« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жастар жылында «Qyzylorda» телеарнасының «Jastar time» бағдарламасы көрерменге жол тартты. Көп уақыт болмаса да оның көрілімі жоғары. Әр жұманың кешінде тікелей эфирде экранға шығатын танымдық ойын-сауық хабары бір сағатқа созылады. Онда облыста түрлі салалардың дамуына еңбек сіңіріп, дарынымен, қабілетімен және белсенділігімен көзге түсіп жүрген жастардың өмірі, жетістіктері мен оған талпынысы насихатталады. Ел игілігі жолында атқарылып жатқан сан алуан жұмыс барысы баяндалады.
– Ал «Біз де жас болғанбыз» деген айдарымызда көпті көрген, көңілге түйгені мол, аймақ дамуына қосқан үлесі қомақты, айтары бар ел ағалары өзінің жүріп өткен жолымен, жастық шақтағы естеліктерімен бөліседі. «Эксперимент» айдарында жасырын камера арқылы әртүрлі жағдайға қатысты көпшіліктің реакциясын көрсетеміз. Сонымен қатар, көше жүргіншілері арасында блиц-сауалнама ұйымдастырып, үздік әндер шеруін ұсынып отырамыз. «Бірге барайық» айдарында жастар көп жиналатын, баруға құмартатын көрікті орындарға саяхат жасаймыз, – дейді бағдарлама жүргізушісі Жұлдыз Пірмағамбет.
Жас журналист Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының артисі Қанат Архабаевпен бірге бір сағатқа жуық уақыт бойы қалың көрерменнің, оның ішінде жастар қауымының ойын сергітіп, көңілін көтеруге тырысады. Бағдарлама биылмен шектеліп қалмай, алдағы Волонтер жылының игілігін бөлісіп, осы бағытта еңбектеніп жүрген жастарды дәріптеумен жалғаспақ.
Аудиторияға 28 жыл бұрын жол тартып, үздіксіз ақпарат таратып келе жатқан аймақ айнасы бай тәжірибе, тың ізденіс һәм өзіндік қолтаңбасымен танылып үлгерді. 1991 жылы 30 сәуір күні облыстық телеарнада 30 минуттық хабар эфирге шықты. Техникалық қалыптасу кезеңінің қиындықтарына қарамастан телеарна тілшілері мазмұндық сипаты көркем, тартымдылығы ерекше ұнамды, көрсетілімі ыңғайлы әрі әсерлі бағдарламалар әзірлеп, көптің көкейіндегі сауалдарға толымды үн қосып келеді. Әсіресе, «Алаштың анасы» атанған Сыр өңірін ұлттық өнердің қайнар көзі ретінде кеңінен насихаттауы көңіл қуантады. Рухани қажеттілік пен сұранысқа сай келуі тиіс телеарналар жұмысының жылдам қарқынмен дамуын, қызметінің үйлесімді болуын адамдар күнбе-күн көз алдында тұрған «сиқырлы қобдиша» немесе ертеректе жиі айтылатын «көк жәшіктен» іздейді. Жай ғана іздемейді, өзі күткен деңгейден көргісі келеді. Облыстық арнаның басты мұраты да – осы.
Бүгінде ұжымның тең жартысына жуығы – жастар. Олар ақпарат кеңістігіндегі аты-жөндері белгілі аға-апалары секілді ізденуден, мақсатқа жету жолында аянбай еңбек етуден, көп үйренуден жалыққан емес. «Qyzylorda» телеарнасы директорының орынбасары Айсұлу Қасымова шығармашылық құрам биыл да жасара түскенін жеткізді.
– Білім-біліктілігін арттырып, шығармашылығын шыңдау үшін қызметкерлер семинар-тренингтер мен телевидение майталмандарының шеберлік дәрістеріне қатысып отырады. Одан бөлек, 3 жыл сайын аттестациядан өтеді. Мамандарымыздың қай-қайсысы да осал емес. Уақытпен санаспай жұмыс істеп, саланың қиындығы мен қызығын бірлесе көтеріп жүр, – дейді ол.
Облыстық арна «Qazaqstan» телекорпорациясына қарасты аймақтық телеарналар арасында алғашқы үштікте. Бұған ақпарат құралының шығармашылық құрамымен қатар, материалдық-техникалық әлеуетінің де әсері бары анық. Ұжым қазіргі күні 16/9 форматында жұмыс атқарады. Өз күшімен заманауи үлгідегі бірнеше студияны іске қосып, жаңадан декорациялар жасады. Бейнекамералардың барлығы HD форматында. Құнды дүниелерді сақтауға арналған жаңа мұрағат сервері де бар.
