Бүгінгі күннің басты талабы – кәсіпкерлік. Біле білген адамға бұл да шығармашылықты қажет ететін жұмыс. Себебі, ойыңды, жоспарыңды жиі-жиі жаңартып, жаңашылдыққа талпынбасаң, бастаған ісіңнің баянды болуы неғайбыл. Отбасылық кәсібін өркендетіп, игілікті істің иінін тапқан қала тұрғыны Назира Қолаеваның қолөнер бұйымдары көпшіліктің сұранысына ие болып отыр. Ұлттық нақышта бедерленген кәдесыйлар – көздің жауын алардай көркем туындылар. Қолөнерші келіншек Назира – үш қыздың анасы. Оның өзін-өзі жұмыспен қамтып, қолөнермен айналысып жүргеніне 3-4 жылдың көлемі болды. Алғашқыда жәй ермек етіп жасап көрген, бүгінде сүйікті кәсібіне айналды. Уақыт өте келе облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған қолөнершілер жәрмеңкелеріне қатысып, өнімдерін сатылымға шығарған болатын. Жаңа туындылары бірден жұрттың назарын аударды. Осылайша аймақ көлемінде өткізілген көрмелер мен жәрмеңкелерге тұрақты түрде қатысып, жемісті еңбегі үшін бірнеше марапатты да иеленді.
– Өткен жылдың көктемінде қалада қолөнершілер мен суретшілерге арнап "Өнер арбаты" ашылған болатын. Содан бастап көктем, жаз мезгілдерінде өз өнімдерімізді сатылымға шығарып, халыққа ұсынып келеміз. Бұйымдарымның кішкентай сәбилерден бастап, үлкен кісілердің де қызығушылығын тудырып жатқанына қуанамын. Әсіресе, сәбилер мен бүлдіршіндердің түс тануы мен ой-өрісін дамытуға өте пайдалы. Онымен қоса әр үйдің сәні болып, көрік беріп тұрады. Мен өз кәсібімді ұнатамын, – дейді Назира Қолаева.
Отбасында, бала күтімінде отырып осындай ілкі өнерді дамытуға үлесін қосып жүрген Назираның еңбегі бағалауға әбден лайық. Жолдасы Бекжан да келіншегінің бастамасына әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Қолөнерші келіншек болашақта жеке шеберханасын ашып, кәсібін одан әрі дамытуды ойға алған. Бұл орайда өзі секілді отбасындағы аналарды қолөнер жұмысына тартып, уақыттарын тиімді әрі пайдалы өткізуіне қолұшын берсем дейді.