Құрылысшының қолы алтын

Адам өмірінде ерекше есте қаларлық ең маңызды әрі өте қуанышты сәттер болады. Сондай сәттердің қатарына адамның баспаналы болған кезін жатқызуға болады. Өйткені, кешегі арман ақиқатқа айналады. «Мына жылы баспаналы болдық» деп қоныс тойын атап өткен кезеңді ешқашан ұмытпайды. Өтіп бара жатқан жылы осындай баспаналы болу бақыты бұйырғандардың бірі – Аралбай Мұқтасаров отбасы. Олар 11 жыл тұрғын үй кезегінде тұрып, сол жағалауда салынған жаңа үйден үш бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Мүгедектер қоғамында «Инватакси» жүргізушісі болып істейтін Аралбайдың отбасында төрт адам бар.  Келіншегі Оксана екеуі Нұрғиса және Айару атты ұл мен қызды тәрбиелеуде.

– Әсіресе балалардың қуанышында шек жоқ. Олардың енді өз бөлмелері бар. Жаңа  жылды жаңа қоныста қарсы алуға дайындалуда, – деді Аралбай бізбен әңгімесінде.

Соңғы жылдары Сыр өңірінде қоныс тойын тойлаушылар артып келеді. Олай дейтін себебіміз  соңғы алты жылда Сыр елі құрылыс алаңына айналды. Зәулім үйлер, шағын аудандардың көбеюі тұрғын үй кезегінің көбесін сөгіп, жаңа серпін әкелді. Тіпті, жыл он екі ай бойы сырбойылықтардың қоныс тойына куә болып та жүрміз.

Соңғы 6 жылда тұрғын үй құры­лысының көлемі 2,6 есеге өсіп, 2013 жылы 270 мың шаршы метр­ден 2018 жылы 700 мың шаршы метр көрсеткішке жетіп отыр. Облыс көле­мінде 361 көпқабатты тұрғын үй пай­далануға беріліп, 7709 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Апатты жағдайдағы тұрғын үйлер мәселесі толық шешімін тауып, 713 отбасы жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Ал 2019 жылы барлық қаржылан­дыру көздерінен 720,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жос­парланған болатын. Мемлекеттік бағдарлама аясында барлық қаржы­ландыру көздері есебінен 1987 пәтерді құрайтын 46 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 1738 пәтерлі 40 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланды. 2019 жылдың 11 айының қорытындысымен облыс бо­йынша 640,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл көрсеткіш 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыс­тырғанда 8,8% өсімді көрсетті.

Бүгінгі күнге 310 пәтерді құрайтын 6 сатып алу құқығынсыз жалға бері­летін, 240 пәтерлі 4 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пай­далануға берілді. Сонымен қатар, бар­лығы 140 аз қамтылған көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді, оның ішінде жеке шаруашылық және кәсіпорындар есебінен 27 отбасы, «Болат Өтемұратовтың қоры» есебінен 100 отбасы, «Орда» жол картасы аясында 6 отбасы, республикалық бюджет есебінен 7 отбасы және «Бақытты отбасы» әлеуметтік бағдарламасы арқылы 165 аз қамтылған отбасылар тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Тағы бір ерекше атап өтерлік жайт – Байқоңыр тұрғындарына да жаңа пәтерлер кілтінің табыс етілуі болды. Жұлдызды қалашықта соңғы 30 жылда алғаш рет 50 пәтерлік бес көпқабатты үй салынды.  Жалпы аумағы – 15700 шаршы метр тұрғын үйлердің  құны 2 млрд 210 млн теңгені құрады. Көпқабатты бес үйдің құрылысы өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында басталған. Биылғы қазан айын­да пайдалануға беріліп, қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына тапсырылды. 250 пәтердің 50-і «Байқоңыр» ғарыш кешеніндегі қазақстандық құрылымдарда жұмыс істейтін мамандарға қызметтік баспана ретінде берілсе, қалған пәтерлерге көп жылдан бері кезегін күткен тұрғындар қоныстанды.

Әрине, облыс құрылысшылары тек тұрғын үй құрылысымен ғана ай­налысып жатпағаны белгілі. Өнді­рістік нысандар тұрғызып, инфра­құрылым желілерін жүргізді. Құрылыс­шылар­дың ерен еңбегінің арқасында ірі инвес­тициялық жобалар жүзеге асы­рылды. 2019 жылы барлығы 25 әлеу­меттік нысанның құрылысы жүргізілсе, 9-ы пайдалануға беріліп, 16 нысан жоспарға сәйкес 2020 жылға өтпелі болып қалдырылды. Мұнан бөлек, қызылордалық құрылысшылар облыс­тың Түркістан қаласына тарту еткен халыққа қызмет көрсету кешенін тұрғызғанын айта кету керек.

Маусым айында Арыс қаласындағы орын алған төтенше жағдайдан кейін қаланы қалпына келтіру жұмыстарына барлық аймақ атсалысқан белгілі.  Қызылорда облысына 268 жеке тұрғын үйі бар 6 сектор бекітілді. Құрылыс жұмыстарын атқаруға облыс атынан 20 құрылыс мекемесінен (230 жұмысшы) 4 топ құрылып, бекітілген аумақтарда жөндеу және қалпына келтіру жұмыс­тары жүргізілді. Қалпына келтіруге келмейтін үйлердің орнына үй иеле­рінің келісімімен 3 тұрғын үй сатып алынды.

Осы жұмыстарды толығымен ұйым­дастырып, бастан аяғына дейін қадағалау жүргізіп, белсенділікпен өз үлестерін қосқан, сондай-ақ жалпы құрылыс саласындағы ұзақ жыл­ғы еңбектері ескеріліп және «Құры­лысшылар күні» мен «Тәуел­сіздік күні» орай бірқатар азаматтар  мемлекеттік наградаларға ие болғанын атап өту қажет. Солардың ішінде  «Транс Азия Констракшн» ЖШС бас директоры Сүлейман Ата­ниязов, «ОРИОН ЛTD» ЖШС директоры Шалқар Жаңабергенов, «Механизатор» ЖШС директоры Юрий Те «Құрмет» орденімен наградталса, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков пен осы басқарма маманы Ілесбек Әлмаханов, «Қызылорда Құрылыс НК» ЖШС директоры Қайрат Қозайдаров, «Қызылорда Жоба Құрылыс» ЖШС директоры Данияр Сұлтанбеков «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Интегрострой» ЖШС шебері Темірбек Ибрагимов Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар  құрылыс компаниясының өкілдері мен құрылысшылар облыс әкімінің Алғысымен, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен марапатталды.

Құрылысшылар еңбегінің арқасын­да көз жауын алатын зәулім ғимараттар салынуда. Ол елге тұрмыстық түлеу ғана емес, үлкен сәулет салтанатын әке­леді.  2020 жылы да бұл үрдіс жал­ғасын тауып, Сыр елінің жүздеген тұр­ғындары жаңа баспанаға қол жеткізіп, қоныс тойын тойлайтын болады.


Ыдырыс Тәжіұлы
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 қаңтар 2020 г. 290 0