Облыс әкімінің құттықтауы

Құрметті қызылордалықтар!

Сіздерді Жаңа 2020 жылмен шын жүректен құттықтаймын!
Өткен жыл бізге негізгі салалардағы бірқатар жетістіктермен есте қалды: аймақ күрішшілері әр гектардан 60,3 центнерден өнім жинап, рекордты жаңартты. Осылайша, биыл қамбаға 500 мың тоннадан астам Сыр ­салысы құйылды. Біз әлеуметтік салаға бюджет қаражатын бөлу бойынша өңірлер арасында тағы да көшбасшылар қатарынан көріндік. Сонымен қатар, инвестиция мен құрылыс жұмыстарының көлемі, тұрғын үйлерді пайдалануға беру, ауыл шаруашылығында өнім өндіру, өңдеу өнеркәсібі бойынша және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларын сипаттайтын бірқатар көрсеткіштер бойынша да жақсы нәтижеге қол жеткіздік.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатымен және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси сабақтастықты жалғастыруымен халық­тың өмір сүру сапасын қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік нысандарды салу, сумен жабдықтау, энергиямен және газбен қамту, жол жөндеу мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде.
Әсіресе, жастарымыздың білімге, жаңа­шылдыққа деген құштарлығы қуантады. Биыл екінші жыл қатарынан біздің мектеп түлектерінің 97 пайыздан астамы жоғары оқу орындары мен колледждерге оқуға түсуде.


Қымбатты жерлестер!

Аймағымыздың жетістіктері – Сыр өңірінің өсуі мен дамуына үлес қосып келе жатқан Сіздердің әрбіріңіздің еңбектеріңіздің нәтижесі.
Өткен жылды лайықты аяқтап, жеткен жетіс­тіктеріміз үшін баршаңызға ризашы­лығымды білдіріп, келер жылы да зор табыс тілегім келеді.
Келе жатқан Жаңа жыл Сіздерге игілік пен ізгілік, отбасыларыңызға амандық, құт-береке әкелсін! Қамбамыз қазыналы болып, несібеміз артып, әрбір ісіміз жемісті болсын!
Қасиетті Сыр өңірінің құты мен ырзығы артсын!
Жаңа жылдарыңыз құтты болсын, ардақты жерлестер!

Құрметпен,
облыс әкімі Қ.ЫСҚАҚОВ
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 қаңтар 2020 г. 749 0