Бүгін аймақ басшысы Қ.Ысқақов пен бірқатар облыс кәсіпкерлері батыр ана, «Құрмет» орденінің кавалері, Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабекованы 84 жасқа толуымен құттықтады. Сыр диқандары Батыр анаға автокөліктің кілтін табыстады.
Сәлима Жұмабекова 1935 жылы Қармақшы ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келген. Еңбек ардагері, көпбалалы батыр ана. Еңбек жолын 1953 жылдары сауыншы болып бастаған. «Ақжар» кеңшарында әртүрлі жұмыс істеп, 1959 – 1986 ж «Ленин» атындағы Кеңшарда күріш өсірумен айналысқан. 1967 – 1973 жылдары Дауылкөл ауылдық кеңесінің төрайымы қызметінде болған. 1973 жылдан бастап күріш өсіруші ірілендірілген звено жетекшісі. 1974 жылдары ұдайы өзіне бекітілген күріш егісінің әр гектарынан 84-118 центнерден өнім жинаған. Сәлима Жұмабекова 1978 жылы 5 адамнан құрылған комсомол-жастар бригадасына жетекшілік етіп, облыста бірінші болып семьялық звено құрды.СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1980 жылғы 4 наурыздағы Жарлығымен Жұмабекова Сәлимаға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Ыбырай Жахаевтың ізбасары ретінде ерлермен иық теңестіріп, бел жазбай еңбек еткен Сәлима Жұмабековаға аймақ басшысы барша Сыр жұртшылығы атынан жылы лебізін білдіріп, мерейлі мерекесімен құттықтады.
"Сіз еңбектің шыңын бағындырып қана қоймай, 10 бала тәрбиелеп, жеткізіп, Батыр ана, "Құрмет" орденінің кавалері, Социалистік Еңбек Ері атақтарын иеленіп, ерен еңбектің үлгісін көрсеттіңіз. Сыр өңірінің мақтанышына айналып, өмір жолыңыздағы, еңбек жолыңыздағы жеңістеріңіз бен жетістіктеріңізді бүгінгі ұрпақққа үлгі етіп келеміз. Алғашқы тың игеру кезеңінде республикамыздың қоймасына құйылған миллиард пұт астыққа Сіздің де қосқан үлесіңіз зор болды. Сәлима апа, жерлестеріңіздің атынан туған күніңізбен шын жүректен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасыңызға амандық тілейміз, ұрпағыңызбен мың жасаңыз! ",- деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.
Соцалистік Еңбек Ері Салима Жұмабекова өзіне білдірілген құрметке алғысын білдіріп, ақ батасын берді.