Қазалылықтардың көптен күткен арманы орындалды. Бүгін ауданда "Әлсейіт" көпірі пайдалануға беріліп, салтанатты шараға облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қатысты.
Ұзындығы 219, ені 12 метрді құрайтын екі жолақты темір-бетон нысан Қазалыдағы 7 және Арал ауданындағы 6 ауылдың 14 мыңнан астам тұрғынының игілігіне жарайды. Ендігі жерде Сырдария өзенінің арғы-бергі бетіндегі ағайынның аралас-құраластығы одан әрі артып, шағын және орта кәсіпкерлік те жандана түсетіні сөзсіз.
"Әлсейіттегі" көпір құрылысының іске қосылуын тұрғындар тағатсыздана күткен болатын. Өйткені бұған дейінгі қалқымалы көпір күзгі және көктемгі су тасқыны кезінде елеулі қиындық туындатып келді.