020 г. 431 0