АӘК: не, қайда, қашан?

Биыл 24 мыңнан астам қызылордалық көпбалалы отбасы табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы алады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері атаулы әлеуметтік көмек алудың өзгертілген тәсіл-тәртібін таныстырды. 

Басқарма басшысының орынбасары Алтын Есқараеваның айтуынша, төрт баласы бар 17010 отбасыға – 42 500, 5 баласы бар 5809 отбасыға – 53 127, 6 баласы бар 1395 отбасыға 63 757 теңге төленеді. Ал 7 бала өсіріп отырған 363 отбасының әрқайсысы 73 388 теңгеден алады.

– Атаулы әлеуметтік көмек табысы аз отбасыларға төленеді. Оны тағайындаудың басты критерийі бұрынғыдай – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 проценті шамасында. Ал мөлшері отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы орташа табыс пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 проценті арасындағы айырмаға тең, – деді А.Есқараева.

Еске салсақ, өңірдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі – 19 793 теңге. Отбасының жиынтық табысы дегеніміз – тұрғын үй көмегі, атаулы әлеуметтік көмек, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне төленетін жәрдемақы, 23 жасқа дейінгі студенттерге төленетін стипендия, мемлекеттік қолдау шаралары аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларынан өзге барлық табыс көзі.

Көмек тиесілі облыс және аудан орталықтарының тұрғындары халықты жұмыспен қамту орталығына, ауылдық округтердің тұрғындары ауыл әкімдігіне өтініш тапсыруы қажет. Ол тоқсан сайын тағайындалып, ай сайын төленеді. Ең бастысы, отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеуі тиіс. Осы орайда бірінші кезекте әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандар тұрақты жұмысқа немесе мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасына тартылады. Жастар тәжірибесі, қайта даярлаудан өту, кәсіптік негіздерін меңгеріп, жеңілдікпен шағын несие және қайтарымсыз грант алу мүмкіндіктері ұсынылады. Бұлардан бас тартқан жағдайда бүкіл отбасы көмектен қағылады.

– Тағы бір өзгеріс, бұрынғыдай 7 емес, 3 жасқа дейінгі баланың асыраушысы әлеуметтік көмек алуға құқылы. Баласы 3 жасқа толған соң жұмыспен қамту орталықтары арқылы еңбекпен қамтылып, әлеуметтік көмекке үміткер бола алады, – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Мамандар көпшілік арасындағы жәрдемақы алу үшін құжатты айдың басында тапсыруы тиіс екені туралы жел сөзге анықтама берді. Есте болатын нәрсе, атаулы әлеуметтік көмек өтініш берген күннен емес, айдан бастап тағайындалады.

Жылдың ендігі ерекшелігі, 18 жасқа толмаған балаларға кепілді әлеуметтік топтамалар ұсынылады. Оның ішінде 6 жасқа дейінгі балалар азық-түлік жиынтығы, гигиеналық заттармен, 6-18 жас аралығындағы балалар мектепте тамақ, оқу құралы, киім, жолақымен, 18 жасқа дейінгілер стоматологиялық көмек, кепілдендірілген тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында ем-доммен қамтылады.


Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 қаңтар 2020 г. 750 0