«Дипломмен – ауылға!»: Алғашқы онжылдықтың нәтижесі

Қалалардың өсiп, ауылдың iрiленуi – өркениеттi қоғамның жетiстiгi. Алайда, ауылдан бiржола тамыр үзiп қалмау – өзекті мәселе. Алыптардың көбі осы ауылда дүниеге келгенін ескерсек, болашақта бұл үрдiстiң жiбi үзiлмес үшiн мұнда ұлттық мәдениеттiң ошағы, заманауи бiлiмнiң бастауы сақталуы тиіс. Осыны ескерген Ауыл шаруашылығы министрлігі 2009 жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын іске қосты. Оңтайлы бағдарламаға биыл – 10 жыл. «Бағдарлама біздің өңірде қаншалықты қолжетімді? Нәтижесі қандай?» деген сауалдарға жауап іздеген едік.

Облыста «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын жас­тар толық қолдайды. Дегенмен, бір  жылдары «Жастар ауыл десе, ат-тонын ала қашады, маман тапшылығы мәселесі әлі де бір жолға қойылмады» деген пікірлер айтылған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары мұны аталған жобаның енді ғана жүзеге аса бастаған уақытында ауылда жұмыс істеуге ниетті жастардың қатары сирек болғанымен байланыстырды.  Тек уақыт өте келе бағдарлама тиімділігін түсініп, оның жемісін көрген маман көрсеткіші көбейген. Олардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласының мамандары бар. Жастарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларын да тілге тиек ете кетейік. 2009-2018 жылдар аралығында облыс бойынша 4406 маманға 1,3 млрд теңге біржолғы көтерме жәрдемақы төленіп, 3511 маманға  9,1 млрд теңге тұрғын үй сатып алуға несие берілген.

Ал, биыл 323 маманға осындай жәрдемақы төлеуге 61,6 млн теңге, тұрғын үй несиесіне 1,9 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ, осы жылы жобаны жүзеге асыру аясында берілетін бюджеттік несие көлемі бо­йынша біздің облыс республикада алдыңғы қатардан көрінді. Бағдарлама игілігін көрген кадрлардың басым бөлігі Жаңақорған ауданына тиесілі.

Жас мамандардың да ойын ортаға салсақ, Айгүл Құлшаева – бағдарлама қатысушысы. Ол Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығы бойынша білім алған. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін арман қала Астанаға бет алуды да ойлапты. Бірақ, ту­ған топырақтан жырақтай ал­маған. Бала кезінен ұстаз болуды армандаған Айгүл қазір қаладағы «Наурыз» шағын ауданында орналасқан №268 мектеп-лицейде мұғалім қыз­ме­тін атқарады. Айтуынша, бағ­дар­лама жастар үшін ерекше маңызға ие.

– Өзге замандастарым секілді үлкен қалаға аттанып, мақ­сатымды жүзеге асыруға асыққан кез болды. Алайда, жақын­дарымның жанында қалып, ойдағы армандарымды өз өлкемде іске асыруды шештім. Таңдауыма еш өкінбеймін. Ең бас­тысы, жастарға берілген осын­дай мүмкіндікті қалт жібер­мегеніме қуанамын. Осы бағ­дарлама аясында біржолғы көмек пен тұрғын үйге қол жеткіздім. Ал, ол біз секілді жас отбасы үшін пайдалы, – дейді Айгүл.

Тігіншілікті серік еткен қармақшылық жоба қатысу­шысы Ұлдана Нұртазаева да «Дипломмен – ауылға!» бағ­дар­ламасының аясында келіп жатқан жастарды мемлекет үлде мен бүлдеге ораған жоқ» дегенмен келіспейді. Жас маманның пікірінше, мемлекет тарапынан әрбір жастың дамуына жағдай жасалған. Мүмкіндікті қалт жібермесеңіз, екі қолға бір күрек табылады.

Арал аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Арман Мұсаев та – кезінде заман­дастарының басым бөлігі қалаға асыққанда, ауылды түлетуге бағыт алғандардың бірі.

– Қазір  бәсекелестік заманы. Сондықтан адам өзіне қажетті мамандықты игеруді ойлаған жөн. Университет бітіріп, мейрамханада даяшы болып жұмыс істеп жүрген жастарды көргенде, текке кеткен уақыт-ай дейсің. Одан да дипломмен ауылға тартып кетсе, жағдай басқаша болар ма еді деген ойда қаласың. Арба сүйреп жүргені де бар. Мұның барлығына мемлекетті кінәлайтындар табылады. Бұған мемлекеттің кінәсі жоқ. Техникалық маман тапшы екенін ескеру қажет. Қарапайым токарь, дәнекерлеуші, аспазшы дегендерден бастап, сұраныстағы мамандықты игеру керек. Мәселен, мал дәрігерін алайық. 1999 жылға дейін совхоз тарап, ветеринарлар жұмыссыз қала бастады. Алайда, 2012 жылдары Үкімет қаулысына өзгертулер енгізілді. Ветеринарлық станциялар жаңғырып, ауылдық округтерде пункттер ашылды. Біз осы серпілісті сезініп, шешім қабылдадық. Жемісін көріп отырмыз. Бүгінде Ақтөбе, Алматы қалаларынан тәжірибеден өтуге келген студенттер осында қалатынын айтқанда қуанамыз. Соңғы жылдары қыздар да осы мамандыққа қызығушылық білдіруде. Бәсекеге қабілетті жастардың қатары артса, мемлекет ұсынған мүмкіндікті тиімді пайдаланса жөн, – дейді Арман.

Ауыл-аймақтардағы кадр жетіспеушілігі мәселесін шешуге бағытталған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жас мамандарды қанаттандырып келеді. Ұлттық экономика ми­нистр­лігі таратқан ресми  ақпаратқа көз жүгіртсек, бағ­дар­лама іске қосылған 10 жыл ішінде 60 мыңнан астам  жас ауылға тартылған екен. Байқағанымыздай, облыстағы қарқын да жаман емес. Оның үстіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағдарламаны назардан тыс қалдырмай, биыл оны қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізуді тапсырды. Бұл жас мамандар үшін тағы бір жағымды жаңалық деп білеміз.

Мөлдір Қалымбет.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 желтоксан 2019 г. 346 0