Мерейлі сәт

Кеше Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шара өтті. Еліміздің ең басты ұлық мерекесімен Сыр жұртшылығын облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов құттықтады.
– Бұл – ата-бабаларымыздың сан ғасырлық армандары орындалған күн. Биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына 28 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде егемен Қазақстан етек-жеңін жинап, әлем картасында өз орнын дербес қалыптастырған мемлекетке айналды, – деді аймақ басшысы.
Осы уақыт аралығында Сыр өңірінде де аймақ дамуына серпін берер қыруар жұмыс атқарылды. 2019-2022 жылдарға арналған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жос­пары игі шараларды жалғастыруға сеп.
Салтанатты шара барысында мемлекеттік және кәсіби қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азамат мемлекеттік наградаларға ие болды. Сондай-ақ, қайраткерлік қарым-қабілетімен, қадір-қасиетімен танылған жерлестеріміз «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атанды.
Назерке САНИЯЗОВА.


Облыс әкімі Қ.Д.Ысқақовтың Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шарада сөйлеген сөзі
Қадірлі зиялы қауым!
Қымбатты жерлестер!

Сіздерді еліміздің ең бас­ты ұлық мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттық­тауға рұқсат етіңіздер!
Тәуелсіздік – ең қастерлі де қасиетті ұғым!
Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз.
«Ханның да, қараның да рухани өзегі – тәуелсіздік. Өзегінен айырылған ел өледі», – дейді дана халқымыз.
Қазіргі таңда әлемде 252 ел бар екен, оның 195-і ғана тәуелсіз ел ретінде өмір сүруде.
Біріккен Ұлттар Ұйымына тек тәуелсіздігі танылған мем­лекеттер ғана мүше бола ала­тыны белгілі. Осыдан-ақ қаншама мемлекеттің өз тәуел­сіздігін ала алмай жүргенін аңғаруға болады. Соған қарап, өз тәуелсіздігіміз үшін тәубе дейміз.
1991 жылдың 16 желтоқ­санында Қазақстан тәуелсіз, демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет мәр­тебесіне ие болды және әлемдік аренадағы ұстанымды берік бекітіп, бірлік пен гүлденудің символына айналды.
Бұл күн – ата-баба­лары­мыздың сан ғасырлық армандары орындалған  Ұлы күн.
Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 28 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде Тәуелсіз Қазақстан етек-жеңін жинап, әлем картасына өз орнын дербес қалыптастырған мемлекетке айналды.  
Соған дейін халқымыздың басынан талай нәубет жылдар өтті.
ХVІІ ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығы Қазақ ханды­ғының дамуын бірнеше ға­сырға тежесе, ХVІІІ ғасырда Шығыстан Қытай, солтүстіктен Ресей империясы, оңтүстіктен Хиуа, Қоқан хандықтары жоң­ғарлар бастаған дүрбелеңді жал­ғастырып, халқымызды жан-жақтан талады. Әлсіреген Қазақ хандығы отарлау саяса­тының құрбанына айналып, халқымыз 300 жылға жуық Ресей империясының бодан­дығында қалуға мәжбүр болды. Алайда, ұлт бойындағы азат рух, еркіндікке деген ұм­тылыстың арқасында хал­қымыз өзгеге сіңісіп кетпеді.
Ал, ХХ ғасырдың басын­дағы ұлт зиялыларының тәуел­сіз ел болсақ деген арман-мақ­сатын Кеңестің сұр­қия сая­саты таптай түсті. Бас кө­терген азаматтардың бар­лы­ғын ату жазасына кесті. Қол­дан ашаршылық ұйым­дас­­тырып, халқымыздың тең жар­тысын қырды. Алайда, рухы мық­ты қазақ қиындыққа төзе біл­­генімен, орнынан қайта тұруға шамасы да бар екенін 1986 жылдың желтоқсанында болған көтеріліс арқылы дәлел­деді.
Осылайша, 1991 жылы барлық азаптың өтеуі ретінде тәуелсіздігімізге де қол жеткіздік.

Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегендігі мен дер кезінде жүзеге асырылған саяси экономикалық реформалардың арқасында еліміздің экономикасы аз уақыт ішінде реттеліп, тығырықтан шықтық.

Елбасының бірегей саясатымен еліміз этносаралық, конфессияаралық келісімдер мен толеранттылықтың ерекше үлгісін жасай біліп, бейбітшілік ордасына айналды.

Осы жылдар ішінде төл Конс­титуциямызды қабылдап, шекарамызды шегендедік. Арқа төсіне Елордамызды көшіріп, Мемлекеттік Рәміздерімізді бекіттік, Төл Теңгеміз айналымға түсті.

Елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып,  мемлекеттік бағдарламалар, индустриялық-инновация­лық жобалар нәтижелі жүзеге асты. Еліміздің әр түкпірінде жаңа жұмыс орындары ашылып, өндірісіміз дамыды.

Бұрынғы кеңестік мемлекеттер, бүкіл түркітілдес және мұсылман әлемі арасынан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы секілді аса беделді ұйымға тұңғыш төраға, дүниежүзілік дәстүрлі діндер форумының, жоғары және мәртебелі халықаралық форумдар мен саммиттердің өтуіне ұйытқы болдық, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған  көрмесін, қысқы Азиада, Универсиада ойындарын өткіздік.

Бұл жетістіктің барлығы – Тәуел­сіздіктің жемісі.

Біз өткен тарихтан ұлы көшбасшылардың бір күнмен өмір сүрмей, елдің болашағы жолында көрегендікпен батыл қимылдап, сындарлы шешімдер қабылдағанын жақсы білеміз.

Биыл бүкіл дүниежүзі аса маңыз­ды тарихи оқиғаның куәгері болды.

Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған ұлы тұлға, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тарихи шешім қабылдап, Мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтатты.

Конституцияға сәйкес Ел Президентінің өкілеттілігі Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілді.

Бүкіләлемдік қауымдастық еліміздегі жоғарғы билік тізгінінің заңды және бейбіт жолмен берілуін аса құрметпен және түсіністікпен қабылдады.

Бұл маңызды шешім Елбасының әлемдік деңгейде және кең тарихи ауқымда танылған саяси қайраткер ретіндегі ұлылығын тағы бір көрсетті.

Адал, әділ және бәсекелі сайлау аясында қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жеңіске жетті. Өткен кезең ішінде Президентке деген сенім индексі 152-ден 174-ке дейін нығайды (интеграцияланған көрсеткіштер әдістемесі бойынша), бұл халықтың жаңа Президентке деген сөзсіз сенімін білдіреді.

Қазіргі таңда елде ұзақ мерзімді перспективада ішкі сая­си тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз ету үшін қажетті жағдайлар жасалған. Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа құрылымы мен функциялары толық заңды түрде ресімделді, уақыт талаптарына сәйкес Президент Әкімшілігін реформалау өткізілді. Сайлаушылар тарапынан ең үлкен сенім ресурсына ие «Nur Otan» партиясы, сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы өз миссияларын жалғастыруда.

Құрметті жерлестер!

Тұңғыш Президент – ­Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Алаштың анасына» балаған қасиет­ті Сыр өңірі де экономикасының құрылымын өзгертіп, қарқынды дамуға бет алды.

Биыл ақпан айында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Қызылорда облысының даму мәселелері арнайы қаралып, Қызылорда облысының кешенді дамуына қатысты бірқатар мәселелер Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген 2019-2022 жылдарға арналған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына енгізілді.

Кешенді жоспар 12 бөлімнен, 119 іс-шарадан тұрады.

Құны – 219,7 млрд теңгені құрайтын Кешенді жоспардың 156,7 млрд теңгесі – республикалық бюджеттен, 50,6 млрд теңгесі – жергілікті бюджеттен, қалған 12,4 млрд теңгесі басқа қаржы көздерінен болмақ.

