« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
БОЗІНГЕННІҢ РУХЫ
Қасиетіңнің қайнары – рух,
Ақиқатыңның айбары – рух.
Тегіңнің тіккен орда тірегі,
Бақытыңның байрағы – рух.
О.Нұрмаханов.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Құмбазардың ауылнайы болған Нұрмахан Тоқболсын баласының есімі Арал өңіріндегі жұрт аузында жүр. Ал, ол кісі мінген бозінгеннің үні әлі күнге әр жерден естіліп тұрады дейді. Былайша, аңыз сияқты, бірақ, бұл – есте жоқ ескі заманның емес, осы күннің әңгімесі. Нұрмахан атамыздан «Құдайдың бергенін халыққа бер» деген ұлағатты сөз қалған. Осы сөздің өзі-ақ ол кісінің пейілі кең, қолы жомарт, елшіл ер азамат екеніне дәлел.
Атамыз тапқан олжасын ауылына түйесіне теңдеп әкеліп, жоқ-жітікке таратып беретін бір үйдің емес, бір ауылдың әкесі болған. Ел ішінде ауылнайлыққа дейін де абырой-беделі жүріп тұрған Нұрекеңнің алдына бір байдың тоқсан өгізін салып бергені туралы әңгіме бар. Сонда атамыз өз қорасына бір тұяқ кіргізбей, тоқсан өгізді қара жұртқа қылдай бөліп беріпті. Сол атамыздың түйесі иесінің дәретсіз жер баспай, өзін тек сауапты іске ғана жұмсағанын жанымен түйсінген сияқты. Түйе – қасиетті мал. Дін кітаптарында «Алланың жүзінші есімін жануарлардан түйе ғана біледі» деп жазылған. Мұндай нығымет иелеріне Жаратушы тарапынан шексіз хикметтер берілген. Мәселен, жүзінші есімді білген пайғамбарлар тірі кезінде-ақ көкке ұшып кеткен, мәңгі жұмақтық болған. Солардың бірі – Ыдырыс пайғамбар. Ал, Алланың жүзінші есімі жазылған жүзіктің иесі болған Сүлеймен он сегіз мың ғаламның тілін түсінген. Осыған қарап бозінгенге қонған қасиеттің дәрежесін шамалауға болады. Сол інген басиесі Нұрмахан қайтыс болғанда екі күн бейіт басында жатып алып, үшінші күні өзі де өлген. Қырық күн тән азабына төзе алатын жануар жан азабын үш күн ғана көтеріпті. Содан бері бозінгеннің боздаған даусы осы өлкені кезіп жүреді-міс. Расында, бұл Нұрмахан атаның киесі еді. Сол кие бозінген рухы болып қасиет қайнарына қонған, ақиқат айбарына айналған. Тегін тірек қылған әулеттің бақыт байрағындай болып бүгінге жеткен.
Нұрмахан атаның немересі, аты мәлім ақын Оңталап Нұрмаханов осы бір әпсананы бір шумақ өлеңге сыйғызған.
ЖІГІТ БОЛАМ
ДЕГЕНШЕ
немесе
қара қайыққа
ақша тыққан атам
– Балалық шақ әркімде болады, жігіт болам дегенше де біраз жол жүреді. Кейбіреулер осы кезеңді таусылмас қызықтарымен қимай еске алады, енді біреулер тағдырына налып отырады. Сіз де ойнамай өскен бала болдыңыз ба, ойыңызда не қалды?
– Ойын баласы ойынмен өседі. «Біздің балалығымыз ойынсыз өтті» деу салыстырмалы сөз.
Мен 1958-ші жылғымын. Жақайымның Көлімбет аталығы көбірек тұратын Құмбазар ауылында дүниеге келгенмін. Бәтеңкесінің басы екі жаққа қарап, шалбарын көкіректен бір-ақ байлайтын ауыл баласының бірімін. Орбалақ, Алдасберген, Дауылбай, Алпысбай – бәріміз есекпен көкпар шабатынбыз, ләңгі тебетінбіз, «дүк-дүк» ойнап, бір-біріміздің тығылған жерімізді таппай жүретінбіз.
