Көкөніс бізге қайдан келеді?

 Қыс түскелі базарда жергілікті көкөністердің қатары сиреп, сырттан келген өнімдер көбеюде. Жүзім, мандарин, құрма, банан, киви, апельсиндердің түр-түрін табуға болады. Бірақ бұлардың дені бізде өспейді. Осы ретте “көкөністер мен жемістер қаламызға қайдан келеді, аймақтың өз өндірісі есебінен көкөністермен қамтамасыз ету деңгейі қалай?” деген сауал туындайтыны анық. Мұны білу үшін базарды бақылап, бағаны бағамдап  көрдік.

Өңірдегі көкөністердің көбі ескі базар мен маңайындағы сауда үйлерінде сатылады. Байқағанымыздай, көкөніс өнімдерінің басым бөлігі облысқа негізінен оңтүстік өңір­лерден Сарыағаш, Түр­кістан, Түлкібас,  Тараз­дан жеткізіледі. Ал, Павло­дар, Қостанай облыстары­нан қажеттілігіне қарай күзгі өнімнен картоп, сәбіз тасымалданады екен. Сондай-ақ, Ресей, Қырғызстан, Пәкіс­тан елдерінен цитрусты жемістер әкелінетін көрінеді.

Мамандардың  айтуынша, облыс нарығының басым бөлігін, яғни, 60 про­цент­тейін «Мирас» сауда үйі өзге өңірлерден тасымалдап, қамтамасыз етуде. Осы жыл­дың қаңтар-қазан айларында азық-түлік тауарларының  3 түрі бойынша (ақталған күріш, сүт, ас тұзы) облыс халқының қажеттілігі толықтай өтесе, қалған өнім түрлерінің жет­кіліксіз мөлшерде өндірілу себебінен басқа облыстардан тасымалданыпты.

Статистикалық мәлімет­тер­ге сүйенсек, өткен жылы аймақта көкөніс өнімдері, оның ішінде картоп – 61244 тонна, тұтыну нормасымен есептегенде 77,2%-ке қамтамасыз етілген, бас пияз – 6105,3 тонна өндіріліп 48,1%-ке, сәбіз – 11638,6 тонна, 63,7%-ке, қырыққабат 4543,9 тонна өндіріліп, 23,8%-ке қамтамасыз етілген.

Жалпы жергілікті шаруа­лардың халықты көкөніспен, жеміспен толық қамтамасыз ете алмағандықтан нарықты Қытай мен Өзбекстан өнімдері жаулаған. Аймақта жылыжай салынып жатқанымен, оның дамытатын тұстары көп көрінеді. Сондықтан облыс тұрғындарын маусымаралық кезеңде жергілікті сапалы жылыжай өнімдерімен тұрақты қамтамасыз ету басты мәселе болып отыр.

– Соңғы жылдары осы бағытта тиісті жұмыстар ат­қарылуда. Дегенмен, аймақтың табиғи-климаттық жағдайы жыл бойы ашық топырақта үздіксіз ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіріп, тұрақты өнім алуға мүмкіндік бермейді. Бізде өсірілетін дақылдардың вегетациялық мерзімі көктем айларынан бастап, күз айларына дейінгі маусымды қамтиды. Қияр мен қызанақ дақылдары негізінен ашық топырақта өсіріліп, өнімнің басым бөлігі жаз-күз айларында жиналып, тұтынылады.

Сол себепті, ұзақ сақтауға кел­мейтін бұл өнімдер, маусы­маралық кезеңде негізінен сырттан тасымалдануда. Өздеріңіз білесіздер, өзге ел­ден әкелген соң кедендік алымдар мен тасымал шығындары болады. Бұл көкөністер бағасының күрт қым­баттауына  әкелуде, – дейді об­лыс­тық ауыл шаруашылығы бас­қар­масының басшысы Қамбарбек Мүбараков.

Десе де, аймақта жылыжай шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Оның үстіне мемлекет тарапынан көлемі 1 гектардан асатын заманауи автоматтандырылған жылыжай құрылысына кеткен шығындардың 25 процентін субсидиялау қарастырылған.

– Осыған сәйкес, облыста жылыжай өнімдеріне қажеттілікті бір­тін­деп шешу мақсатында облыс әкімдігі тарапынан Қызылорда қала­сы мен барлық аудан әкімдеріне қолда бар мүмкіндіктерді (табиғи газ, инфрақұрылым, мемлекеттік қол­дау және т.б.) пайдалана отырып, кәсіпкерлермен бірлесіп әр аудан­да (қалада) жылына 5 жылыжай ашу жөнінде тапсырма берілген болатын. Нәтижесінде, келесі жылы Жаңақорған ауданында көлемі 0,26 гектарды құрайтын 2 жылыжай, Шиелі ауданында көлемі 2,0 гектарлық 20 жылыжай, Сырдария ауданында көлемі 0,015 гектарды құрайтын 1 жылыжай, Жалағаш ауданында көлемі 0,6715 гектар болатын 6 жылыжай, Қармақшы ауданында көлемі әрқайсысы 0,08 гектарлық 2 жылыжай, Қазалы ауданында көлемі 0,12 гектарды  құрайтын 1 жылыжай, барлығы 3,1 гектарлық 32 жылыжай іске қосу жоспарлануда, – дейді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, биыл  облыста «КазАгроМир» ЖШС жоғары технологиялы заманауи автоматтандырылған жылыжай кешенін іске қосады. Алғаш рет қолға алынған бастаманың жалпы құны – 1,1 млрд теңге. Қазіргі таңда испаниялық мамандар кешеннің құрылыс-монтаждарын бітіріп, жылу, электр жарығын жүргізуде. Оған қоса  көшет егу жұмыстары да басталып кеткен. Жылыжай алдағы наурыз айында алғашқы өнімін береді. Бұл маусымаралық кезеңде Қызылорда қаласын жергілікті көкөністермен қамтамасыз ететін болады. Демек, қолға алынған шаралардың нәтижесінде маусымаралық кезеңде облыс тұрғындарының көкөніс өнімдеріне қажеттілігі біртіндеп шешімін таппақ.

Айта кету керек, облыс тұрғын­дарының жылыжайда өсірілетін көкөністерге қажеттілігі 3967 тоннаны құрайды. Өткен жылы облыста жалпы аумағы 2,3 гектар болатын жылыжайларда 233 тонна қияр және 54 тонна қызанақ, барлығы 287 тонна өнім жиналған.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 желтоксан 2019 г. 600 0