Кешенді жоспар нәтижесінде өңіріміздің даму қарқыны артып және халқымыздың ­әлеу­меттік-экономикалық ахуалы жақсаратын болады.

Енді бірқатар жетістіктерімізге тоқталып өтейін.

Өңір экономикасына салынатын инвестиция көлемі өсуде. Әлеуметтік сала, тұрғын үй құрылысы белсенді дамуда. Тек соңғы 3 жылда өңірде 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.

Биылдың өзінде 48 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жүруде – 2000 пәтер, оның 1738 пәтерлік 40 тұрғын үйі жыл соңына дейін, оның ішінде қазір қарқынды құрылыс жүріп жатқан Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қалада іске қосылмақ. Бүгін мереке қарсаңында сол жағалаудағы  60 пәтерлік 4 арендалық (240 пәтер) тұрғын үйдің кілтін табыстадық. 

Шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы дамуда.

Биыл облыс күрішшілері әр гектардан 60,3 центнерден өнім жинап, 530,5 мың тонна күріш салысы қамбаға құйылды. Осылайша, Сыр диқандары жаңа рекордқа қол жеткізді. Мемлекет басшысы Сыр диқандарын арнайы құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының арқасында өңірде 24 индустриялық жоба іске асырылды.

«Қараөзек» қуатты газ компрессорлық станциясы салынды, ол Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласына газ құбырының құрылысын бастауды қамтамасыз етті.

2018 жылдың желтоқсанында енгізілген тампонажды цемент зауыты 6 түрлі цемент шығарады, ал, шығарылған өнімнің бір бөлігін экспортқа жібереді.

«Баласауыскандық» ванадий кен орнында қара тақтатастарды автоклавты өңдеу жобасы іске асырылуда.

Бүгінде жоба бойынша экспорт көлемі жылына 200 тоннадан асады.

Әлемдегі төртінші «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнын оңалту жөніндегі жұмыстарды аяқтағаннан кейін біз онда тау-кен байыту комбинатын салу жөніндегі жобаға кірісеміз. Ал, 2020 жылы елімізде кальцийлендірілген сода өндіретін алғашқы зауыттың құрылысын бастаймыз

Тұтастай алғанда, Елбасының, Мемлекет басшысының саясатын жүйелі іске асыру нәтижесінде соңғы жылдың өзінде ғана өңдеуші өнеркәсіпте өндіру көлемі 5,4%-ға ұлғайды, жұмыспен қамтылғандар саны 71%-ға дерлік, ал, шикізаттық емес экспорт көлемі  49%-дан астам өсті.

Былтыр әкімдіктің, мәслихаттың, «Nur Otan» партиясы филиа­лының, қоғамдық кеңестің және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының бірлескен шешімімен 2018-2020 жылдарды облыста жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылдары деп жарияладық. 

Жүйелі шаралардың нәтижесінде, облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны тек соңғы жылда 9%- ға дерлік өсті.

Бүгінгі күні облыс халқының 97%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген, ал, халықтың 63%-ы табиғи газды тұтынуға мүмкіндік алды.

Өткен жылдары біз Қызылорда қаласын және 7 аудан орталығының 4-ін газдандырдық.  

2017 жылы  Байқоңыр қаласына газ берілді.

2018 жылы қалған 3 аудан орталығына – Жосалы, Тереңөзек және Жалағашқа жеткізіп, биылғы жылы кентішілік газ желісінің құрылысын бастадық.

Осылайша, 2020 жылы осы кенттердің тұрғындары көгілдір отынды тұтыну мүмкіндігіне ие болады.

Әлеуметтік сала да қарқынды даму үстінде.

Соңғы 3 жыл ішінде денсаулық саласында қосымша 61 дәрігерлік учаске ашылып, бұл жалпы практикадағы дәрігерге бекітілген халық санын 2017 жылғы 2200 адамнан бүгінгі күні 1683 адамға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткішті 1600 адамға дейін, ал, 2020 жылы 1500 адамға дейін жеткізетін боламыз.

Ертең Шиелі ауданында құны 5,5 млн теңге болатын аудандық аурухананы іске қосамыз.

Атқарылған жұмыстардың нәти­жесінде ағымдағы жылы қан айналымы жүйесі ауруынан өлім-жітім 11,3 пайызға, жарақат, улану және жазатайым оқиғалардан өлім-жітім – 0,6 пайызға, қатерлі ісіктен өлім-жітім 21,4 пайызға азайды, ал, онкология ауруларын бастапқы стадияда анықтау көрсеткіші  15 пайызға артты.

Білім беру саласында 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды 100 па­йызға жеткіздік, апаттық жағдайдағы мектептер және үш ауысымдық мектептер мәселесін шештік.

Соңғы үш жыл ішінде мектеп түлектерінің 98 пайызы жоғары оқу орындарына және колледждерге түсуде. 500-ден аса мектеп түлектері Ресей Федерациясы Үкіметінің гранты есебінен Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында білім алуда.

Алғашқы түлектер оқуын бітіріп, бірқатары еңбекке араласса, бірқатары оқуын әрі қарай жалғастыруда. 

Сондай-ақ, жыл сайын әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды облыс әкімі гранты арқылы нарыққа қажетті мамандықтар бо­йынша оқытып жатырмыз.

Рухани және қоғамдық құндылықтарды қалыптастыруда мәдениеттің ықпалы зор екені белгілі.

Былтыр 28 қарашада Маврикий Республикасында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы ­ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында Қорқыт Ата рухани мұралары ғаламдық материалдық емес мұралар тізіміне енгенін білесіздер.

Осы жұмыстар аясында біз биыл түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық өнер фестивалін бесінші рет өткіздік.

Сондай-ақ, ежелгі және ортағасырлық Сығанақ, Жанкент, Сортөбе, Шірік-Рабат, Жент, Бәбіш-мола, Қышқала қалашықтарына археологиялық қазба жұмыстары жалғасуда.

Биыл Сығанақ қалашағындағы қазба жұмыстары кезінде ежелгі қорымнан ХІІІ-ХІV ғасырлардағы алтын бұйымдар табылып, ғылыми зерттеуге жіберілді.

Биылғы жыл – Тұңғыш  Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жариялаған «Жастар жылы».

Жастар жылында елімізбен қатар, аймақтың мемлекеттік жастар саясатында да бірқатар қолдаулар, жаңа жобалар жүзеге асты.

Бұл жылы облыс жастары үшін басты сыйымыз – Сырдария өзені сол жағалауынан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде заманауи үлгідегі  облыстық «Жастар орталығы» ғимаратын пайдалануға бердік. Ғимарат жастардың қажеттіліктерін ескере отырып, жастармен жұмыс жасаудың жаңа тәсілдеріне бағытталған және соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталды.

Үстіміздегі жылы жастар бас­тамаларын қолдау мен олардың шығармашылығын арттыруға ба­ғытталған әлеуметтік жобаларға қаралған қаржы көлемі 34 пайызға артты (241 млн. тг.). Бұл бағыттағы қаржыға жастар қоғамдық ұйымдары былтыр 37 жоба жүзеге асырса, биыл олардың саны 49-ға жетті.

Қолдаулардың нәтижесінде Жастар жылы аясында аймақ жас­та­рының ұсынысымен тұңғыш рет көршілес бес түркітілдес елдер (Әзербайжан, Қырғызстан, Башқұрт­стан, Түркия, Татарстан) жастарының халықаралық фестивалі, республикада біздің өңір бастамашы болған халықаралық деңгейдегі тренерлерді тарта отырып, жас IT мамандарды даяр­лауға бағытталған жастар IT эшелоны, аймақтың туристік әлеуетін насихаттау, тарихи-мәдени орындарды таныстыруға бағытталған республикалық лагерь, жастар еңбек бригадалары ұйымдас­тырылды.

Жастардың стартап бизнес идеяларын жинақтап, инвесторлар алдында қорғауға ықпал ететін «Kyzylorda Business Hub» жаңа жобасы пилоттық режимде бірінші рет жүзеге асырылды.

Бұл жылы өз саласында жетістікке жеткен, көшбасшы аймақтың 125 жасы қала, аудан әкімдерінің арнайы сыйлықтарымен қатар, араға бірнеше жыл салып (2016 жылдан кейін) облыс әкімінің «Сыр үміті» сыйлығы мен республикалық Ғани Мұратбаев атындағы «Ғани сыйлығымен» марапатталды.

Жастар жылында қолға алынған «Жастар – ел тірегі» жобасы аясында аймақта 22 мыңға жуық жас мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдаланды. Өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артық.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жаңа бизнес-идея­ларды іске асыруға 1 077 жасқа мемлекеттік грант берілсе (жалпы гранттың 61%-ы), «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы арқылы 44 жас (21 млн теңге) өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік алды.

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 323  маманға бір жолғы көтерме жәрдемақы, 503 маманға жеңілдетілген тұрғын үй несие­сі берілді.

Сондай-ақ, дарынды жастарымыз – айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан, мәнерлеп сырғанаушы қызымыз Элизабет Тұрсынбаева және боксшымыз Қамшыбек Қоңқабаев Үкімет қаулысымен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын иеленді.

Спорт саласында да жақсы жетістіктеріміз  бар.

Екатеринбург қаласында бокстан өткен Әлем чемпионатында спортшыларымыз Қамшыбек Қоңқабаев күміс, Тұрсынбай Құлахмет қола жүлде иеленсе, Нұр-Сұлтан қаласында еркін күрестен өткен Әлем чемпионатында Дәулет Ниязбеков күміс жүлде алып, Токио қаласында өтетін XXXII  жазғы Олимпиада ойындарының лицензиясын иеленді.

Жақында өткен «Әлем барысында» Мақсат Исағабылов қола жүлдегер атанды.

Біздің сүйікті Элизабет Тұрсынбаевамыз Жапонияның Сайтама қаласында мәнерлеп сырғанаудан өткен Әлем чемпионатында күміс жүлде алды.

«Қайсар» футбол командамыз Қазақстан кубогы ойындарында жеңімпаз атанып, Европа Лигасында ойнауға мүмкіндік алды.

Жыл қорытындысында Сыр спортшылары Әлем, Азия чемпио­наттарында 170-тен астам медаль иеленді.

578 спортшымыз ұлттық құрама мүшесі болып табылады.

Осындай нәтижелі жұмыстарымыз халқымыздың бірлігі мен ынтымағының жарқын көрінісі деуге болады.

Құрметті жерлестер!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бізге билік пен халықтың арасындағы ашықтықты қамтамасыз ете отырып, тұрақты байланыс орнатуды міндеттеді.

Осы орайда, мен ай сайын бір күнімді толығымен ел азаматтарының өтініш-тілегін тыңдауға арнап, қабылдаулар өткізіп келемін. 

Бұдан бөлек, аудандар мен Қызылорда қаласы әкімдері тұрақты түрде «Ашық есік» күндерін ұйым­дастырып отырады.

Шалғай орналасқан аудандардағы ауыл тұрғындарының облыс басшылығының қабылдауына кіру қолжетімділігін арттыру мақсатында онлайн-қабылдау функциясы жұмыс жасауда.

Сондай-ақ, тұрғындар мен жергілікті билік арасындағы байланыс­ты арттыру мақсатында «Twitter» және «Facebook» әлеуметтік желісінде өзімнің жеке парақшамды аштым.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қосымша қолдау шараларын ұсыну үшін 2019-2021 жылдарға арналған өңірлік Әлеуметтік жол картасын қабылдадық.

Көмекке мұқтаж аз қамтылған көпбалалы отбасыларды қолдауға бағытталған қайырымдылық шаралары тұрақты өткізіліп отырылады.

Көмекке аса мұқтаж 136 отбасына облыстың ірі және орта кәсіпкерлік субъектілері жауапты ретінде бекітілді.

Табысы төмен азаматтардың баспана мәселесін шешуге байланысты облыс әкімдігінің бастамасымен 100 отбасы «Болат Өтемұратов Қоры» жеке қорының қаражаты есебінен тұрғын үймен қамтылды. Сонымен қатар, жеке шаруашылық және кәсіпорындар есебінен  аз қамтылған көпбалалы  18 отбасына  тұрғын үй табысталды.

Халық пен жергілікті билік арасындағы өзара түсінісушілікті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар тоқтаусыз жүргізіле беретін болады.

Құрметті жерлестер!

Келер жылы бірқатар елдік маңызы бар шаралар өтеді.

Ел болып, ұлы Абайдың 175 жылдығын, Әл-Фарабидің 1150 жылдығын, Конституция мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын атап өтеміз.

Мұндай күн тәртібі қоғамдық сананы жаңғырту мен ұлттық қайта өрлеудің қуатты энергиясын сындарлы, жасампаздық арнаға бағыттауды көздейді.

2020 жылы Үкіметтің жаңа бағдарламалық кешені (барлығы 15 мемлекеттік бағдарлама) іске қосылады және еліміз үлкен датаға – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына дайындықты бастайды.

Осындай маңызды шараларды өткізуде халықтың ауызбіршілігі мен ынтымағы аса қажет!

Біз – кез келген дау-жанжалды бітімгершілікпен шешіп, елдің араздығына, көрші мемлекеттермен дүрдараздыққа жол бермеген, өрлік пен өжеттілік рухын сақтаған бабалар ұрпағымыз.  Қазіргі таңда кейбір жат пиғылдар орын алып тұрған  тұста  берекелі бірлік пен тату тірлігімізді сақтап қалу – біздің ең басты ұстанымымыз.

Тәуелсіздігіміздің тағы бір жаңа парақтарын ашар тұста еркін де тәуелсіз, айбарлы да азат, қайсар да қайратты халық екенімізді, ұлт бірлігін ұлықтаған егемен ел екенімізді үлкен мақтаныш сезіммен айтқым келеді.

Сіздерді Тәуелсіздігіміздің мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, Тәуелсіздігімізді сақтау жолында аянбай еңбек етейік дегім келеді.

Сіздерге мықты денсаулық, отбастарыңызға амандық, халқымызға береке-бірлік, елімізге тыныштық тілеймін.

Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!

Құрметті зиялы қауым!

Дәстүр бойынша, Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысы мемлекеттік және кәсіби қызметте сіңірген еңбегі, елдің ­әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бір топ қазақстандықтарды мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қояды.

Осындай жоғары мәртебеге биыл біздің бірқатар жерлесіміз ие болды.

Сонымен бірге, Қызылорда облысының әкімдігі мен Қызылорда облыстық мәслихатының шешімімен Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне үлес қосып, қайраткерлік қарым-қабілетімен, даналық қадір-қасиетімен, парасаттылығымен та­­нылған ардақты азаматтарымызға Қы­зыл­орда облысының «Құрметті азаматы» атағы беріліп отыр.

Құрметті зиялы қауым!

Бүгінгі мемлекеттік наградалар иелері мен Құрметті азаматтарымыздың марапаттары құтты болсын деп, өздеріне және әулеттеріне зор денсау­лық, бақыт, жаңа табыстар тілейміз!



НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 желтоксан 2019 г. 361 0