Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Бөрібай Құлманұлының үйіне барып, Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
"Бүгінде үлкейдім деп қарап отырмай, ізіңізден ерген ұрпаққа ақыл-кеңесіңізді айтып, үлгі болып отырсыз. Сізге қарап біз сүйсініп, мақтанамыз. Бірер күннен соң келетін Жаңа 2020 жылы 100 жасқа толатын мерейтойыңызды барша Сыр жұртшылығы бірге атап өтетін боламыз. Жаңа жыл мол несібесімен, берекесімен келсін. Сіздің ғибратқа толы жасыңыз бен жолыңызды жас ұрпаққа берсін дейміз. Ұрпағыңызбен мың жасап, алдымызда ақыл айтар ақсақалымыз, данамыз болып отыра беріңіз, сізді Жаңа жылыңызбен құттықтаймыз, " - деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі Қ.Ысқақов Б.Құлмановқа жаңа жыл мересіне арналған мерекелік тәттілер себетін табыстады.
Бөрібай Құлманұлы өзіне көрсетілген құрмет үшін алғысын білдірді.
Б.Құлманов 1920 жылы туылған. Еңбек жолын қарапайым ауылшаруашылық саласынан бастаған. Ұлы Отан Соғысында Беларусь, Польша, Германия майдандарында болған. Соғыс аяқталған жылы Қытайда және Шығыс Түркістан Республикасында құпия миссия атқарды. Елге оралғаннан кейін облыстық ауылшаруашылығы басқармасында қызметте болды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Қызылорда экспериментальды-механикалық жөндеу заводында қызмет атқарды.Осындай ел мүддесі жолындағы еселі еңбектері үшін Құлманов Бөрібай ағамыз «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» және «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.