Аймақ басшысы Аралда болды

Бүгін аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов жұмыс сапарымен Арал ауданына қарасты 12 елді мекенде болып, тұрғындармен кездесті. Негізгі мақсат — ауылдардың жағдайымен танысып, халықтың өтініш-тілектерін тыңдау, - деп хабарлады аудан әкімдігінің баспасөз қызметінен.  
Алдымен аудан орталығынан шалғай орналасқан Жаңақұрылыс, Қаратерең, Қарашалаң, Бөген ауылдарында болып, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Ауыл тұрғындары жол, ұялы байланыс желісін орнату, ғимараты ескірген балабақшалар мен ауылдық клуб үйлерін жаңарту және кейбір елдімекендерде аяқ су проблемасын шешу сияқты мәселелерін көтерді.
Облыс әкімімен кездесу барысында ауылдық округ әкімдері 2019 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды таныстырды.
Ауыл тұрғындары көтерген өзекті проблемалардың бірі – Аманөткел ауылдық округіне қарасты Хан елді мекені тұсында орналасқан қалқымалы көпірді жаңарту мен Қарашалаң елді мекенінің жол мәселесі болды. Қуанышбек Ысқақов қалқымалы көпірге қатысты қаржы қаралып, тиісті жұмыстар атқарылатынын айтты, ал Қарашалаңдағы жолды жөндеуге қажет қаражат қаралған. Жөндеу жұмыстары биыл жүргізілетіндігін жеткізді.
Аймақ басшысының жұмыс сапары ертең де басқа елді мекендерде жалғасатын болады. 
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 қаңтар 2020 г. 583 0