Ұлттың ұлы құндылығы

 Иә, шынында да Тәуелсіздік бүгінгі таңда күллі қазақстандықтардың құнды қазынасына айналды. Қазақстанды бүкіл әлем таныды. Тәуелсіздік – біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз.
ХХІ ғасыр, әсіресе оның екінші онжылдығы әлемде аса жылдам оқиғалармен, күрт өзгеріс­тер­мен, сонымен бірге қарама-қайшы­лықтармен басталды. Жылдамдықтың екпіні күшті болғаны соншалық, тіпті осыдан бірнеше жыл бұрын үйреншікті қағидалар бүгінге өлшем бола алмай қалды. Айталық, әлемде 2015 жылы бас­талған дағдарыс әлі де жалғасуда. Оның салқыны қазір басыла қойған жоқ. Тіпті, 2019 жыл­дың өзі әлемде буырқанған саяси оқиғаларға толы болды. Созылмалы дағдарыс дерті әлемде әлі онда­ған жылдарға созылады деген болжамдар айтылуда.
ХХІ ғасырда орын алған қарама-қайшы­лық­тарға толы саяси оқиғалар бүгінге дейін тұтас ұрпақтың санасында қалыптасып, сіңісті бо­лып кеткен ұғымдарға өзгеріс енгізе бастады. Ал біз осы өзгерістерді қабылдауға дайынбыз ба? Тәуелсіздіктің алғашқы 28 жылында біз қанша­лықты өзгердік? Қандай қоғам құра ал­дық? Оның басты құндылығы неде? Елбасы Қазақстан үшін Тәуелсіздіктің арайлы таңы атқан алғашқы күннен бастап бүгінге дейін әрдайым осы сауалдарға тұшымды, байсалды жауап бере отырып, әлемдік жаһандану үдерісінің тым жылдам дамып келе жат­қанын, ал ол біздің ойлау жүйеміз қабылдай қоймай­тын талаптарды алға шығарғанын айрық­ша атап көрсетеді. Атап көрсетіп қоймай, барлы­ғы­мызды немкеттіліктен, бойкүйездіктен, масыл­дық­тан, шалағайлықтан, үстірт іс-қимылдан сақтандырады.
Қазір дүние жүзі түрлі дүрбелеңге толы. Сая­си қақтығыстар, діни экстремизм жиі көрініс береді. Ал Қазақстан ауызбірлікті бірінші орынға қойып, ымыра мен ынтымақтастықты берік ұстап, татулық пен тұрақтылықты ту етіп отыр. Бұл – Нұрсұлтан Әбішұлының алыстан болжайтын саясатының жемісі. Ұлттық ұйымшылдығымызды одан әрі дамытып, іргесін бекіте түсетін «Мәңгілік Ел», «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» бағдарламасы, «100 нақты қадам» Ұлт жос­пары сияқты стратегиялық жоспарлар, «Рухани жаңғыру» секілді ұлттық бағдарламалар бізге әлемнің дамыған, озық 30 елінің қатарына енуге мүмкіндік береді.

Жыл сайынғы Президенттің халыққа арнаған Жолдаулары мен қабылданған мемлекеттік бағдарламалар, стратегиялық бағыттардың барлығы да қарапайым халықтың тұрмысын жақсартып, тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталды. Елбасы өз Жолдауында ішкі саяси және ұлттық қауіпсіздіктің 2020 жылға дейінгі негізгі мақсаттары қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту екенін атап өтті.
Тәуелсіздіктің алғашқы сәттерінен бастап біздің мемлекет әлем алдында ашық сая­сат жүргізіп келеді. Оған дәлел – ТМД елдерінің ішінде Қазақстан алғаш болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, Шанхай ынтымақтастық ұйымының сенімді мүшесі болу – Қазақстанның сыртқы экономикалық байланыс­тары­ның дамуы мен халықаралық қатынастарда беделінің артуына зор мүмкіндік тудырды.
Алғашқы күндерге шегініс жасайықшы. Елбасының Мәскеу мемлекеттік университетіндегі 1994 жылғы тарихи кездесуінің алар орны айрықша. Оның айрықша болатыны, сол жиын­да айтылған идея негізінде Еуразиялық экономикалық одақ өмірге келді. Біз сонда Елбасының даналығына, оның әріден ойлайтын тұлға екенінің тағы бір куәсі болдық. «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі де Президенттің сұңғыла саясат­керлігін аңғартса керек-ті.
Сарыарқаның сайын даласында Отанымыздың жаңа елордасы, өркендеу үстіндегі Қазақстанның орталығы – Астана бой түзеді. Жаңа елорда салу бастамасын алғаш Қазақстан Президенті көтергені баршаға мәлім. Ол кезде, тоқсаныншы жылдар ортасында бұл идея жүзеге асатынына сенгендер көп болған жоқ. Жаңа қала салу мен оған көшу көптеген онжылдықтарға созылады деп санағандар да болды. Бірақ олардың бәрі қателескен еді. Астана ең қысқа мерзім ішінде салынып, бүкіл еліміздің қарышты дамуының нышанына, миллион тұрғыны бар ірі шаһарға айналды.
Қаланың бас сәулеткері шын мәнінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев болып саналады. Елбасының идеясы мен ұсыныстарының арқасында Астана Батыс пен Шығыс мәдениеті мен дәстүрін тоғыстырған көз тартар бірегей келбетке ие болды.
Мемлекет басшысының сызбасы бойынша «Бәйтерек» – Астананың және бүкіл елдің ең танымал бренді бой көтерді. Ол елорданың жаңа бөлігінің дәл орта тұсында орналасқан. Оның басынан бүкіл қаланың әсем көрінісі көзге шалынады. Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің суреті мен сызбасы негізінде «Хан Шатыр» бірегей сауда және ойын-сауық кешені салынды. Арнаулы полимерлік жабыннан жасалған кешен Forbes Style журналы нұсқасы бойынша, әлемдегі ең үздік он экоғимарат қатарына енді. Дүкендер мен павильондарға қоса, мұнда кинотеатр, көптеген аттракциондар, сұлулық салондары, тіпті аквапарк та бар. Мемлекет басшысы ойластырған тағы бір маңызды нысан – «Отан қорғаушылар» монументі.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу үшін Нұрсұлтан Назарбаев пирамида түрінде арнайы сарай салуды ұсынды. Бұл идеяны Норман Фостер табысты жүзеге асырды. Бүгінде Бейбітшілік және келісім сарайы – Астананың сәулеттік ансамблінің бөлінбес бөлшегі. Президент мәдениет орталығы, Ақорда резиденциясы және Астананың өзге де сәулетті ғимараттары да алдымен Нұрсұлтан Назарбаев сызған жоба түрінде пайда болған еді.
Қазақстанның бүгінгі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының саяси бағытын сабақтастырушы тұлға ретінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға айрықша көңіл бөлді. Экономиканы жаңғыртудың, оны әлемде қалыптасқан жаңа жағдайға бейімдеудің жолдарын ұсын­ды, елде демократиялық үдеріс­тердің дамуына зейін қойды.
Қазіргі есептеулер бойынша 2030 жылға қарай Қазақстанның жүк тасымалынан түсетін табысы жалпы бюджет кірісінің 25-30 процентін құрайтын болады. Осы цифрға зер салыңыз, демек, миллиардтаған доллар Қазақстанға енді шикізат өнімдерінен емес, көлік логисти­касынан түсетін болады. Әлбетте, бұны елемеуге, оған көз жұмып қарауға болмайды!
Уақыт жылдам өзгеріске ұшырауда. Алып державалар арасында текетірес күрделілеу сипат ала бастады. Жаһандану үдерісі, жаппай интеграция құбылыстары өзіндік қиындықтар қалыптастырып отырғанын да жасыруға болмайды.
Бүгінгі қазақстандықтардың әлемдік үдеріс алға тартып отырған бұл сындардан сүрін­бей өтетініне сенімдері мол.
Мерекелеріңіз құтты болсын!

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 желтоксан 2019 г. 570 0