Екінші класс оқып жүргенде әкем қайтыс болды. Мен мұң деген нәрсенің барын сонда сезіндім. Шешем Ділдәш пен екі інімді нағашыларым Шөмішкөлге көшіріп әкетті. Мені Қарақұмда тұратын Тәрбие апам өз қолына алды. 3-4 класты осы жерде оқып, сосын мен де Шөмішкөлге келдім. Жұрт «Әлімнің Әбілдасы» деп атайтын нағашы атам өте ықпалды адам болған. Нағашы әжем Айша да ауылдың Бибіпатымасы еді. Осы кісілердің шапағатын көп көрдік. Мен сегізіншіні бітірген жылы Қызылжар колхозында онжылдық ашылды да, соңғы екі жылымды осы мектепте оқыдым. Өлең сөзге ұста едім, әдебиетті сөктей беске оқыдым. Сол дәрежеге жетуіме ұстазым Дабыл Омаровтың еңбегі сіңді.
Нағашы атам мені өте жақсы көретін. Жасы ұлғайып, төсек тартып жатқанда қасына шақырып: «Көлдің жиегіндегі қара қайыққа бар. Соның басына көп ақша тықтым, өміріңе жетеді» – деді. Әдепкіде қара қайықты аударып-төңкеріп шынымен дәмеленіп қарадым, бірақ тапқан ештеңем жоқ. Берірекке дейін нағашыларым: «Көкем бізге ештеңе тастамай кетті, өмірбойы жиғанын Оңталапқа берді» – деп әзілдеп жүрді. Шынында қара қайық қанша жыл қара толқындарды қақ жарып, елдің несібесін тасыған ырысты көлік. Сол қайықтың үстінде зәузатым бақытты ғұмыр кешсе екен деген Әбілда атамның арманы сумен бірге толқып, талай мәрте жағалауға асыққан шығар.
Кейін мен:
Қайтқан кәрі теңізге тағам айып,
Өр толқынды шалшық
су табалауда.
Күні өткен керексіз қара қайық,
Қақсып жатыр қақырап жағалауда, – деп өлең де жаздым.
Бәлкім, атамның тығып кеткен көп ақшасы менің өмірлік несібемді тілеген ниеті ме екен?..
МАРДАННЫҢ
МАГНИТОФОНЫ
Һәм 105 жастағы
айтыскер
– Мектеп бітіріп, КазГУ-ге жол тартқан шығарсыз?
– Тәрбие апамның баласы Серік екеуміздің арман арқалап Алматы қайдасың деп жол тартқанымыз рас. Барғасын басқаша болды, КазГУ-ден құлап, құрылыс техникумына түстім. Серік болса, энергетика институтын таңдады.
Біздің техникум М.Әуезовтің музей үйіне жақын орналасқандықтан сол жерде өтетін мәдени жиындарға жиі барып тұратынбыз. Көбіне көретініміз ақын-жазушылардың жаңа шыққан кітабы жөніндегі жиындар, кейде айтыс ұйымдастырылады. Сөйтіп жүріп, ауыз әдебиетін жинаушы атақты этнограф-ғалым Мардан Байділдаевпен таныстым. Менің Қызылордадан екенімді білген соң іштартып, иығындағы магнитофонын сыпырып, маған арқалатты. Небір жыраулар мен күйшілерді жазып алған үнтаспаларының өзі бір дорба.
1976 жылдың көктемінің бір күнінде музейде Манап Көкенов пен Көкен Шәкиевтің айтысы болды. Айтысты Мардан аға басқарып жүрді. Мен болсам, магнитофонның түймесін сырт еткізіп, өз жұмысыма кірісемін. Ол кезде Манапты да, Көкен Шәкиевті де білмейтінмін. Сөйтсем, екеуі де қазақтың атақты ақындары екен. Сол екі ақынның айтысынан соң Мардекең: «Ертең Ұзынағашта үлкен айтыс өтеді, қалғанын сонда тыңдаймыз» – деп жұртты таратып жіберді. Сабағынан қалмасын дегені шығар, маған жүр демеді.
Бір бөлмеде төрт бала жататынбыз. Төртеуміз сол айтысқа баратын болып келістік. Түнімен әңгіме соқтық. Өнер, айтыс туралы көбірек білетінім жанымдағылардың шамына тиді ме, азанда мені оятпастан үшеуі кетіп қалыпты. Алқын-жұлқын «Сайран» автостансасына жеттім. Осы жерде бейтаныс екі жігітпен сөйлесіп, танысып қалдым. Олар айтысқа бір кемпірді алып бара жатыр екен. Бұл өзі жәй кемпір емес, кезінде Жамбыл Жабаевпен айтысқан, жасы 105-те дейді!
Ұзынағашқа келгенімді көріп Мардан ағам қуанып қалды, әдеттегідей магнитофонын арқалатып қойды. Әлгі жігіттер де мені қолбала қылып, сахнадағы микрофонды, үстелдерді орын-орнына қоюға жұмсап жатыр. Өздері осы мәдениет саласының қызметкерлері болып шықты. Былайғы жұрт көзіне мен де мәдениет саласының адамы сияқты едім. Көпшіліктің ішіне көзім түсіп кетіп еді, маған қарап, мойындарын ішіне тығып үш досым отыр. Мән берген жоқпын, олардың алдында өзімді биік сезіндім, өйткені сахнада жүрмін.
Айтысты әлгі кемпір ашты. Домбыра қағуға қол икемі келмеді, бірақ сөзден жаңылған жоқ, суырып салып айтты. Сол күні жұрт Манап пен Надежда Лушникованың айтысын тыңдады, жұрттың қайта-қайта қолпаштап, қол ұрып отырғаны әлі есімде. Айтыстан соң мен де ресторанға бардым, әйгілі өнер адамдарымен дәмдес болдым.
Осылайша, тағдырым мені өнерге қарай қақпайлап бұрды.
МӘДЕНИЕТТЕГІ МӘЙЕКТІ
ЖЫЛДАРЫМ
және Сапарбаевтың
қамқорлығы
– Құрылысшылық мамандыққа қырыңыз болмаған сияқты, ақыры мәдениетке келдіңіз ғой...
– Техникумды толық аяқтаған жоқпын. Анам мен екі інімнің жағдайына алаңдадым. Негізі құрылыс техникумында оқығаным газдандыру мамандығы болатын. Аралдағы газ мекемесі мені маңына да жуытпады. Жағдайымды айтып Ақтөкен бөлеме бардым. Ақтөкен Оралбаев – аты шыққан жырау, ел сыйлайтын адам, мекеме бастықтары да айтқанын екі етпейді. Ол кісі мені аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Құдайберген Жасекеновке ертіп алып барды. Ол оркестр дирежері Сайлау Тілеповке жіберді. Шамалы сынақтан өтіп, жұмысқа тұрдым, бір-екі айлық курсын оқып, киномеханик болып алдым. Сосын автоклуб меңгерушілігіне ауыстым. Ақырында, Ақтөбе мәдени-ағарту училищесіне түсіп, көпшілік мәдени шаралар режиссері деген мамандық алып шықтым. Ара-тұра айтысқа да қатысып қоятынмын. Едіге Кішкенеевпен, Елена Әбдіхалықовамен айтысқаным бар.
Аралда халық театрының режиссері, аудандық мәдениет үйінің директоры болып қызмет еттім.
1996 жылы ауданға су шаруашылығы министрі мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келді. Олар Аралға тікұшақпен келіп қонды. Менің сценарийіммен сап түзген адамдардан тартылып бара жатқан теңіздің картасы жасалған еді. Биіктен қарағанда бұл бір керемет көрініс болып шығыпты. Осы іссапардан оралған соң әкім облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы арқылы мені Қызылордаға шақыртты.
Облысқа қызметке кел, үй алып береміз деді. Сол кезде екі ұл, бір қызым бар. Бұл маған көктен түскендей сый болды. Облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығына жұмысқа тұрдым. Біраз уақыт өткен соң Н.Бекежанов атындағы облыстық театрдың режиссері болып орналастым. Мұнда да жемісті жұмыс атқардым. С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» драмасын, Р.Отарбаевтың «Қандыөзек» қасіретнамасын, Иран-Ғайыптың «Тұрмағанбет», Ә.Таразидың «Люстра» пьесасын, тағы да басқа көптеген шығармаларды сахналадым. Әр қойылымға өз шығармашылығыммен, импровизациямен бардым.
Осылай, театр өнеріне де өз әлімше еңбек сіңірдім. Асанәлі Әшімов, Болат Атабаев секілді сахна өнері саңлақтарының бағасын алдым.
АС БЕРУДІҢ САУАБЫ
әкем Дүйсенәлі
жайында
– 2016 жылы әке аруағына арнап ас бердіңіз. Қатысқан жұрт аңыз қылып айтып жүр...