Телехабарлар редакциясының шеф редакторы Алтынай Молжанова Жастар жылындағы әріптестерінің жетістіктерін тілге тиек етті. Мысалы, Әсия Нұрлыбаева – жастарға арналған облыс әкімінің «Сыр үміті», Альбина Байдүйсенова Қызылорда қаласы әкімінің «Самғау» сыйлықтарына ие болды. Бекзат Есқалиев «Қазақстан тәуелсіздігі және Елбасы» шығармашылық байқауында ІІ орын алса, Алтынай Молжанова «Қазақстанның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге қосқан үлесі» атты байқаудың «Үздік телехабар» аталымында жеңіске жетті.
– Телехабарларды жарыққа шығаруда жастардың жалын-жігері көп көмек. Біздің қатарымыз жыл сайын толығып отырады. Осы жылы Дәулетхан Маратұлы, Әйгерім Асқарқызы есімді іні-сіңлілеріміз қатарға қосылды. Өздері ұлттық арнада азды-көпті тәжірибе жинаған. Әйгерім аптаның алғашқы бес күнінде көрерменмен қауышатын «Жаңа күнді», ал Дәулетхан әр дүйсенбіде көрсетілетін «Бәйгені» тізгіндейді. Одан бөлек, Альбина Байдүйсенова, Сұлушаш Мадиярова, Әзиз Сейдалиев, Жұлдыз Пірмағамбет, Бекзат Есқалиев және Әсия Нұрлыбаева сынды жастар мақтауға тұрарлық, – дейді тәжірибелі тележурналист.
Жергілікті арна өнімі, көтерген тақырыбы халықтың көңілінен шығып жатса, шығармашылық ұжымның ұтқаны. Телехабарлардан бөлек, аймақ айнасының балалар шығармашылығын дамытуға бағытталған «Ботақан», өнерлі жастардың талабын өрге жүздірген «Сыр жұлдыздары», дәстүрлі өнерді дәріптеуші «Жыр-керуен», Сыр бойындағы белгілі жыраулар мектебін насихаттайтын «Жыр-мұра» сынды өміршең жобалары бір төбе.
Ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, халықаралық Жазушылар одағының мүшесі Толқын Қабылша жұмысы қауырт, тірлігі қат-қабат телеарнада 11 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Бүгінде бір емес, бес бірдей бағдарламаның жауапкершілігін көтеріп жүр. Қоғамдық мәселелерді қозғап, сан қилы тағдыр мен оқиға кейіпкерлерінің бейнесін ашып көрсететін «Өмірдің өзі» ток-шоуы аптасына екі рет, өскелең ұрпақтың поэзияға құштарлығын оятып, жыр әлеміндегі жаңа есімдерді жарыққа шығаратын «Өмір-өлең» хабары жетісіне бір көрсетіледі. «Маржан сөз», «Тіл-таным» атты бағдарламалар мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, жастардың тіл білімін байқауға бағытталған.
– Есімін ел білетін азаматтармен әңгімелесу негізіндегі «Емен-жарқын» хабары жарыққа шыққанына көп бола қоймаса да көрермен көңілінен орын тауып үлгерді. Соның ішінде Мұрат Бақтиярұлы, Шаһизада Әбдікәрімов, Асқар Жұмаділдаев сынды ойы терең, көзқарасы орнықты ағаларымызбен ашық та еркін сұхбат сұранысқа ие болды. Сыртта жүрген сырбойылықтармен жүздесу үшін еліміздің бас қалаларына барып та қайттық. Халықтың алғысы – еңбегіміздің еленгені, бізге берілген жоғары баға, – дейді хабардың авторы әрі жүргізушісі.
Эфирге шыққан дайын дүние үшін қаншама тер төгілетінін «көк жәшікке» көз тіккен көрермен біле бермейді. Сәтті кадр жасаудан бастап мәтін жазу, дыбыстау, монтаждау – тілші мен техникалық қызметкерлердің көрінбейтін еңбегі. Облыстық телеарна 30 жылға жуық уақыт ішінде талай сыннан сүрінбей, кедергілерді кесіп өтті. Ауыз толтырып айтарлықтай іс, тындырымды тірлік атқарды. Тілшілері түрлі додаларда топ жарған ұжымның шығармашылық ізденісі мұнымен шектелмек емес, керісінше заман ағымына қарай қарыштап дами түседі. Көзі қарақты көрерменді жағымды жаңалықтармен қуантып, танымдық-тәлімдік мәні бар тақырыптарды қозғауды жалғастыра бермек.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |