Шиеліде 150 орындық аурухана жұмысын бастады

Бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында Сыр өңірінде бірнеше нысан пайдалануға берілді. Облыс әкімі Қ.Ысқақов пен ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі О.Әбішевтің қатысуымен Қызылорда облысы, Шиелі ауданында 150 орындық аурухананың ашылу салтанаты өтті.

 Құрылысы 2017 жылдың желтоқсан айында басталған аудандық аурухананың жобалық құны 5 млрд 5 млн теңгені құрайды. Жаңа медициналық мекемеде барлық қызмет түрі көрсетілетін болады. Ауруханада қолданыста бұрын да болған, бірақ, қызметі бірнеше есе жетілдірілген лапроскопиялық ота жасайтын видеостойка, жаңа туған нәрестеден бастап ересектерге дейін қолдануға болатын жасанды желдендіру аппараттары, шала туған нәрестелерді бірқалыпты жылуда ұстап тұратын кювездер, ауыр ждағдайдағы науқастардың жатуына ыңғайлы автоматты түрде көтеріліп-түсетін функционалды кереуеттерден бөлек, жаңа техникалық жабдықтармен қамтылған. 

  Аймақ басшысы аудан халқын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, денсаулық саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Атап өту керек, Сыр өңірі әлеуметтік салаға қаржы бөлуден аймақтар арасында көш бастап тұр.

    «Әлеуметтік саладағы ең маңызды бағыт - денсаулық сақтау қызметінің сапасы мен оның қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сондықтан, халықтың медициналық қызметке берген бағасын тұтастай мемлекетке, яғни билікке берілген баға деп қабылдау керек. Мемлекет басшысы «Ақылды қалалар», цифрлық активтер құралдары сияқты тың технологиялық құбылыстарға бейімдеу, цифрлық қызметтердің жаһандық нарығына қатысу үшін ашық юрисдикция ретінде өзіндік брендке айналуы тиіс деп тапсырған болатын. Осы орайда, аймағымыздағы медициналық орталықтар цифрлық қызмет көрсету жұмысына көшті. Баршаңызды азаматтарымыздың денсаулығын жақсартып, қуаныш сыйлау үшін беріліп отырған жаңа аурухананың ашылуымен құттықтаймын!», - деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.

 Емдеу мекемелерінің материалдық техникалық базасын жақсарту мақсатында ауданаралық аурухананың жаңа ғимаратына құны 2 млрд 226 млн. теңге болатын құрал-жабдықтар беріліп отыр.

  «Бүгін Шиелі ауданындық ауруханасының ашылуы салтанатына келіп отырмыз. Бұл ең алдымен Мемлекет басшысының және облыс әкімінің қолдауымен іске асқан жоба. 2025 жылға дейін облыс орталығында ғана емес, аудан мен елді мекендерде де жаңа ауруханалардың құрлысын жүргізу жоспарда бар. Өздеріңізге белгілі, келер жылдан бастап үлкен жоба іске асады. Ол-міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Ем алу, қымбат дәрі дәрмек 2020 жылдан бастап қол жетімді болмақ. Мемлекет тарапынан бұл азаматтарға жасалған үлкен қолдау деп ойлаймын» – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі О.Әбішев.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 желтоксан 2019 г. 590 0