« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Сексен жасқа толып отырған жерлесіміз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айжарық Сәдібекұлының қазақ сөз өнерінде өзіндік орны бар.
А.Сәдібекұлы – жарыққа шыққанына тоқсан жыл толған «Сыр бойы» газетінің ардагері. Баспасөз саласына сіңірген еңбегі ескеріліп, ҚР Президентінің Алғыс хатымен, облыстың Құрмет грамотасымен марапатталған, екі рет облыс әкімінің стипендиясын алған.
«Аққұмның ақ түндері», «Бал айы», «Ашық мұхитқа шыққан алып», «Жұмыр жерде біз бармыз» атты бірнеше прозалық кітаптардың авторы. Жазушының негізгі тақырыбы Арал тағдыры мен балықшылар өмірі жайында. Сонымен қатар, ол – бүгінгі заманның шынайы бет-бейнесін сипаттап, қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеп келе жатқан қаламгер. Оның қай шығармасын алсақ та адамгершілік, махаббат секілді асыл қасиеттердің ақ парағын айқара ашамыз. Сол арқылы кейінгі ұрпақтың санасына сәуле түсіріп, өн бойына өнеге дарытып жатқан жазушының түп мақсатын танимыз.
А.Сәдібекұлының оқырман қолына жақында ғана тиген «Бұрынғының адамдары» аталатын кітабы да адам дейтін ұлы жаратылыстың, қазақ дейтін ұлағатты халықтың болмыс-бітімі мен ішкі ирімдерінің иін қандыра өрнектейді. Жаңа дүниетаныммен өсіп келе жатқан ұрпақ назарын өткен дәуірдің кескін-келбетіне аударады. «Бұрынғының адамдары» деген атауы да қызығушылық тудырады. «Өткенін білмегеннің ертеңі қараңғы» демекші, бұл кітапқа кейінгілер мен бұрынғылар арасының алтын дәнекері деп баға берген орынды.
Кітапқа «Өлермен өмір» деп аталатын роман мен бірнеше әңгіме топтастырылған. Роман біз айтып отырғандай, өткен заманның кескін-келбетін шеберлікпен суреттеп, адам психологиясына терең бойлаған. Тіл көркемдігі өз алдына бір тақырып боларлық сөз. Мысал айта кетелік: «... Иесіз дүниеге кім мәтіби емес. Даңқты орыс әскерінің ашқұрсақ жауынгерлері финдердің дайын азық-түліктеріне құзғындай тиісті. Атаукерелеріндей кетпендеп жеп, құрсағын кепелегендерінен ауысқанын дорбаларына нығыздап салып алды. Көптен қаламыз ба, «көбік қарда бір тойдым» дегендей, мұсылман ұрқыны біз де қалыспадық. Құдай, пайғамбар, аруақ естен шыққан, жұтқан жұтамастың кері. Бұл жұмырбасты пенде дегенді қоя бер, алдағы күндердің қалай боларын ойламастан жылтырақтарға қызығып, керзі етіктерін хром етіктерге алмастырып, жанталасып жатқандарында жау снарядтары төбемізден ұрып берсін» (103-б.).
Осы бір үзіктің өзінде соғыс деген сұмдықтың суық көрінісінен бөлек жас қаламгерлерге ой салатын шеберлік қолданыстар мен қаншама сирек сөздердің тұлғалары менмұндалап тұр!
Әрине, біз кітаптың көркемдік бейнесін бедерлемек емеспіз. Айтпағымыз – сексенге толған қаламгердің бойындағы қазына көмбе мен өндіре жазып келе жатқан сергек еңбегі.
А.Сәдібекұлының мерейжасына орай облыс әкімдігі өткен жылы екі кітабының баспа жүзінен шығуына демеушілік жасаған болатын. Осы жақсы дәстүрді жыл соңында «Қызылорда қаламгерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі жалғастырды.
Жазушының әрбір жастың жігерін жанып, рухани оянуына түрткі болатын осы бейнеткештігін бағалаған бірлестік басшылығы оның 32 баспа табақтық жаңа кітабын қауымдастық есебінен «Тұмар» баспасынан 500 данамен жарыққа шығарды.
Жазушының жаңа туындысы рухани қажетіңізге жарап, олжаңызға айналсын, оқырман.
«СБ» ақпарат.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |