Шыны зауыты шілдеде іске қосылмақ

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев пен «Orda Glass» ЖШС басқарма төрағасы Ержан Сағымбаев шыны зауытының құрылысы туралы хабарлады.

Шыны зауыты алдағы жылдың шілде айында іске қосылатын болады. Бүгінде зауыттың құрылысын қытайлық «China Triumph Inter­national» компаниясы жүргізуде. Жобаның құны 42,1 млрд теңгені құрайды. Зауыт іске қосылса, жылына 197 мың тоннадан астам табақша шыны шығармақ.

– Зауыттың монтаждық жұмы­сы қараша айында басталды. Жұмыс қарқынды жүруде. Барлық қондырғылар мен жабдықтар Еуропа елдерінен әкелінуде. Ең бастысы, шыны өндірісіне қажетті шикізат өнімінің 97 проценті өзімізден табылуда. Зауытты пайдалануға беру мерзімінің кешіктірілуі алдыңғы бас мердігердің ақаулы жұмыстарының жойылуына, сондай-ақ, жоба серік­тестері арасында туындаған дау­лы жағдайларға байланысты болды. Бүгінде бұл мәселе шешімін тапты, – деді «Orda Glass» ЖШС басқарма төрағасы Ержан Сағымбаев.

Қазіргі таңда индустриялық аймаққа бюджет қаражаты есебінен барлық қажетті инфрақұрылым желілері тартылған.  Газ,  су, электр желісімен толық қамтылған. Теміржол тұйығы да жүргізілуде.

Айта кету керек, құрылыста 200-ден астам адам еңбек етуде. Алдағы уақытта жергілікті мамандарды тәжірибе алмасу мақсатында шет елдерде оқыту жоспарланып отыр.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 желтоксан 2019 г. 239 0