– Мұғалім баланы оқымағаны үшін сөкпеу керек. Жерге бір уақытта сепкен дәннен шыққан өсімдіктің барлығы бірге гүлдемейді. Әрқайсысы әртүрлі уақытта гүл ашады. Сол секілді әр баланың өзінің жұлдызды шағы болады. Ең үздік оқыған оқушыларым болды, бірақ, мектеп бітірген соң тындырған ісі шамалы. Математикадан бірді бірге қоса алмаған шәкіртім – қазір белді бизнесмен. Міне, біз сондықтан балаға оқымағаны үшін ұрыспауымыз керек. Оны оқыта алмаған өзімізден де болуы мүмкін, – деген еді бір кездескенімізде білікті ұстаз Марк Подольский.
Білім саласы жайлы тақырып қозғалса, өз ойын іште бүгіп қалмайтын ардагер ұстазға таяуда ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаулысымен «Парасат» ордені табысталды. Қашан да ұстаз көрсе бас киімін шешіп, қолын кеудесіне қоя сәлем беретін жанның бәрі бұл марапат үшін кәдімгідей қуанды. Бөркін аспанға атты десек те жарасады. Ал Марк Захаровичтің өзі мұндай жаңалықты күтпеген еді.
– Мен үшін мұндай үлкен марапат тосынсый болды. Маған хабарланғанда аузымды ашқан күйі қалдым. Өңірде білім саласының дамуына, өсіп-өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген қанша ұстаз бар, бірақ неге мені ғана марапаттады?! Ойымда сан сұрақ қалды. Әйткенмен, қуаныштымын. Еңбегімді елеп жатқанына алғысым зор. Тіпті, сол уақытта қандай көңіл-күйде болғанымды сөзбен жеткізе алмасым анық, – дейді ол таңданысын жасырмай.
Қазақстанның, СССР-дің білім саласының озық қызметкері, «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» атақтары бар ұстаз ұлағаттылар арасындағы ең жоғары марапат – «Алтынсарин» медалінің да иегері. Ол осынша жетістіктерге оңай қол жеткізген жоқ. Білім саласында 60 жыл маңдай терін төкті. Сонау 1953 жылдан бастап пионер жетекшісі, балалар үйінде тәрбиешіліктен бастап, №198 орта мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ал 1978 жылдан бастап 24 жыл бойына аталған білім ошағының директоры болды.
Ардагер ұстаз зейнеткерлікке шықса да 11 жыл бойына шәкірт санасына сәуле құйып, білім дәнін сеуіп келді. 2013 жылдан бастап білім саласының ардагері.
– Егер де мұғалім мен оқушы арасында түсініспеушілік болса, мен оқушының жағындамын. Ал мұғалім мен ата-ана түсініспей жатса, міндетті түрде мұғалімді қолдаймын. Бұл – әділ шешім. Оқушы – өзің еккен жеміс ағашы. Оны күтіп-баптау керек. Менің тәжірибемде орташа оқитын оқушылар өскенде жаңашылдыққа жаны құмар болып шығады, – дейді М.Подольский.
Марк Захарович мектеп басқарған жылдары оқушыларға шәкіртақы тағайындады. Оған қаражатты мектеп базасындағы тігін шеберханасы мен тоқаш цехы арқылы тапты. Әйткенмен, шәкіртақы үлгерімі жақсы барлық оқушыға берілген жоқ.
– Мәселен, бірыңғай төрттікпен, төрттік пен бестікті араластырған және тек қана бестікпен оқитын деп үш деңгейге бөліп қарастырдық. Оның үстіне, шәкіртақы тек 8-сыныптан жоғары қарай берілді. Әдепкі кезде басшылық тарап бастаманы қате деген. Кейіннен жыл сайын 10-11 «Алтын медаль» иегері шығып, нәтижесін көрдік, – дейді өткен күнді еске түсірген ұстаз.
Ұстаз бен шәкірт туралы әңгіме өрбіте қалсаң жүзі жайнай түсетін Марк Захарович бір сәт ойға шомып қалды. Сонан соң ойына ерекше бір нәрсе түсе қалғандай жалт бұрылып: «Кей суретші бар, балғамен жұмыс істейді. Ал кей етікші бар қолынан шыққан етіктердің кереметі сондай, көрмеге қоюға тұрарлықтай. Мен шәкірттеріммен мақтанамын. Олар мені жерге қаратқан жоқ» деді. Иә, ұстаздың бақыты осы шығар...
Дәулет ҚЫРДАН,
«Сыр бойы».