Энергетиктер күніне орай өткен салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Марат Делмұханов сала мамандарын құттықтады. Қызметте абырой биігінен көрінген бірқатар азамат марапат мінберіне көтерілді.
– Биыл аймақ көлемінде 500 шақырымнан аса электр желісі жаңартылып, 140-тан астам қосалқы станса орнатылды. Бұл өз кезегінде халыққа қызметтің сапасын арттыруға зор септігін тигізеді. Осы жылы саланы дамытуға 45 млрд теңге бөлінген. Биыл атқарылған істің ауқымы зор. Екі бірдей күн электр станциясын іске қостық. Олардың әрқайсысы күннен сағатына 80 мегаВатт қуат алады, – деді М.Делмұханов.
Жиында 50-ге жуық сала қызметкері марапатталды. Оның ішінде «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ қалалық электр торабының басшысы Дінмұхамед Абдреев те бар.
– Осы салада жұмыс істегеніме 30 жылдан асты. Бүгін ТМД бойынша «Еңбегі сіңген энергетик» төсбелгісін табыстады. Еңбектің еленгеніне қуаныштымын, – дейді ол.
Дәулет ҚЫРДАН.