Қарды көрген бір мұрат немесе қазақтың бір атауға қатысты бейнелі сөздері

Қар жауған сайын аспанға қарап қиялға берілемін. Осы қар қайдан түседі, қалай пайда болады? Ғылымға жүгін дейсіз ғой. Ғылымның айтқанына қанағаттана алмаймын. Ал, айтсын: «Қар – атмосферадан түсетін әртүрлі пішінді ұлпа мұз кристалдары түріндегі жауын-шашын. Су буының суб­лимациясы нәтижесінде өте шағын (0,1-0,2 мм) кристалдар үлкейіп қар жұлдызшаларына айналады».

Осы жауапқа ризасыз ба? Риза болсаңыз, не түсіндіңіз? Қардың жауын-шашын екенін біз де білеміз, әртүрлі пішінде түсетінін көріп жүрміз. Ғылым екен, қайдан пайда болатынын айтпай ма?

Жоқ, айта алмайды. Бұл – адамзат ғылымы әлі күнге аша алмаған әлем құпиясы. Дұрысырағы, Алланың кереметі.

Сіз қар түйіршіктерінің сан түрлі сурет екенін білесіз. Оны періштелер салады. Әлімсақта Адам ата жерге шығарылғанда шілтендер Аллаға арыз айтыпты деседі. «Уа, Раббым, біз сіздің нәбиіңіз, орынбасарыңыз, мәртебелі Адамның жүзін көріп үлгермедік». Сонда Алла былай бұйырыпты: «Сендер қияметке дейін жерге жауатын әрбір жаңбыр мен қар түйіршігін көктен төмен алып түсесіңдер. Сол кезде Адам ұрпақтарының жүзін көресіңдер».

Алланың бұйрығымен шілтендер жер жаралғалы бері жауған жаңбыр мен қардың әр түйірін жерге алып түсіп, мұнан соң өздері періштеге айналып, қайтадан көкке көтеріліп кетеді екен. Осылайша, бір рет жаңбырдың бір тамшысын не қардың бір түйірін жерге түсірген шілтеннің екінші мәрте кезегі қияметке дейін күтсе де келмейді дейді. Олардың сансыз көп екендігін осы мысалдан білуге болады. Міне, сол кезде қардың түйіршігін жерге алып келе жатып, шілтендер оған өрнек салады екен. Ғалымдар қар түйіршіктеріндегі өрнектердің бір-біріне ұқсамайтындығын көріп, қайран қалған. Бірақ, оның жауабын таба алмаған. Оның жауабын Құраннан жақсы хабары барлар ғана біледі. Ал, біздің ғылым діннен бөлек, сондықтан көп сұрақтың жа­уабын білмейтіні анық. Құранның мұндай қиссаларын ертегі санайтын оқымыстылар түбінде осы шындыққа амалсыз бас иеді.

Оның ақиқаты да әрине, Аллаға аян, біздің айтпағымыз қар жайында.

Қазақтың табиғи құбылыс­тардың ішінде жауған қарға байланысты айтқан бейнелі эпитеттері – нәзіктікті, мамықтықты, сүйкімділікті оған салыстыра сөйлеуі халқымыз­дың эстетикалық танымның жоғарылығын көрсетеді. Халық түсінігінде де қар жауса ауа тазарып, ауру-сырқау жойылып, жердің құнарлануына ықпал болатынын дәйектейтін деректер көп-ақ.

Сондықтан қар халық танымында тазалық, пәктік, нәзіктік нышаны ретінде бейнеленген. Қазақ аузында бір ғана осы қарға қатысты қаншама атаулар барын білесіз бе? Тізбелеп шығайық па, сөйтейік:

Ақ қар – жаңа жауған тап-таза қар.

Ақша қар – жаңа жауған ұлпа қар.

Алақанат қар – бір жерде бар, бір жерде жоқ, бір жерде жұқа, бір жерде қалың қар.

Жапалақ қар – түйіршіктері ірі-ірі қар.

Көбік қар – жаңа жауған құрғақ, үлпілдек жұмсақ қар.

Күпсек қар – қалың жауған ұлпа қар.

Үлпілдек қар – өте жұмсақ, үлбіреген жаңа жауған қар.

Күртік қар – нығыздалған, соқталанған қар немесе қар үйіндісі.

Омбы қар – белуарға дейін қалың түскен күртік қар.

Қасат қар – ұзақ жатқан, қатып қалған қалың қар.

Қиыршық қар – жентектелген түйіршік қар.

Қырбық қар – ұшқындап жау­ған, жұқа қар.

Сонар қар (қансонар) – алғаш жауған қар.

Ұлпа қар – жаңа жауған жұмсақ қар.

Үрме қар – жел үрлеп тығыз­дап тастаған қар.

Үлпек қар – жеңіл, ұлпа қар.

Кебіс басы қар – жұлықтан аса жауған, тобыққа таяу, кебіс батарлық қар қалыңдығын нақтылайтын халықтық өлшем.

Еспе қар – ақпа, сусымалы, бос, борпылдақ қар.

Сіреу қар – тізеден келер тұтас қар.

Мамық қар – жұмсақ, үлбіреген қар.

Мұздақ қар – үстін мұз торлаған, көкшіл түсті, беті жылтыр сырғанақ қар.

Сүрі қар – ерте түсіп ерімей, қыс бойы қалыңдаған, тозаң топырақ сіңіп беті күлгін тартқан нығыз қар.

Жылбысқа қар – ери жауған қар.

Қайран, қазекемнің осынша атауды қалай тауып қойғанының өзі бір тамаша. Бірақ, сол қар кеткенше, жер құрғап кепкенше, шуақты көктем жеткенше тағы да асығатынымыз бар. «Қара жерге қар жауар, қарды көрген бір мұрат, қара жерден қар кетер, жерді көрген бір мұрат» деген мақалымыз да бар. Сөйтіп, көктен көктем келгенше мойыншалғыға ғана емес, сағыныш сезіміне де оранып жүреміз.

Бірақ, қардың көңіл күйіңіз бен денсаулығыңызға қыруар пайдасы бар екенін де біле жүріңіз. Тіпті, күртік қарды «күрс-күрс» еткізіп басып бара жатқандағы аяқтан шыққан дыбыстың өзі жүйкеңізді жайландырып, қан айналысыңызды реттейтін емдік қасиетке ие. Мұны дәрігер ғалымдар айтып отыр.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 қаңтар 2020 г. 2 089 0