Бүгін облыс әкімі Қ.Ысқақов қаладағы бірқатар нысандарды аралап, Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар, аймақ басшысы "Атамекен" балалар ауылының екі тәрбиеленушісі Мариям Ауезханова мен Любовь Нежелованың тұрғын үй алу кезегі келуіне орай жаңа пәтер кілттерін табыстады.
Аймақ басшысы Қуанышбек Досмайылұлы балаларға арналған әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жұмысымен танысып, бүлдіршіндерге арналған ертеңгілікке қатысты. Сондай-ақ, "Атамекен" отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілерімен кездесті. Балалар ауылында "Робототехника", "Медиа клуб", "Шағын тігін шеберханасы", "Балалар және қолөнер бөлмесі" және "Арт студиясы" кабинеттері ашылған. Мақсаты балалардың бос уақытын тиімді өткізу. Сонымен бірге, спортпен тұрақты шұғылдану үшін "Мұз айдыны", "Евразия", "Тарлан" спорт кешендері мен "Оқушылар сарайындағы" үйірмелерге тегін қатысуға жолдамалар қарастырылған.
Балалармен кездесуде облыс әкімі Қ.Ысқақов "Атамекен" отбасы үлгісіндегі балалар ауылы тұрғындарының бірқатар жетістіктеріне тоқталып, Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
"1 маусым – Халықаралық балалар күніне орай Сабанкулова Рано мен Нышанова Нұршат Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қабылдауында болып, батасын алып қайтты. Бұл – Сіздер үшін де, бәріміз үшін де үлкен құрмет деп білемін. Жақында ғана Ступновский Роман облыс әкімінің «Сыр үміті» жастар сыйлығын алды. Тағы бір достарыңыз Тастыбай Ерхан республикалық «Робототехника» сайысынан бірінші орын иеленді. Осындай жетістіктеріңізге біз де қуанамыз және Сыр өңірін өркендетуге қосып отырған үлестеріңіз деп білеміз. Әрқашан биіктерден көрініп, білімді ұрпақ болып өсіңіздер деп тілеймін",- деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.
Мұнан соң, Жаңа жыл қарсаңында облыс әкімі Қ.Ысқақов қарттар үйіндегі ардагерлермен кездесіп, жаңа жыл мерекесімен құттықтады және 2020 жылы Орталыққа "Газель" автокөлігін алуға қаржы бөлінгендігін айтты.
"2020 жылы да сіздердің ақ баталарыңызбен, алғаусыз тілектеріңізбен ойға алған жоспарларымызды жүзеге асырып, жетістіктерімізді еселей түсеміз деп сенемін. Сіздер әрқашан мемлекет назарынан тыс қалмайсыздар. Әрдайым жағдайларыңыз жақсы болуына барлығын жасайтын боламыз.",- деді аймақ басшысы.