Бүгін Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов «Нұрлы-Жер» бағдарламасы аясында Сырдария өзенінің сол жағалауында бой көтерген арендалық тұрғын үйдің пәтер кілттерін табыстады.
Қызылорда қаласында соңғы 6 жылда 15 жаңа шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңнан аса қызылордалық баспаналы болды. Биыл да бұл жұмыстар жоғары деңгейде жүргізіліп, құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 164,7 пайызға артты. Жалпы өңірде жүзеге асқан құрылыс жұмыстарының 31,4 пайызы облыс орталығының үлесінде.
Аймақ басшысы құрылыс саласындағы бірқатар жетістіктерге тоқталып, жаңа пәтер иелерін қоныс тойларымен құттықтады.
«Аймақта құрылыс саласындағы жұмыстардың ең ауқымдысы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қалаға тиесілі. Республикалық, облыстық бюджеттерден 820 пәтерлік 16 көпқабатты арендалық тұрғын үй мен 830 пәтерлік 17 көпқабатты кредиттік тұрғын үйдің құрылыстары жүргізілуде. Қаржыландырудың барлық көздері есебінен есепті мерзімде жалпы ауданы 381 мың 308 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа жыл қарсаңында жаңа пәтердің кілтін алған жерлестермізге жаңа қоныстары жайлы болсын, іші балалардың күміс күлкісіне толсын деп тілейміз. Жаңа жыл шаңырақтарыңызға береке, еңбектеріңізге табыс, отбастарыңызға амандық әкелсін!», - деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.
Айта кету керек, бүгінгі жаңа пәтер иелерінің басым бөлігі - көп балалы аналар мен әлеуметтік осал топтағы азаматтар. Пайдалануға берген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 14 мың 260 шаршы метр, құны шамамен 2,3 млрд. теңгені құрайды.