2019 жыл Қызылорда облысы үшін қандай жағымды жаңалықтарымен есте қалды? Осы орайда
ҚазАқпарат тілшісі аймақ өмірінде болған бірқатар оқиғаларды таразылап көрген еді.
Қызылорда облысы әкімі қызметін алты жылдан астам уақыт атқарған Қырымбек Көшербаев былтыр басқа қызметке ауысып, орнына Қуанышбек Ысқақов тағайындалды. Айта кетерлігі, соңғы алты жылда Сыр өңірінде көптеген тың жобалар қолға алынды. Облыс орталығында көп қабатты үйлер бой көтеріп, жаңадан көптеген шағын аудандар пайда болды. Инвестиция тарту ісі жақсарып, аймақта ауқымды жобалар жүзеге асты. Мәдениет және спорт саласында да толағай табыстарға мүмкіндік туды.
Былтыр Сыр спорты үшін табысты жылдың бірі болды. Мәнерлеп сырғанаудан Элизабет Тұрсынбаева Жапонияның Сайтама қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдеге қол созды. Бұл толағай табыс мәнерлеп сырғанау спортынан қазақ қыздарының арасында қол жеткен зор жетістік саналады. Сондай-ақ, жергілікті боксшылар қатарынан Қамшыбек Қоңқабаев пен Тұрсынбай Құлахмет әлем және Азия чемпионаттарынан жүлделі оралды. Қамшыбек екі жарыста да күміс медаль алса, Тұрсынбай Азиядан алтын, дүниежүзілік додадан қола медаль алып қайтты. Жергілікті жанкүйерлердің есінде қалған ерекше тағы бір жағдай – футболдан Қызылорданың «Қайсары» араға жиырма жыл салып Қазақстан кубогын төбесіне көтеріп, биыл еурокубок ойындарында тұсаукесер матчын өткізуге мүмкіндік алды.
Сыр өңірінің өнер саласында да игілікті істерге жол ашылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 24 қазандағы №800 қаулысымен Нартай Бекежанов атындағы академиялық мәртебесі берілді. Бұл жаңалық - Сыр елі мәдениеті мен өнерінің деңгейі мен сала мамандарының тынымсыз еңбектерінің жемісі. Елімізде мұндай өнер ордаларының саны көп емес. Нартай Бекежанов атындағы театр іргесі 1955 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ және Қаратал аудандарындағы жергілікті театры негізінде ұйымдастырылған. 1960 жылы театр Қызылорда қаласына көшірілді. 1970 жылы Нартай Бекежановтың есімі берілді.
Иранда «Қорқыт ата» кітабының жаңа нұсқасы табылды. Бұл жөнінде Сыр өңірінде өткен түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы дала сазы» өнер фестиваліне келген ирандық коллекционер Вели Мухаммед Ходжа мәлім етті. Бүгінгі күнге дейін дархан даланың ұлылығын дәріптеген жауһар жырдың екі нұсқасы бізге белгілі. «Қорқыт Ата кітабының» Дрезден және Ватикан қалаларында сақталған екі қолжазбасы бар. Бірінші нұсқада - 12, екіншісінде - 6 дастан жазылғаны бұрыннан мәлім.
Қызылорда облысы Қазалы ауданында Сырдария өзенінің үстінен өтетін ұзындығы 219 метрді құрайтын көпір ашылды. Бұл көпір көптеген елді мекендер арасын жалғастырады. Ол ұзақ жылдан бері түйінді проблеманың бірі болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Көпір Әлсейіт учаскесінде Сырдария өзені арқылы өтеді. Темір-бетон арқылы жасалған көпір 2 жолақтан тұрады. Жалпы ұзындығы - 219, ені 12 метрді құрайды. Айта кетерлігі, аталмыш көпір енді Қазалы ауданындағы - 7, Арал ауданындағы 6 елді мекенді Қазалы ауданының орталығы - Әйтеке би кентімен жалғастырады. Бұрынғы жылдарда аталмыш орында қалқымалы көпір халыққа қызмет көрсететін. Қыс мезгілінде дария бойында мұздың ұстасуына байланысты жылма-жыл халықтың қатынасы үзіліп қалатын. Жаңа көпір осылайша қаншама халықтың қуанышына айналды.
Былтыр Сыр өңіріндегі өркенді өзгерістер осындай өрелі істермен өрнектелді. Ел мерейін өсірген бұл жетістіктер аймақтың ажарын айшықтап, алдағы күндерге негіз қалады. Мұндай жарқын жобалар, байыпты бастамалар, ізгілікті істер лайықты жалғасын табатынына сенім мол.