– Нұрмахан атам өзінің әкесі Тоқболсынға ас берген. Ол жайында көнекөз қариялардан көп естідім. Ал, әкем Дүйсенәлі атама ас беріп, жырау жырлатқан, бәйге шаптырған. Әкем ешкілі бай атанған кісі. Баяғыда бір арба шөп сатып, соған бір туша алған екен, мыңғырған малы сол тушадан көбейіпті. Аста әкем 150 ешкісін елге таратып беріпті. Ол кісі өмір бойы пошташы болып жұмыс істеген. Бекбауыл стансасынан 14 шақырым ауылға хат-хабар, сәлем-сауқатты жаяулап тасыған. Тірліктің де, тағдырдың да қиыншылығын тартқан адам. Екі бауыры соғыстан оралмаған. Поштаның брезент сөмкесімен бірге әулеттің бар ауыртпалығын арқасына салып өткен. Өзі ақынжанды кісі екен. Мен әкемнен тоғыз жасымда қалдым да, көп сырына бойлай алмадым. Ел ішінде «Дүйсенәлі айтыпты» деген өлең сөздер әлі де бар. Кезінде ауыл адамдары әкеме «Нұрша ата жөнінде бір қысса жазсаңшы» деп қолқа салыпты. Соған қарағанда әкемнің ақындығы осал болмаған ғой.
Ертеректе діни сауаты мол, қасиет қонған Нұрша деген атамыз өтіпті. Үйі ұлы жолдың бойында отырса керек, өткен-кеткен түсіп, тойынып аттаныпты. Бірде әдеттегідей бір керуен аялдап, аяқ суытады. Керуенде бір жас қыз болыпты. Нұршаның екі әйелі де құрсақ көтермеген екен. Әке-шешесінен сол қызды сұрайды. Сонда қыз кереге көзінен сонадай жерде келе жатқан Нұршаны көріп, «осы кісінің етегінен ұстадым» депті. Жас қыз өзінен қырық жастай үлкен кісінің қасиетін жазбай таныған ғой. Осы анамыз құрсақ көтеріп, Нұрша атамыздан салиқалы ұрпақ өрбіген.
Сөйтіп, мен де ата дәстүрімен өз әкеме ас бердім. Ас ішіп, аяқ босату емес, Демеу жырау «Қарасай-Қазиды» бір таңға жырлап, жұртты жыр бұлағына қандырды. Асқа түскен малды мешітке байладым. Әкемнің өзі болса да сөйтер еді.
Осы астан соң ісім оңға басты. Алпыс жасымды атап өттім. Сол кездегі аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев қабылдады. Кітаптарым жарыққа шықты.
Жастар театрын құрған едім. Театр жұмысы да алға жылжып келеді.
ЖАНЫМНЫҢ БІР БӨЛШЕГІ – ЖАСТАР ТЕАТРЫ
Атақ деген
немене?..
– «Қорқыт-қобыз» секілді ән сөзінің авторы есебінде атыңыз дүрілдеп шықты. Ал, атағыңыз қандай? Айтпақшы, жастар театры жайында біле бермейтіндер көп...
– Рамазан Таймановтың әніне жазылған осы өлеңнің шарықтап кетуі Қорқыттың рух күші ғой. Гүлнұр Оразымбетова сол әнмен «Азия даусының» гран-приін алды.
Атаққа таласқан емеспін. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атаққа тоғыз рет ұсынылып, ала алған жоқпын.
«...Атақ деген немене,
Ақ жорға ма деп қалам.
Әр тақымда бір шауып,
Бір қазыққа тоқтаған» – демей ме, Жұмекен ақын. Атақ адамды өзі іздейді.
Өткен қала күнінде «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атандым. Бұл аз ба? Осы атақты алуыма Жастар театрының себі бар. Қала мерекесінде «театрыңа байғазым болсын» деп С.Балғабаевтың өзі сыйлаған «Қызылорданың қыздары» деп аталатын пьесаны қойдық. Көрермен жоғары бағалады, қайта сұрап жатқандар да көп.
Жастар театры жанымның бір бөлшегі іспетті. Өйткені, ол – менің өз туындым. Қала әкімі Н.Нәлібаев қолдау көрсетіп, қалалық мәдениет бөлімі есебіне кіргізді. Театр негізінен студенттерден, оқушы жастардан құралған. Кәсіби мамандар емес. Біз олардың болашақ оқуына, тұрақты жұмысқа орналасуына көмектесеміз.
Мақсат – бұлақтың көзін ашу, жастардың өнерін өсіру.
***
Оңекемен қатар жүрсек те, бір-біріміздің сырымызға қанық еместігіміз тағы білінді. Мен оның өнер мен мәдениетке жасап жатқан жанкешті еңбегіне риза болып отырмын...
Сонау бір көктемде Құмбазардан қанат қаққан мұзбалақ бүгінде өнер көгіндегі қыранға айналды десем, онымды биіктету деп білмеңіз. Оңталаптың өнер тұғыры, адами орны шынында да биікте!
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |