Жеке қабылдау: тұрғындарды көбіне не мазалайды?

Бүгін облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Тұрғындар жолдаған сауалдың басым бөлігі тұрғын үй, әлеуметтік көмек, жұмыссыздық, денсаулық, білім салаларына қатысты болды, - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен. 

Облыс әкімінің бүгінгі қабылдауына 40-қа жуық азамат келді. Тұрғын үй кезегіне тіркелмей, баспана сұрап келген азаматтарға кезекке тұру заңдылығы түсіндірілді. Пәтер белгіленген ережеге сәйкес реттілігімен, кезең-кезеңімен берілетін болады.

Сонымен қатар, аймақ басшысы жұмысқа орналасу мәселесі бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысына, жұмыссыз азаматтарды тіркеп, тиісті жұмыс жүргізуді тапсырды.

Бүгінгі қабылдауға облыс әкімінің гранты бойынша білім алып жатқан жастар да келді. Олардың бірі - Ақжайық Тәжі. Анасы Баян Жайбергенова аймақ басшысына алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Ақжайық қазір Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да педагогика және психология мамандығы бойынша білім алуда. Аймақ басшысы грант иегерлерін жұмыспен қамту мәселесі де назарында болатынын айтып, студентке оқуын жақсы бітіріп, білікті маман болуына тілектестігін жеткізді.

Айта кетейік, соңғы үш жыл ішінде облыстағы мектеп түлектерінің 98 пайызы жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарына түсуде. 500 аса жеткіншек Ресей Федерациясы Үкіметінің гранты есебінен Ресейдің жетекші техникалық жоғарғы оқу орындарында білім алуда.


   


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 желтоксан 2019 г. 796 0