Шиелінің Ш.Қодаманов ауылындағы «Төңкеріс-К» шаруа қожалығы 2015 жылдан бері тұқым шаруашылығы бағытында жемісті еңбек етіп келеді. Жетекшісі Бауыржан Көпеевтің сөзінше, биыл мың гектар жерге «Лидер» сортты күріш егіліп, оның әр гектарынан 70 центнерден өнім жиналды. Бұл көрсеткішке диқандар жаңа агротехника, гербицид, тыңайтқыш және вакцинаны ұтымды қолданғанның арқасында жетіп отыр. Осылайша мәпелей білсең, жер жомарт екеніне көзіміз тағы бір жеткендей.
– Мемлекет қолдауы істі ілгерілетіп, кәсібімізді дөңгелентуге үлкен мүмкіндік ашты. Техника паркін жаңалауда «ҚазАгроҚаржы» компаниясының көп көмегі тиді. Он жылға арналған лизинг арқылы комбайндар алдық. Күріш тұқымы, гербицид, тыңайтқыш үшін субсидия берілді, – дейді шаруашылық төрағасы.
Қазір мұнда 115 адам еңбек етуде. Оларды ынталандырудың әртүрлі тетігі қарастырылған. Биыл үздік күрішшілер Бектас Ербаев пен Жұмабек Ишановқа көліктер табысталды. Одан бөлек, еңбегімен көпке үлгі бірқатар қызметкер сыйақы алып, бір марқайып қалды. Бауыржан Көпеев шаруашылық жұмысын ғана ширатып қоймай, ауылды көркейтіп-көгалдандыруға да елеулі үлес қосып жүр. Бір ғана мысал, былтыр кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен ауылда спорт кешені бой көтерді. Ел үшін жасаған жақсылығы еленіп, 2017 жылы меценатқа республикалық «Жомарт жүрек» сыйлығы, биыл Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы берілді.
Қазынадан бөлінген қыруар қаржы агросаланың алға басуына сеп. Осы жылдың қаңтар қараша айлары аралығында «ҚазАгроҚаржы» компаниясы арқылы 6,2 млрд теңгеге 179 техника сатып алынып, техника саны 4418-ге жетті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, егін егу және жинау үшін мемлекет тарапынан арзандатылған бағамен 30 мың тонна дизель отыны бөлініп, шаруашылық құрылымдарына литрі 178 теңгеден жеткізілді. Аграрлық секторды қолдау үшін жалпы сомасы 13,3 млрд теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 28 процентке артты.
Жалағаштық кәсіпкер Толғанай Жұмабекқызы да мемлекеттік қолдаудың шарапатын көріп отыр. Жеңілдетілген бағамен 10 млн теңге несие алған ол Ақсу ауылында жылыжай кешенін іске қосты. Жылыжайда тамыз айынан бастап көкөніс егіліп, алғашқы өнімі тұтынушыға жетті. Шаруасы ширақ, тірлігі тындырымды Толғанай дөңгеленткен жобалар қатарында мал бордақылау ісі де бар.
– Осы мақсатта алаң құрылысын жүргізу үшін аудан басшылығымен өзара әріптестік жөнінде меморандум жасалды. Қазіргі күні қожалықта 75 аналық сиыр, 3 асылтұқымды бұқа бар. Мал бордақылау бағытындағы жұмыс бойынша жоба құны 40 млн теңге шамасында, – дейді ол.
Қазақ халқының ертеден мал шаруашылығымен айналысып, бұл саланы атакәсіп санағаны белгілі. Халық өмірінде маңызын жоғалтпаған ауыл шаруашылығына қолдау көрсетуді мемлекет бүгінгі күнге дейін бір сәт естен шығарған емес. Бүгінде мал шаруашылығымен айналысып отырған шаруалар «Сыбаға» бағдарламасының көмегіне көп жүгінеді.
Сөзіміздің дәлелі, бүгінгі күні 20 шаруашылықтан 2018 бас асылтұқымды ірі қара алу үшін түскен өтініштер қаралып жатыр. Ал 1850 бас сиыр алып келу жобасы қаржыландырылды. Сондай-ақ, 131 шаруашылық 46783 бас қой сатып алуға ынта білдіріп, олардың 32815 бас уақ мал сатып алу жобалары қолдау тапты. Өткен жылы қаржыландырылған 1305 бас асылтұқымды сиыр аналығы облысқа жеткізілді.